ҮЛКЕН ТАС ПЕН ҰСАҚ ТАСТЫҢ МЫСАЛЫ

(ой саларлық ғибратты оқиға)
Бірде екі әйел көпті көрген ғалым қарияға келіп, ақыл сұрайды. Бірі: «Менің үлкен күнәм бар еді, қайтсем болады?» деп жасаған қателігі үшін алаңдаушылық білдірсе, екіншісі: «Менде анау айтқандай үлкен күнә жоқ, бірақ ұсақ күнәлар жасап қоямын», — дейді. Мұны естіген қария үлкен күнә жасап, алаңдап жүрген әйелге үлкен тас әкелуді тапсырады. Ал екіншісіне: «Ал сен осы үлкен тастардың салмағындай көлемде ұсақ тастардан теріп әкел», — дейді. Екеуі жөніне кетеді. Үлкен күнә жасаған әйел көзге бірден көрінетін үлкендеу тасты алып келеді. Ал екіншісі әрбір жерден ұсақ-ұсақ тастарды жинаумен болады. Тастарын әкелгенде қария оларға: «енді сол тастарыңның әрқайсысын өз орнына қайтадан апарып қойыңдар», — дейді. Мұны естіген екінші әйел қай тасты қай жерден алғаны есіне түспей, қатты қиналады. Ал үлкен тас әкелген әйел тастың орнын оп-оңай-ақ тауып, апарып қойған екен. Сонда қария: «Көрдіңдер ме, кейде адам кіші күнәлары үшін алаңдап, тәубе ете бермейді де, соның салдарынан олар жинала келе үлкен күнәға бара-бар болады. Ал тәубе етсе, үлкен күнә да кешіріліп, адам тазарады», — деген екен…
Бұл үлкен болсын, кіші болсын, адам баласы күнәдан бойын барынша аулақ ұстап, құдды тікензарда жүргендей сақтанып жүру керектігін көрсетеді. Себебі,
Бір пәледен мың пәле
Өсіп бір кетті балалап, —
деп ақындарымыз жырлағандай, бір рет жасалған қателік міндетті түрде өзінен кейін көптеген қиындықтар мен орны толмас өкініштерді алып келуі мүмкін..

Зарина Райсова парақшасынан алынды