Үйленген кезімде қандай жақсы еді! Ал қазір ше?

    Бір қарапайым отбасы болады. Күйеуі, әдетте демалыс күндері теледидар көруден қолы босамайды. Әйелі кешкі асты әзірлеп, тамақ үстінде: «Ешнәрсе істемейсің, ақша аз табасың…» — деп құлақ құрышын жей берген соң кісі ашуланып үйінен шығып кетеді. Кетіп бара жатып: «Үйленген кезімде қандай жақсы еді! Ал қазір ше? Қазір қандай? Маған ақыл айтуын көрмеймісің» — деп ойлап қояды.

Осындай сүреңсіз, беймаза күндерден әбден шаршаған кісі бір күні оңаша қалған уақытында: «Күнде ұрыс-керіс. Сондағы ұрсатынымыз болмашы нәрселер. Бір нәрсе жасамасам болмайды» — деп ойланып: «Я, Аллам! Әйелім екеуміздің бақытты өмір сүруімізге, сүйіспеншілігімізді арттырып, тату болуымызға көмектесе гөр! Мен де өзгеруге бар күшімді саламын» — деп жалбарынады.

Арада біраз уақыт өткенде кісі әйелінен өзгерістер байқағандай болып қайта-қайта қарағыштай береді. Күйеуінің мұнысына түсінбеген әйелі де: «Оған не болған? Ұнамай тұрмын ба? Әлде киімім кір болып қалды ма?» — деп ойлап, өз-өзіне көңіл бөле бастайды.

Күйеуі: «Міне, нағыз әйел! Тамағым дайын, үйім таза, кірім жуулы. Бұрынғыдай ызыңдауды да қойды. Оған не болған? Расында, Аллам менің дұғамды қабыл еткен сияқты. Мұндай әйелге лайық болу үшін мына жатысым жарамас » — деп ол ойлап, тынбай еңбектеніп бар тапқан таянғанын әйеліне әкеліп беретін болды. Әйелі де жарына риза болып, үйге бар керек жарақты әкеліп, жүзі бал-бұл жанып сала береді. Содан кейін екеуі әрдайым сыйластықта, тату-тәтті өмір сүретін болыпты.

 

0 ПІКІР