Үлкен өмір…
Бүгін мектеп бітіру кеші. Бірі білім бергeн ұясын қимай жылап жатса, екіншісі оқы, оқы деп мезі қылған ұстаздарымды көрмейтін болдым-ау дейді, енді бірі оқушы емес, студент болатын болдым деп қуануда.
Әдеттегідей өзге сыныптағылардан қалмайық деп қымбат бағалы лимузин жалдап қала кафелерінің бірінде тойлайтын болды.
Ата-аналары да «қатарынан қалмасын» деп қалталарындағы соңғы тиынына дейін беріп, балаларына жап-жаңа көйлек, костюм-шалбар әперді.
Соңғы қоңыраудан кейін бұларды күтіп тұрған лимузинге отырып қаланы қызықтауға шықты. Абыр-сабыр, көлік ішінде даңғырлаған музыка, жарқын күлкілері, әңгіме-дүкен құрып, мектеп табалдырығында өткен қызықтарын айтып мәз-мейрам. Алдарында тұрған шарапты алып «Ал, біздің есейіп, үлкен өмірге жол тартқанымыз құтты болсын!» деп тілек айтып, ұрттап қояды.
Әлден соң шарапқа масайған балалар көлік рөлінде отырған жігітке тиісті: «Неге сонша жай жүріп келе жатсың?» деп біреуі айтқаны сол-ақ екен, барлығы:«Иә, қаттырақ айдасайшы!», «Айдай бер, өзім жауап берем», «Бас!», «Қатты, қатты!» деп жабылып кетті.
Жүргізуші сасқалақтап қарсы бетке шыққаны сол еді, өздеріне қарай жүйткіп келе жатқан көлікті көріп тежегішті басып үлгере алмады, иә, үлгере алмады…
…Су жаңа лимузиннің сау тамтығы қалмапты, аударылып жатыр. Әлгі айғайлаған музыканың дауысы, қыз жігіттердің күлкілері емес, әр жерде ыңырсып қиналып жатқан дыбыстары ғана естіледі…
Балаларыңыз ешқайда шықпасын деп шырылдаған мұғалімдерге әлгінде ғана «Менің балам мектепті бір-ақ рет бітіреді ғой, ештеңе де болмайды, Құдай сақтасын» деп батыл сөйлеген ата-аналар енді жылап-еңіреп жүр. Азан-қазан, у шу…
Үлкен өмірге қадам бастық деген балалар сол өмірдің есігін де ашпастан, одан да «үлкен» өмірге, мәңгі өмірге аттанып кетті…