Үйлері су астында қалған ақтөбеліктер Сапарбаевпен жылап көрісті
Ақтөбедегі төтенше жағдайға байланысты еңбек демалысын тоқтатқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев су астында тұрған үйлер мен мектепте паналап отырған халықтың жағдайымен танысты.
Жергілікті биліктің əрекетіне көңілі толмайтынын айтқан тұрғындар Сапарбаевтан араша сұрады. Ашынған халық өздері жасап қойған бөгеттерді суретке түсіріп, көмектесеміз деп кетіп қалатын құтқару қызметінің əрекетін айтты.
«Бердібек аға, біздің сізден басқа сенетін адамымыз жоқ. Амалымыздың жоқтығынан саяжайларды паналадық. Ақшамыздың жеткені осы саяжай болды. Біз қайда барамыз? Мектепті қашанғы паналаймыз?! Біздің күніміз əрі қарай қалай болады? Біз сізге сенеміз. Үйі құлаған адамдарға баспана керек», — дейді Айғаным Қанысбаева.
Далада су кешіп жүрген халыққа əкім басу айтып, сабырға шақырды. Еріп жүріп үйлерін аралады.
«Сабырға келіңіздер, ағайындар. Біз табиғатқа қарсы ештеңе жасай алмаймыз. Көмек болады. Арнайы құрылған комиссия барлық шығынды анықтайтын болады. Əр үй жеке тексерілетін болады. Тұрмысы нашар отбасылар мен көпбалалы отбасыларға бірінші көмек көрсетіледі. Барлығы құжатпен жасалынады»,-деді облыс əкімі.
Əкім суға кеткен үйлерді өз көзімен көріп, көмек сұраған халықтың шағымын көмекшілеріне жаздырып алды.