ҒАЗИЗА ЖҰБАНОВА – ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДА

Замана бұлбұлы,қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі,ерекше дарынды тұлға, композитор, Қазақстанның және ССРО-ның халық артисі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор. Қазақтың қазіргі замандық музыкасының негізін қалаушы А. Жұбановтың қызы Жұбанова Ғазиза Ахметқызы (1927 — 1993)  өмірдерегінен  «Бір үзік сыр».

Selected-6Композитор, Қазақстанның және ССРО-ның халық артисі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор. Қазақтың қазіргі замандық музыкасының негізін қалаушы А. Жұбановтың қызы. Гнесиндер атындағы Мәскеу музыкалық училищесін, П. И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын, профессор Ю. А. Шапориннің композиция класын бітірген. Жұбанова — өзін ұлағатты ұстаз ретінде танытқан тұлға. Оның шәкірттері — Е.Серкебаев, С.Кабирова, Т.Мұхамеджанов және т. б. Консерватория ректоры ретінде ол ұлттық кадрлар — музыкант- орындаушылар мен музыкатанушылардың қалыптасуына ықпал етті. Олардың бірнешеуі әлемдік атаққа ие болды. Мысалы, А.Мұсаходжаева, Г.Мырзабекова, Г.Қадырбекова, Ж.Әубәкірова, Т.Әбдірашев  және тағы басқалар. Жұбанованың ықпалымен музыкалық мектептер құрылды, фольклор және композиторлық шығармашылық мәселелері бойынша диссертациялар қорғала бастады.  1988 жылы Ғазиза Жұбанованың әкесі Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебінде мектеп оқушыларынан құрылған ішекті аспаптар квартеті дүниеге келді. Өнерлі жастарға Ғазиза апамыз  ерекше қамқор бола алды. Талант иелерінің шеберлігі өсе келе Ғазизадай дара тұлғаның атын квартетке беруді шешті.  «Ғазиза Жұбанова «атындағы мемлекеттік  ішекті аспаптар квартеті  бұл күндері  аттары әлемге мәшһүр, әлемдік деңгейде жоғары баға алған өнер шеберлері, еліміздің мақтанышына айналды.

Жұбанова — өзінің талантын барлық жанрда танытқан шығармашылық диапазоны кең композитор. Оның музыкасы республикадан тыс жерлерде де жақсы танымал. Ол – үнемі ізденіс үстіндегі суреткер болды. Ғ.Жұбанованың музыкасы арқылы қазақ музыка мәдениеті басқа халықтарға белгілі болды. Ол — «Батырлық поэмасы» симфониялық поэмасын, «Жігер» симфониясын, «Еңлік- Кебек», «Жиырма сегіз» операсын, «Ақ құс туралы аңыз» балетін, кантаталар, романстар, эстрадалық музыка, театр мен киноға арналған музыкалар жазды. Олардың барлығын музыкалық ойлау жүйесінің біртұтастығы, нақтылықтан жалпыға біртіндеп көшу, вокальды орындаудан аспапты орындауға ауысу, сезімнің көрнектілігі, тақырыптық материалдың ашықтығы, ұлттық бояу, ауқымдылық, эпикалық кеңдік және музыкалық образдардың қарама — қайшылықты мінездері біріктіреді.