Ұлдарына АДАМ деп ат қойыпты
Бір досымыздың Астанада тұратын қызы жақында ұл туыпты. Нәрестенің есімін Адам деп қойыпты. Ол атты жастардың өздері қойған көрінеді.
Немерелі болған досымызға кішкентайдың бауы берік болсын дедік те, ал есіміне келгенде не айтарымызды білмей дағдарып қалдық. Иә, адам баласына Адам деп ат қойып отырса, ойланып қалады екенсің.
Содан кейін әлгі немерелі болған досымызға: «Енді үш-төрт жылдан соң немереңді саябақта ойнатып жүрген кезіңде, топырлаған көпшіліктің у-шуының арасында оған: «Адам, бері кел!», «Адам, абайла!» деп айқайлап шақырып, ал оңашада оны: «Айналайын Адамынан!» деп емірене еркелетіп, айналып-толғанып отырасың ба?» — деп әзілдедік. Шынында да сондай дауыс шыққан кезде өзге жұрт оларға жалт-жалт қарайтын шығар.
…Мен өз ұлдарына Адам деп ат қойғандарды аса қатты айыптай да алмаймын. Алайда бұл істі қалыпты нәрсе деп қабылдай да алар емеспін.
Ал сіздің ойыңыз қандай?
Ильяс Омаров