ҰЙҒЫР АУДАНЫНДАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ӨМІРІН САЯСИЛАНДЫРМАЙЫҚ!

Қарадала өңіріне гастрольдік сапармен жиі барамыз! Соның бірінде мектептің кішкентай ғана баласы маған сұрақ қойды.
— Рамазан аға, Ұйғыр ауданының атын қашан өзгертесіз?…
Маған дәл осындай сұрақ қойылар деп ойламап едім. Әлгі бүлдіршіннің көзінде мөлтілдеп жас тұр. Ауданның атының ауысуын бесіктен белі шықпаған бала аңсаса, жетіскен екенбіз дедім іштей.
Баланың көңілін алдап, шама-шарқымша жауап та бердім.
Тәуелсіз елде 30 жыл өмір сүріп, өз ата-бабамыз найзаның күшімен қорғаған жердің суын ішіп жүріп, сол балалардың балалық балғын шағын саясиландырып жіберу қаншалықты әділетті? Азат елде тұрып, ол баланың әлгі тілегін естудің қандай ауыр екенін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол күйді сезінген адам 30 жылдан бері ауданның атын ауыстырмай, қаншама ұрпақтың болашаққа деген сеніміне балта шапқанымызды шын түсінер еді.
Ұрпақтың санасына туыс этнос Ұйғырдың ауданында емес, қазақтың төл жерінде жүргенін сезіндіре алмасақ, мынау тәуелсіздіктің құны қайсы?
Кешелі бері Ұйғыр ауданының атауын Қарадала деп өзгерту керектігі жайлы мәселелер көтеріліп жатыр.
Мен бұл мәселені балаларымыздың балалық өмірін әрі қарай саясиландырмау үшін қолдаймын! Осы сөзім ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жетуі үшін жазбамды бөлісіп жіберулеріңізді сұраймын!
Рамазан Стамғазы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері