Ұлан Байжанов: Погон таққан адамдар жайлы қалыптасқан пікірді өзгерткіміз келеді
Құқық қорғау органдары академиясының ректоры – жаңа көзқарастағы қызметкерлер, жол қауіпсіздігі тұжырымдамасы және хаб құру жоспары жайында.
Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау академиясының құрылғанына бір жылдан асты. Осы уақыттан бері Қазақстан қалаларындағы жылдамдық режимін өзгерту жоспарланып отырғаны туралы жаңалық тарағанға дейін журналистер де, қоғам да оның қызметіне қызығушылық танытқан жоқ. Түрлі жаңашылдықтардан шаршаған жүргізушілер жылдамдықты сағатына 50 километрге дейін шектеу туралы хабарды жақтырмай қабылдады. Академияның бүгінгі күнге дейін бар жасағаны осы ұсыныс қана ма? Осы және басқа да сұрақтарға Today.kz сұхбатында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ұлан Байжанов жауап берді.
– Ұлан Сапарұлы, академияның жұмысы туралы барлығы біле бермейді, оның қызметі туралы айтып берсеңіз. Бұл жерде кімдер оқиды? Ең бастысы — не үйренеді?
– Академия үш институттан тұрады (ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және кәсіби деңгейді арттыру институты, стратегиялық даму және ақпараттық технологиялар институты – автордың ескертуі). Солардың бірінде құқық қорғау органдары қызметкерлерін магистратура, PhD докторантура, сонымен қатар біліктілікті арттыру және арнайы бастапқы білім беру бағдарламалары бойынша оқытады. Бұдан бөлек академияда президенттік резервте тұрған құқық қорғау органдарының басшылары арнайы курстардан өтеді. Академия тыңдаушылары – прокуратура, экономикалық тергеп-тексеру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметтерінің қызметкерлері. ІІМ-де өзінің ведомстволық академиялар жүйесі бар, дегенмен полицияның басшылық құрамына келетін болсақ, оның өкілдері бізде білім алады. Құқық қорғау қызметі саласындағы зерттеулерге ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Назарбаев Университеті, РФ Бас прокуратурасының Академиясы сияқты жетекші ғылыми-білім беруші ұйымдармен, сондай-ақ Германия, Ұлыбритания, Израиль, Түркия, Оңтүстік Кореяның мамандандырылған жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатылды.
«Біздің әріптестеріміздің арасында тамаша адамдар көп! Барлығына бірдей күйе жағуға болмайды»
– Жақында Сіз құқық қорғау органдары үшін кадрларды даярлау жүйесінің реформасы туралы ұсыныстарды алға тарттыңыз. Оның мәні неде?
– Бұл бастама «Мамандыққа жолдама» жобасының мәнін ашып көрсетеді. Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму елдерінің заңгерлерді даярлау тәжірибесін зерттедік. Олардың талаптары тым қатал екені белгілі. Сонымен қоса отандық заңгерлік білім берудің қазіргі жай-күйіне аналитикалық зерттеу жүргіздік. Академия құқық қорғау органдары үшін кадрларды даярлау жүйесін реформалаудың тұжырымдамалық жаңа әдістерін әзірлеуде. Ол қызметті атқаруға дайын жас мамандарды шығаруға мүмкіндік береді. Академия енгізіліп жатқан өзгерістердің негізгі буынына айналады.
Кадрларды даярлаудың жаңа моделі («специалитет» немесе «заңгерлік интернатура») екі жылға арналған. Оқудың бірінші жылы арнайы пәндерге, екіншісі – прокуратура, экономикалық тергеп-тексеру қызметі, Ұлттық бюрода тәжірибеден өтуге арналатын болады.
Кандидаттарды іріктеу кезінде беделді қызметкердің (саяси немесе мемлекеттік қайраткер), алдағы уақытта тәлімгердің ұсыным хаты — міндетті талаптардың біріне айналады. Мұндай талаптар судьялық корпусқа, президенттік резервке және А корпусына үміткерлерге қойылады. Оқыту екі бағыттан тұрады. Біріншісі – кәсіби білімді толықтыру және жетілдіру. Ал екіншісі – тұлғалық құзыреттілікті дамыту, озық ақпараттық технологияларды пайдалана отырып коммуникативті дағдыларды, шешендік қабілетті бойға сіңдіру. Оқу аяқталғанда академия түлегіне дипломға міндетті қосымша ретінде құзыреттілік төлқұжаты беріледі. Мұнда қызметкердің жан-жақты мінездемесі және жұмысқа ұсыныстары жазылады.
– Жас қызметкер — заң факультетінің түлегі қызметке енді ғана орналасып, бірден сіздерге оқуға келеді. Не үшін? Ол университетті жақында ғана бітірді ғой, неге бірден жұмысқа кіріспеске?
– Құқық қорғау жүйесі ерекше. Әдетте қалай болып жатады: жас маман жұмысқа келеді, онымен ешкімнің шаруасы жоқ, барлығы өз жұмыстарымен әуре, ал жаңадан келген қызметкерге сотқа барып мемлекетті айыптауға қолдау көрсету қажет. Ол қателіктер жіберуі мүмкін ғой.
Бізде әрбір екінші жоғарғы оқу орны заңгерлерді даярлайды, Қазақстан 100 тұрғынға шаққандағы осы сала мамандарының саны бойынша бірінші орынды алып отыр. Бұл жердегі басты сұрақ – оларды кім оқытып жатыр?
– Демек, азаматтық жоғарғы оқу орындарындағы білім беру сапасы күмән тудырған соң, сіздер оңашаланып, академияның күшімен жаңа көзқарастағы қызметкерлерді тәрбиелеуді жөн көрдіңіздер?
– Жоқ, олай емес. Біз әріптестерімізбен бірге түрлі білім беру мекемелерінің тәжірибесімен танысып жатырмыз. Жақында ҚазМЗҰ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық – оның сот сараптамасы институтының базасында сабақтар өткізетін боламыз; ҰҚК Академиясымен тығыз қарым-қатынас жасаудамыз – олардың оқытушысы террористермен келіссөз жүргізу тактикасы бойынша дәріс оқиды; Назарбаев Университеті, Ұлттық қорғаныс университетімен бірге жұмыс жасаймыз – біздің тыңдаушыларымыз бұл заманауи жетекші оқу орындарының құрал-жабдықтарын пайдалана алады, әрі ол жерлерде сабақ беретін шетелдік сарапшылардың дәрістерін тыңдай алады.
– Сіздің сұрағыңызды өзіңізге, бірақ академияға қатысты етіп қойғым келіп тұр. Оларды кім оқытып жатыр? Практика жағына ерекше мән беріп отыр екенсіз, оқытушылар арасында танымал практиктер бар ма?
– Ия. Біз тәжірибелі, білікті мамандарды, соның ішінде мемлекеттік органдардың басшыларын тартып отырмыз. Мысалы, ҰҚК басшысының орынбасары Нұрғали Білісбеков, Мемлекеттік кірістер комитетінің бұрынғы төрағасы, қазіргі ҰҚК төрағасының орынбасары Дәулет Ерғожин, бұрынғы Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәуле Айтпаева, Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Марат Шайхутдинов пен тағы бір орынбасары Азамат Әбдімомынов және танымал коуч-тренерлер тұрақты түрде шеберлік сыныптарын өткізеді. Солармен қатар Еуропа Одағының «Қазақстанда қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» жобасының аясында тартылған британдық мамандар сабақ береді.
«Кандидаттарды іріктеу кезінде беделді қызметкердің ұсынымы міндетті талапқа айналады»
– Соңғы кездері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бойында көшбасшылық қабілеттерді қалыптастыру қажеттігі туралы көп айтылады. Қоғамда прокурор/полиция/Ұлттық бюро немесе экономикалық тергеп-тексеру қызметі қызметкерінің онша жағымды емес бейнесі қалыптасқаны жасырын емес. Олар leadership бойынша курстарға барып, асқан сенімділікке ие болса, онда не болатынын елестету қорқынышты.
– Осы жерде келесі мәселеге тоқталғым келіп отыр. Бұл курстардың негізіне мүлдем басқа нәрсе салынған. Менің ойымша, көшбасшылардың болуы қажет. Барлық ауқымды және сәтті істер танылған көшбасшылардың жетекшілігімен жасалады. Құқық қорғау жүйесінде, соның ішінде прокуратура, полиция, экономикалық тергеп-тексеру қызметі, жемқорлыққа қарсы қызметте, гвардияда шамамен 150 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал сіз айтып отырған және БАҚ жазып жүрген жағдайлардың саны көп болса 50-ге жетеді. Барлық құқық қорғаушыларды оңбаған деп айтуға бола ма? Біздің әріптестеріміздің арасында тамаша адамдар көп! Барлығына бірдей күйе жағуға болмайды.
Қазір біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін моральдық-этикалық стандарттарды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Погон таққан адамдар туралы қалыптасқан түсінікті өзгерткіміз келеді. Біздің ең маңызды стратегиялық мақсатымыз – қоғамның сенімі. Бұл бір жылдық жұмыс емес, алайда бір нәрседен бастау қажет.
– Академияның өкілдері ұсынған жол қауіпсізідігінің тұжырымдамасы, соның ішінде қалалық жерлерде автокөлік жылдамдығын сағатына 50 километрге дейін шектеу туралы ұсыныс үлкен резонанс туғызды.
Бұл мәтіннен үзіп алынған мәліметтер ғана. Тұжырымдаманы кешенді қарастыру қажет – ол егжей-тегжейлі пысықталған (тұжырымдама жобасының толық нұсқасын осы жерден көруге болады). Жылдамдықты шектеу – жобаның бір бөлшегі ғана.
Біз қоғамдық пікірді білу үшін институт директорының сұхбатын газеттердің біріне арнайы беріп көрдік. Менің ойымша, қалаларда жылдамдық режимін сағатына 50 километрге дейін төмендету – өте жақсы идея. Бүкіл әлемде осылай. Бұл жылдамдықта реакцияға кететін уақытты ескерсек, жаяу жүргіншілер жолына дейінгі аралық сегіз метрге қысқаратыны ғылыми дәлелденген. Екі жолақты жолдардың өткізу қабілеті сағатына 50-60 кимлометр аралықта өзгермейтіні маңызды жайт, бұл шетелдік ғалымдардың зерттеулерінде дәлелденген.
Сонымен қатар қаладағы орташа жылдамдық, бағдаршамға тоқтайтынын ескергенде, сағатына 30 километрден аспайтыны әр автожүргізушіге мәлім. Яғни, жылдамдық шегін сағатына 10 километрге ғана азайту жолға кететін уақытқа мүлдем әсер етпейді.
– Концепцияда қала инфроқұрылымын өзгерту қажет екендігі айтылған. Бұл нені білдіреді? Мысалы, айналма қозғалысты алайық, оны пайдаланып жүрген жолдарымызға ма, әлде жаңа жолдарды салып жатқан кезде енгізу керек пе?
– Мұны қазіргі жолдарға енгізу күрделілік туғызбайды деп ойлаймын. Оның еш қиындығы жоқ.
Бүгін жолдардағы жолақтардың саны өсіп келеді. Әрине, бұл жол жүйесіне түсетін салмақты азайтып, жолдардың өткізу қабілетін арттыру үшін жасалып жатқаны белгілі. Алайда іс жүзінде бұл жаяу жүргіншілердің мүдделеріне қайшы келеді. Жолдарды жүргізушілерге жылдамдықты асыру ыңғайсыз болатындай етіп жоспарлап салу керек.
Әлемдік тәжірибеде «қозғалысты тыныштандыру» (trafficcаlming) кеңінен танымал болып келеді. Мысалы, Швейцарияда алты жолақты жол қиылыстарда төрт, ал тәуекел жерлерде екі жолақты жолға айналады.
«Көптеген қазақстандықтар жұмысқа қоғамдық көлікпен баруды ұят санайды»
«Қозғалысты тыныштандыру» бойынша қандай техникалық шешімдер бар? Бұл жүйедегі тәжірибелі мемлекет Швеция, ол «Vision zero» бағдарламасының арқасында 1,5 жылда жолдардағы өлім санын екі есеге қысқартты. Көшелерді тарылтып, адамдарға қауіпсіз жағдай жасайтын жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіздік аралдары және биіктегі жаяу жүргіншілер жолдары бар. Бұрылыс бұрышының тарылуы туралы ерекше айтып өту керек. Қатты бұрылыстар бар жерде жүргізушілерге жылдамдықты бәсеңдетуге тура келеді. Қозғалысты тыныштандырудың артықшылықтары өте көп. Ең маңыздысы, нәтижесінде көлік ағымдарын қала аумағы бойынша қажетті деңгейде үлестіруге болады.
Жол жүйесін жетілдіру үшін салыстырмалы түрде көп қаражат кетпейді. Басты құндылық – адамның өмірі. Біз болсақ жолдардағы жолақтардың санын көбейтіп жатырмыз…
– Қазақстанда көлік апаты салдарынан қанша адамның өмірі қиылып жатыр?
– Қазақстанда жол апатынан 100 тұрғынға шаққанда 15 адам қайтыс болады. Бұл жерде оқиға орнында қаза тапқан адамдар туралы сөз болып жатыр. Ауруханаларда көз жұмғандар бұдан да көп. Осындай жол-көлік оқиғасы салдарынан менің жақын досым, заң ғылымдарының докторы Ғазиз Сырбайұлы Мәуленов көз жұмды, 56 жаста болатын. Ол әлі көп нәрсе жасап үлгеретін еді.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын өлім санын 100 мың тұрғынға шаққанда алты адамға дейін төмендетуді көздеп отырмыз. Бұл Жол қозғалысы қауіпсіздігінің ұлттық тұжырымдамасының негізгі міндеті.
– Жол қозғалысына қатысты мәселелерге бірқатар министрліктер мен ведомстволарды қатыстыруға келсек. Барлығы бірдей ынта танытады деп ойлайсыз ба?
– Жағдайды өзгерту үшін саяси ерік қажет. Жол жүйесінен бөлек, бұл жағдай жолдардың, көліктердің сапасына және ішкі істер, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, инвестициялар және даму, ұлттық экономика министрліктері және әкімдіктер құзыретіндегі басқа да көптеген мәселелерге байланысты. Осының негізінде біз жұмысты үйлестірумен айналысатын жол қозғалысының қауіпсіздігі бойынша уәкіл институтын енгізуді ұсынып отырмыз.
Жалпы алғанда тұжырымдама жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында біздің жүргізген ғылыми зерттеулеріміздің нәтижесі болғанын атап өткім келеді. Біз жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға кедергі келтіріп отырған жүйелік проблемаларды анықтап, олардың салдарын азайтудың жолдарын ұсынуға тырыстық.
Барлық мүдделі тараптар тұжырымдаманы қолдап отыр. Осы жылдың сәуір айында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған болатын, содан бері біз 16 кездесу өткіздік, әр кезеңде жасалған қорытындылар мен ұсыныстарды жете қарастырдық, нәтижесінде «дөңгелек үстел» ұйымдастырдық. Оның жұмысына Швеция елшісі, қоғамдық белсенділер, бизнесмендер қатысты – төрт сағатқа созылған нәтижелі кездесу өтті деуге болады.
– Қазір барлығы қай сатыда тұр? Тұжырымдама үкіметке енгізу үшін дайын ба?
– Негізінен ол дайын. Қазір біз әкімдіктердің соңғы ұсыныстары мен ескертулерін күтіп отырмыз. Содан кейін оны іске асырудың бағдарламасын әзірлеп, дайын күйінде министрлер кабинетіне ұсынуды жоспарлап отырмыз.
Тұжырымдама енгізілсе, ол бірден орындалады деген сөз емес. Тұжырымдама – қалай жасау керек екендігінің көрінісі. Бәлкім, оның негізінде 20-30 жылға арналған бағдарлама пайда болатын шығар. Болса жақсы. Біз оған тек қана қуанатын боламыз.
– Тұжырымдамада қарастырылған болуы мүмкін мемлекеттік қызметкерлерді қоғамдық көлікке ауыстыру идеясы әлеуметтік желілерде күлкі туғызды. Бұл туралы не айтасыз?
– Қарасаңыз, Астана, Алматы қалаларында автокөлікті бір көлік-бір адам (жүргізуші) принципі бойынша пайдаланады. Бұл қалалық және де қала маңындағы жолдарға артық жүктеме түсіреді. Көптеген қазақстандықтар жұмысқа қоғамдық көлікпен баруды ұят санайды. Қоғамдық көліктердің жай-күйіне қарасақ, олардың қызметін неге пайдаланғысы келмейтінін түсінуге болады. Мәселенің тағы бір шешімі бар – велосипедпен немесе жаяу жүру. Осы орайда жол жүйесі құрылымы мен қозғалысының қауіпсіздігі бойынша сұрақтар туындайды. Біз қалыптасқан түсініктерді жойып, бұл қатынас құралдарын пайдалануға қажетті жағдайларды жасауымыз қажет.
Тұжырымдамада мегаполистерде жаппай қозғалысты ынталандыру және өткізу қабілеті төмен көшелерде қоғамдық көлікті (және басқа да балама қатынас құралдарын) пайдалану ұсынылған. Мысалы біз академияда өзіміздің қызметкерлер үшін микроавтобус сатып алдық. Енді адамдар жұмыс пен үйдің арасында ондаған машинамен жүрмей, барлығы бірге автобуспен қатынайды.
«Қалаларда жылдамдық режимін сағатына 50 километрге дейін төмендету – өте жақсы идея»
– Академияның келесі бір үлкен бастамасы – Жаһандық қауіптерге қарсы күрестің аймақтық хабын құру. Бұларға терроризм, қарудың заңсыз айналымы, қаржылық, есірткі, кибер және басқа да қылмыстар жатады. Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне осылардың бәріне қарсы күресуді қазақстандық академияның базасында үйрету жоспарланып отыр. Бұл қалай жұмыс істейтін болады? Академия қозғалуы қиын бюрократиялық машинаға дейін өсіп кетпейді ме?
— Ешкім бөлек бір нәрсе құрайын деп отырған жоқ. Жоба виртуалды деуге болады. Бұл идеяның негізіне қойылған басты принцип: оқу ұят емес, оқу қажет. Мемлекет басшысы академия алдына нақты міндеттер қойды – құқық қорғау органдары үшін мамандардың принципті жаңа бір шоғырын қалыптастыру және оқыту. Бұл нені білдіреді? Бұл оқытудың формалары мен әдістері де жаңа болу керек екенін білдіреді. Мен академияның алғашқы күнінен бастап олардың қандай болу керектігі жөнінде ойландым. Өзімнің халықаралық саладағы тәжірибемнің арқасында мен БҰҰ-ның бейінді жобаларын жүзеге асырудың ерекшеліктерін білемін. Сол кезде маған не себепті оларды бір алаңда жүзеге асырмасқа деген ой келді.
Біз аймақтық хаб туралы сөз қозғағанда ірі бір кешенді тұрғызу туралы емес, халықаралық ұйымдардың жобаларын бір алаңда жүзеге асыру туралы айтамыз. Бұл бізге қауіптерге қарсы күрестің озық тәжірибесін зерттеп, оқыту әдістерін игеріп, бағдарламаларды, атқарылған жұмыстарды және басқа да көптеген нәрселерді зерттеуге мүмкіндік беретін еді.
– Мұндай жобаларды жүзеге асыру жүйесі қалай жұмыс жасайды?
– Ұйымда донор-мемлекеттер бөлетін қаржы бар. Ортақ міндеттер мен қаржыны игеру жоспары, оны орындауда көмек көрсетуге дайын белсенділер бар.
Біз алгоритмді өзгертуді ұсынып отырмыз. Мен БҰҰ-ның Есірткі және қылмыстылық бойынша басқармасына барып келіссөздер жүргіздім. Біз мамандар үшін өзекті қажеттіліктерді – пәндер, тренингтер мен бағдарламаларды өзіміз жасап, дәрістердің материалдарын алдын ала алып, оларды пысықтау бойынша ұсыныстар енгізуді жоспарлап отырмыз. Тұтынушылар ретінде біздің мүдделеріміз бірінші орында тұруы керек. Белгісіз бір Джон Смит келіп, біздің шындыққа мүлдем сай келмейтін, қажетсіз дәрістерді оқып кетпейтіндей жағдай жасап жатырмыз.
– Бастаған істеріңізге сәттілік тілеймін! Сұхбатыңызға рахмет, кәсіби мерекеңіз — Прокуратура күні құтты болсын!
– Сізге де рахмет, өзіңізге де сәттілік тілеймін.