ҮЙГЕ КІРСЕҢ ТАЯҚ ЖЕЙСІҢ
Алыстан ат артып іздеп келген құрдасы үй иесіне:
– Ассалаумағалейком! – деп сәлем берді. Үй иесіне:
– Уағалейкумассалам. Аттан түс, құрдас. Қонағым бол. Бірақ алдын ала айтып қояйын, үйіме кірсең боқ жейсің, – депті. Мына сөзді естіген құрдас атының басын бұра жөнеліпті.
Араға алты жыл салып әлгі атты құрдас тағы соғыпты. Бірі-біріне өкпесі өтпейтін қос құрдас тағы амандасыпты.
– Аттан түс, құрдас, қонағым бол. Бірақ алдын ала айтып қояйын, үйіме кірсең таяқ жейсің депті. Мына сөзді естіген құрдасы тағы жөнеп береді.
Арада тағы біраз жылдар өтіп, атты құрдас тағы келіпті. Үй иесі сәлем берген құрдасты аттан өзі қолтықтап түсіріп, үйіне кіргізіп, төріне оздырыпты. Астына құс мамық, қолтығына қос жастық тастап құрметтеп күтіпті. Өңшең сыпай жігіттер қолына су құйып, табағын тасып, етін турайды. Қырмызы қыздар қымыз құйып ән салып, би билеп қонақтың көңілін көтереді. Үй иесінің мына мырзалығына таң қалған құрдасы:
– Сені іздеп екі келгенде ат үстінен қайтып едім. Бұл жолғы күтісіңе разы болып отырмын, – дегенде, үй иесі:
– Құрдас, бірінші келгеніңде «боқ жейсің» дегенім мына жүрген балаларымның барлығы тым жас еді. Бірі бесікте, бірі есікте былғанып жататын. «Боқ жейсің» дегенім сол еді. Екінші келгеніңде осы балаларымның аяғы шыққан тынымсыз шақтары еді. Топырлаған баланың бірі байқаусызда теуіп кетеме деп алдын ала «таяқ жейсің» дегенім рас. Енді міне сол балаларымның барлығы ер жетіп, екеумізге қызымет етіп жүгіріп жүр. Айналайын, ақ құрдас, астарлап айтсамда кеудеңнен итергендей болдым ба деп қиналып жүр едім. Сені енді айналып келсе айыбымды жуармын деген сөзім де бар. Астыңа ат, үстіңе шапан жаптым! – деген екен.
Қазақта қайтарымсыз дүние жоқ. Кісіге өткен сөздің де, істің де түбі бір қайыры бар. Қазақ ондайды қалт жібермейді, ешқашан ұмытпайды да.
Айтылған астарлы сөз қатты тисе де атты құрдастың сөз салмағын түйсініп, осы үйде бір ақысы барын сезініп айналып соғып отыру да жайдан-жай емес. Үй иесі де мұндай жүйрік оймен сөз толғап құрдастың ренішін тарқатып, айбын жуып отыр. Әрі мынадай керемет әңгімені тыңдап отырған үй иесінің балаларына берерін айтыңыз.
Бұл әңгімеде қос құрдас та ұтылған жоқ. Бірінің жаны жай, екіншісінің қанжығасы май болып көңіл демдескені көрініп тұр……………
Тойкенов Айдар Темірбекұлы
Online Qazaqstan