Үлкен ел – үлкен отбасы

 

«Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы – Мемлекет басшысының арқа сүйеген екі күшті қанаты. Жобаны іске асыру, республикалық ауқымдағы проблемаларды шешу, халықаралық келісімді нығайтуға ықпал ету – мұның бәрі де тап осы қоғамдық институттардың басымдықтағы міндеттері» – бұл Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Президент сыйлығының лауреа­ты А. Идиговтің Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы мүшелерінің алдында сөйлеген жарқын сөзі.

Үнемі осындай тың ойларымен ерекшеленіп жүретін Атсалим Саламович Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде «Халықтың күші – рухани бірлікте» деген тақырып шеңберінде өткен брифингте елжандылық, рух, тіл, достық, адамгершілік, тәрбие, жастар мәселесі, ұрпақ сабақтастығы, отбасы мерейі, тағы да басқа құндылықтар жөніндегі пікірлерімен бөлісті.

  • «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 86-қадамында: «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, ол қазақстандықтардың біртектілігін нығайтады және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызады», – деп атап көрсетілген. Елдік деңгейде осы бағытта тың шаралар қолға алынды. Ең бастысы, бізде Мәңгілік Ел болудың барлық алғышарты дайын», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» идеясының Елбасы ерлігі, бейбітсүйгіш халқымыздың бірлігі және бүгіні мен ертеңі екендігін айта келіп, бейбітшілік бесігіне айналған Қазақстан жеріндегі бірлікті бағалай білуге шақырды.

«Сонау қиын-қыстау, ашаршылық жылдарында Қазақстан топырағына талай ұлттың өкілдері жер аударылып келгенде, діні, ділі, тілі басқа ұлттар бір тілім нан үшін бір-бірін неге талап жеп қоймаған дегенге келетін болсақ, қанына қонақжайлылық, дархандық сіңген қазақ халқы бір қазандағы асын сен бөтенсің демей, бәрімен бөлісе білді. Бұл туралы маған ата-анам айтып сіңірді, енді мен өз балаларымның санасына құйып отырудан жалыққан емеспін. Әне, елдегі бірлікті бағаламаудың соңы қандай болатынын бауырлас Украинаның бүгінгі жағдайынан көріп отырмыз. Сириядағы ушыққан ахуал да өздеріңізге мәлім. Сондықтан бүгінгі таңда бізге осы бірлігімізден ажырамау маңызды», – деп атап өткен А. Идигов еліміздің жарқын болашағы жастардың қолында екенін, олардың батыстың арзан жылтырағына еліктемей, ғылым мен білімге ден қоюы маңызды деді.