Украина:  «Импичмент!», «Коррупция — өлтіреді!»

Соңғы кездері Украина президенті Петр Порошенконың орынтағы шайқала бастағандай. Қалың жұртшылық ол басқарған биліктің АҚШ ақшасына кезінде көп жұрттың өмірін жалмаған Чернобльде АЭС реакторларының қалдығын жерлейтін қойма құрылысын бастауға рұқсат бермекші болған ниетіне наразылық білдіруде. Бұл наразылық Киевте Одесса облысының экс-губернаторы, Украинаның оппозициялық «Жаңа күштер қозғалысы» партиясының жетекшісі Михаил Саакашвили ұйымдастырған «Наразылар маршына» ұласты. Маршқа мыңға тарта адам қатысты.

Украина президенті Петр Порошенкоға импичмент жариялап, коррупцияға қарсы сот құру туралы Жоғарғы Радаға қойған талаптарды қолдаған шеру Киевтің Михайловск алаңынан басталып, Конституция алаңында аяқталды. Саакашвилидің серігі, Украина бас прокурорының бұрынғы орынбасары Давид Сакварелидзенің журналистерге мәлімдеуінше, егер билік наразылардың талабына құлақ аспаса, онда 3-і желтоқсаннан бастап Порошенкоға «халықтық импичмент» жариялау процесі басталмақ.  Демонстранттар «Импичмент!», «Коррупция — өлтіреді!»— деп ұрандатты.

Демонстранттарды жүздеген полицей бақылап жүрді. Киевтің орталығындағы марш — Саакашвили жақтастарының кезекті акциясы. Олар 17-і қазанда Жоғарғы Рада алдына шатырлар тіккен. Парламенттегі қарсылық акциялары жазда Михаил Саакашвили Петр Порошенконың жарлығымен Украина азаматтығынан айырылғаннан бір айдан соң, жақтастарының қолдауымен Польша шекарасынан елге кіргенде басталған. Бұған дейін демонстранттар Украина билігіне депутаттардың қол сұғылмаушылық құқығын жою, сайлау туралы заңды өзгерту және коррупцияға қарсы сот құру туралы талаптар қойған болатын. 7-і қарашада оған «Украина президентіне импичмент жариялау туралы» заң қабылдау туралы талап та қосылды. Белсенділер талабына жауап ретінде депутаттар Украинаның Конституциялық сотына депутаттардың қол сұғылмаушылық құқығын жою туралы заң жобасын баға беруге жолдап, сайлау туралы кодексті алғашқы оқылымда мақұлдаған. Саакашвили депутаттардың бұл шешімдерін наразылардың «алғашқы жеңісі» деп атап, Жоғарғы Рада алдындағы шатырлар билікке қойылған талаптар толық орындалғанға дейін жиналмайтынын мәлімдеген.

«Коммерсантъ» басылымы: «Украинаның Жоғарғы Радасы Ресеймен арадағы дипломатиялық қатынасқа нүкте қоюды жоспарлап отыр. Дипломатиялық қатынастарды тоқтату пункті мен өкілдіктердің жабылуы Донбассты қайта қалпына келтіру заңнамасына енбек. Рада заңды 16 қарашада қарайды. Бұл түзетудің басында «Ұлттық фронт» пен Ішкі істер министрі Арсен Аваковтың жемқорлықпен айыпталған ұлын қорғай алмаған немесе қолдағысы келмеген президентке берген жауабы»,— деген мәлімет таратты. Бұдан бұрын Украина Ресейдің 10 шақты компаниясына санкция енгізген болатын. Мұның бәрі қос ел арасындағы саяси келіспеушілікті одан әрі шиеленістіріп, текетіресті ушықтырып отыр. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, АҚШ пен Батыс елдерінің салған санкцияларынан есін жинай алмай жатқан Ресейге Украина тарапы сонау 20-ы жылдары орын алған жаппай аштықтан қырылған украиналық құрбандар үшін мол көлемде өтемақы төлеуді талап етті. Ресми Кремльді айтқанына көндіру үшін Украина жағы талап арыздарына БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне қол қойғызып алған деседі.

Сірә, ресми Киевке мұндай қадамға баруға Польша бастаған бірқатар Еуропа елдерінің қазіргі Германиядан екінші дүниежүзілік соғыста фашизмнен тартқан зардаптары үшін милииондаған еуро өтемақы талап еткендігі түрткі салған тәрізді.  Мысалы, Польшаның Қорғаныс министрі Антоний Мачеревич мәселені сөзбұйдаға салмастан: «Германия соғыс кезінде Польшаға келтірген материалдық шығындар мен 1939-1945 жылдары ел халқына қарсы жасаған қылмыстары үшін өтемақыны дереу төлеуі тиіс»,— деп бір-ақ кескен. Еуропарламент төрағасының орынбасары Рышард Чарнецкий болса: «Польша Еуроодаққа мүше болып кірген 2004 жылы бұл мәселе қаралған. Сеймде арнайы құрылған комиссия: «немістер поляктарға 18,2 млрд злота (қазіргі бағаммен 5 млрд доллар көлеміндегі қаржы) төлеуі тиіс»,— деп шешкен, бірақ, ресми шешім қабылдамаған»,— деген еді. Шын мәнінде Варшава ЕО-ға кіргенде, керісінше, кезекті рет: «Берлинге артатын ешқандай өкпе-назымыз жоқ»,— деп мәлімдеген. Поляк жағының талабына ФРГ билігі өкілінің орынбасары Ульрике Деммер: «Польшаға өтемақы төлеу туралы құқықтық жағынан да, саяси көзқарас тұрғысынан да толығымен реттелген. Еске салсақ, Варшава сонау 1953 жылы-ақ Германияға өтемақы жайлы әрі қарай талап қоюдан өз еріктерімен бас тартқан. Германия екінші дүниежүзілік соғыста зардап шеккен елдерге тиесілі өтемақыны шама-шарқынша төлеген, әлі де төлеп келеді.

Бірақ «Судың да сұрауы бар» дегендей, кез келген ел бұдан артықты дәметпесін»,— деп, талап қоюшы тарапқа қатаң түрде жауап беріп те үлгерген. Бундестагтағы ХДС билеуші партияның депутаты Карл-Георг Велльман болса: «1953 келісім халықаралық құқық көзқарасы тұрғысынан міндеттеуші сипатта жасалған. Оның үстіне, Германия жыл сайын Еуроодақ бюджетіне қомақты қаржы салып отырады, одан Польша да дотация алып отыр: мәселен жылына14  миллиард доллар. Германия ылғи да Польша жағында болып келді. Аталған елдің НАТО-ға ғана емес, Еуроодаққа кіруіне де атсалысты. Бұдан Польша ұтпаса, ұтылған жоқ. Ресми Варшава билігі ЕО аясында қазірге дейін 100 миллиард доллар қаржыны қалтасына басты. Енді не керек оларға?»— деп кейістік білдірген–тін. Расында Польша Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесін қорытындылаған Сан-Францисско конференцияның шешіміне қол қоюы арқылы өтемақы талап ету құқығынан айырылған болатын. Польша сарапшылары да: «Мұндай қадам бірден қазіргі Польшаның заңдық мәртебесіне күмән тудырады. Соның ішінде ПХР мен ФРГ арасында шекараның біртұтастығы туралы келісімшартқа да.

Польша өз талабынан бас тартпаса, Германия да сондай қадамға барып, бір кездері Польшаға берілген Шецин, Вроцлав, Ольштын сынды қазыналы өңірлерді кері қайтаруды талап етуі әбден мүмкін ғой. Ендеше, биліктегілер отпен ойнап отыр. Сондықтан, оның Германияға қойып отырған талабы ақылсыздық. Өйткені, неміс жағының мұндай талаптарды қанағаттандыруы екіталай болса, поляктардың Пандор жәшігін ашуы қос ел арасындағы онсыз да қиын қарым-қатынасты толығымен жоюы әбден мүмкін»,— деген пікірге ден қойған. Мұндай территориялық дау-дамай Қытай мен оның айналасындағы елдерде де, КСРО қарамағында болған бұрынғы республикаларда да бар.  Тарихқа жүгінсек, біздің де еуропалықтар мен Ресейге талап қойып отырған Украина сынды Ресейге қояр талаптарымыз жетерлік. Мәселен, 1932-33 жылдары қолдан жасалған жасанды аштықтан халқымыздың тең жартысына жуығы қырылғаны баршамызға мәлім. Тек оны кім талап етеді, оны алдағы уақыттың еншісіне қалдыра тұралық.

Ермек Сахариев