ҮЕҰ ӨЗБЕКСТАНДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің тапсырысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Қауымдастық түріндегі «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі «Азаматтық қоғамды дамытудағы диалог алаңдарының рөлі: халықаралық тәжірибе»  атты жоба іске асырылады.

Өзбекстандағы ШЫҰ халықтық дипломатия орталығының ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсына еліміздің үкіметтік емес ұйымдарын өзара тәжірибе алмасуға арналған шараға шақыртуымен Ташкент қаласына 18-19 желтоқсан күндері іссапарға келдік.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүше мемлекеттер мен бақылаушылары арасындағы тату көршілік қатынастарды, сенімді және достық байланыстарды нығайтуды, сондай-ақ аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатын көздейді. ШЫҰ үлкен әлеуетке ие бола отырып, Еуразия құрлығында жаңа үлгідегі ынтымақтастықты құруда маңызды роль атқарады. Осы ретте, 2018 жылы Өзбекстанда президент Ш.М. Мирзиёевтың бастамасымен ШЫҰ халықтық дипломатия орталығы құрылған. Орталық өз жұмысын бастаған күннен бері ШЫҰ-на мүше елдердің үкіметтік емес ұйымдарымен екіжақты және көпжақты ынтымақтастық орнату бағытындағы жүйелі шараларды жүргізіп келеді. Басты назарда — халықтық дипломатия механизмдерін белсенді қолдана отырып, халықтар арасындағы өзара түсіністік, сенім мен достық қарым-қатынасты арттырудағы гуманитарлық ынтамақтастықты дамыту.
Бұл басқосу Самарқандта өткен ШЫҰ саммиті қорытындысымен қабылданған «2023-2027 жылдарға арналған ШЫҰ мүше елдерінің ұзақмерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастықты арттыру жөніндегі кешенді жоспары» аясындағы халықтар дипломатиясының мәдени-гуманитарлық диалогін орнату, консультациялық кездесулер өткізу, бірлескен шараларды талқылап, алдағы міндеттерді айқындауға арналмақ.
turaninfo.kz