ҰБТ-дан сүрінбей өткің келсе…

Қадірлі қарындас, ізетті іні! Бітіруші түлек! Сіздің қазіргі қал-жағдайыңызды тілсіз-ақ түсінемін, жүрек лүпіліңізді сеземін. Себебі, сіз аттанғалы отырған «майданға» мен де барғанмын. Рас, ҰБТ – алтын ұясынан ұшпаған бозбала мен бойжеткен үшін оңай сынақ емес.  Болашағыңыздың бір кірпіші осы ұпаймен қаланады.

Күндіз де, түнде де ойлайтыныңыз – ҰБТ. Бұл қобалжу күн, сағат, минут жақындаған сайын үдеп бара жатыр емес пе? Осыған дейін он, жүз рет ойша ҰБТ тапсырып тастадыңыз. Бірде сұрақтардың оңай болатыны, екіншіде, жауап бере алмай қалатындығыңыз көз алдыңыздан өтеді. Әлі баласыз ғой, кейде аз балл жинасам ел не дейді деп ойлайсыз, кейде сыныптастарыңыздың жоғары балын қызғанасыз, олардан озғыңыз келеді. Грантты ұтып алып, мына ауылдан, мына қаладан басқа жаққа кетсем дейсіз. Армандарыңыз бар. Тағы да… Тағы да ата-анаңызды ойлайсыз. Қолыңыздағы барды жоғары ұпай үшін бере салуға даярсыз. Соңғы мүмкіндіктің бәрін де пайдаланып қалғыңыз келеді.

Ендеше, бір кездері «Алтын белгісін» абыроймен ақтап, Қазақстанның ең беделді оқу орындарының бірін қызыл дипломмен бітіріп, арманындағы қызметті атқарып жүрген тілекшіңіздің ақыл-кеңесіне көңіл қойыңызшы…

1.     «Қашқанның дақуғанның да сыйынары – бiр Құдай» дейді сіздің ата-бабаңыз. Тілегін жалғыз Тәңірден тілеген көрегенді аталарыңыз: «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады», «Қажетіңді сұра Ұлы Алладан, Сұрағаны берілмеген бар ма жан?!» деп те айтып кетті.

Ал сені бәрінен де артық жақсы көретін Алла Тағала аяқ киімнің бауына дейін сұрауға рұқсат берді. Құлым маған қол жайып, дұға тілесе, Мен оны бос қайтаруға ұяламын дейді.«Сен маған қарай жүрсең, Мен саған қарай жүгіремін»‒ деген аса Мейірімдінің, ерекше Қамқордың кеңшілігін сипаттауға шама да, сана да жетпейді. Ендеше, жақындай түс, Жаратушыңа! Оғана қарай жүгір! Қажетің мен уайымыңның дауасын Жалғыз Алла Тағалағана береді. Ол сенің ерініңнің қыбырлағанынан ғана емес, жүрегіңнің жыбырлағанынан да хабардар. Не істегеніңді ғана емес, не істейтініңді де біледі. Ол саған күре тамырыңнан да жақын.

2.     Кез келген уақытта сені естиді. Бірде бір кісі Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Расулалла! Раббымыз жасырын дұға қыларлықтай жақын ба, әлде дауыстап шақырарлықтай алыс па?»-деп сұрайды. Ол үндемей қалады. Сонда жауап ретінде мына аят түседі: «Егер сенен пенделерім Мен жайында сұраса, күмәнсіз, Мен өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, сұраушының тілегіне жауап беремін. Тура жолмен жүру үшін олар да маған жауап берсін (бұйрығымды орындасын) және Маған сенсін». («Бақара сүресі, 186-аят). (Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ҚМБД тарапынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабынан, 47-бет). Алламен жақынырақ танысу, Оның разы болатын істерін жасау арқылы Жаратушыңа жақындай түс. Ол саған тек қана жақсылықты қалайды.

3.     Әр күні дұға қабыл болатын уақыттарда Алла Тағаладан екі дүниеңе қайырлы болатын ұпайды сұрауды әдетке айналдырыңыз. Дұға қабыл болатын уақыттар: намаздағы сәждеде, намазда сәлемнің алдында, парыз намаздардан кейін, түннің үштен бір бөлігінде, таң намазынан кейін, таң атуға жақын уақытта, азан мен қаматтың арасында, садақа берген соң, жаңбыр жауып тұрған уақытта, жұма күні күн батар алдында, жолаушы сапарда жүрген уақытта және ең бастысы – ауыз ашу алдында дұғалар қайтарылмайды.

4.     Дұғаны Алланың есімдерін ортаға қою арқылы жасаған абзал. Мысалы: «Я, Кешірімді Алла, Сен кешірімді жақсы көресің, мені кешір!» Сондай-ақ, Алла Тағаланың «әр-Рахман (Аса Мейірімді), әр-Рахим (Ерекше Рақымды), әр-Рауф (Мейірбан), әл-Мужиб (Жауап Қатушы), әс-Самиғ (Естуші) т.б. ), Зул жәләли уәл икрам (Даңқ пен құрмет Иесі), әл-Хайй (Тірі), әл-Қайюм (Тұрғызушы), әл-Уаххаб (Сый беруші) есімдерімен дұға тілеңіз. (Алла Тағаланың басқа да есімдерін қараңыз). Сондай-ақ, ата-ананың баласына жасаған дұғасы қайтарылмайды. Ата-анаңызды ренжітетін істерден аулақ болып, барынша разы етуге тырысыңыз.

5.     Алла Тағала Құранда«Әй мүминдер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге» деген. («Бақара» сүресі, 153 аят). Алдын-ала тапсырылған тест қорытындыларына бола еңсеңізді түсірмеңіз. Үмітіңізді үзбеңіз. Сабыр сақтап, нәтижені Аллаға тапсырыңыз. Намазға ықтияттылық танытыңыз. Намаз –  Алладан тілек тілеудің көпірі, күтпеген жерден береке есігін ашушы. Жаратушымен сәждеде  сырласаңыз. Түнгі намаздағы тілектер қайтарылмайды. Маңызды сынақтар алдында истихара намазын (көмек сұрау) оқуды әдетке айналдырыңыз.

6.     Егер Алла Тағала сіздің қажетіңізді өтеп, жәрдем берсін десеңіз, сіз бүгін біреуге жәрдем беріңіз. Жолыңыз ашылып, сәттілік пен бақ қонсын десеңіз Алла разылығы үшін садақа беріңіз. Шын ниетпен, бір Алла үшін берілген 20 теңгенің өзі сансыз сауаптарға жеткізуі мүмкін. Қаражат жеткілікті болған жағдайда, ата-анаңыздан бір Алла үшін құрбан шалуды сұраңыз. Себебі, Алла Тағала бір өзіне құлшылық жасап, ізгі амалдарға талпынған құлын жақсы көреді, сұрағанын береді.

7.     Барлық нәрсенің Иесі болған Алла Тағаланың ашуын шақыратын істерден аулақ болыңыз. Сіз қазір жоғары балға өте мұқтажсыз. Сондықтан,  кез келген сәттілік әкеледі деп естіген нәрсеңіздің соңынан еріп кетуге әзірсіз. Ойламаған нәрсенің өзі Алла Тағаланың қаһарын оятып, жазасына ұшырап қалуыңыз әбден мүмкін. Әсіресе, Алла Тағала кешірмейтін ең үлкен күнә – серік қосудан бойыңызды аулақ ұстаңыз. Асылында, серік қосу дегеніміз — адамды бəле жаладан қорғау, береке əкелу, жетістікке жеткізу, бала беру, жолын ашу, қайсардай қуат беру, тіл көзден сақтау, шипа беру сияқты құдіреттер «Алладан өзгенің де (адамның, заттың, табиғи құбылыстың, сөздің) қолынан келеді» деп сену. Сіздің тағдырыңыз Алланың ғана қолында. Алладан өзге ешнәрсе: шүберек болсын, тас болсын, сүйек болсын, от болсын, мүсін болсын тағдыр мен несібеге иелік етпейді. Ал кейбір жандар асығыстық танытып, болашақты білу үшін немесе жол аштыру мақсатында бақсы-балгерге барып жатады. Мұның да жол ашуға себеп болатын емес, керісінше, сәтсіздікке ұрынар күнә екенін есіңізден шығармаңыз. «… Болашақты болжау, балгерлікпен айналысу, құмалақ ашу, өлілерге табынып, олардан қажетін сұрау, әр нәрсені киелі тұтып сиыну, табыну үдерістері мұсылманшылыққа жат қылықтар». (Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен ҚМБД тарапынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабынан, 26-бет).

8.     Әлі есімде, менің көрші сыныптасым болатын. Мектепте тапсырылған тестілеу нәтижесінде үнемі 100-ден жоғары ұпай жинап жүретін. Күндердің күнінде отбасы мүшелерімен көрші ауылдағы қабір басына баруға дайындалды. Мені де өздерімен бірге баруға шақырды. Ол кезде мен үнемі Аллаға дұға жасап жүретін болғандықтан, Алланың дұғамды тікелей қабылдайтындығына сендім де, бас тарттым. Олар кетті. Келгеннен кейін аз уақыттың ішінде ол үйдің тұрмысы ғана емес, сыныптасымның көрсеткіші де тым төмендеп кетті. Нәтижесінде, бар болғаны 51 балға ие болды. Ал мен Алла Тағаладан үнемі маған бар болғаны 112 балл берші деп жалына сұрайтынмын. Сенесіз бе білмеймін, ешбір адамның көмегінсіз, бір Алланың қолдауымен тұп-тура 112 баллға ие болдым. Ондай көрсеткішті сынақ (пробный) тестілеулерінде мүлде жинап көрмеген болатынмын.

Иә, бауырым! Сенің дұғаң ешбір көмекшінің қатысуынсыз, қасиетті қабірдің басына бармастан, кез келген орында қабыл болады. Шама-шарқыңша дайындал, оқы, жатта! Сонан кейін бір Аллаға тәуекел ет (ісіңді тапсыр). Өйткені – әрекет сізден, берекет – Алладан. Жоғары ұпай аспаннан жаумайды. Жоғарыда аталған, Аллаға ұнамды амалдарды дұрыс жасаған болсаң, Алла қаласа, бәрі де жақсы болады.

Жас түлек, ҰБТ деген мына қамшының сабындай қысқа ғұмырда өмірдің тоқтауына себеп болатын қасиетті сынақ емес. ҰБТ – жай ғана бір баспалдақ. Өтсеңіз, жақсы, өтпесеңіз, ешкім сізді өмірден сызып тастамайды. Жыл сайын Қазақстанда 100 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді, мәселен, былтыр оның 92 077-сі ҰБТ тапсыруға өтініш берді, оның ішінде тек 30-40 мыңы ғана грантты жеңіп алды. Сіздіңше, қалған оқушылардың бәрі өлді ме? Олардың өмірі тоқтап қала ма? Жоқ. Олар дәл қазіргідей екі аяқ, екі қолмен өмір сүре береді және грантқа түскендерден мың есе бақытты бола алады.  Сіз ел секілді 100-120 балл жинай алмасаңыз, кінәлі емессіз. Бұл – тағдыр. Қайырлысы солай болып тұр. Оның артында сөзсіз бір жақсылық бар. Ол жай ғана балл, сан ғой. Аяғыңыз немесе қолыңыз жоқ болса, көзіңіз көрмесе, құлағыңыз естімесе не істер едіңіз? Ата-анаңыз, бауырларыңыз жоқ болса қалай болмақ? Қажетті балыңызды жинай алмасаңыз да, сіз миллиондаған адамдардан әлдеқайда бақыттысыз. Осыны ұмытпаңызшы..

Аңсар Әли