Ұлт дәстүрі – ұрпақ болашағы
Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы- сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары, мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.
Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүю секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ, өте ұтымды болар еді.
Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, озық өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондықтан ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Бала тәрбиесінің алтын бесігі – отбасы. Бұл шағын әлеуметтік топ – бала үшін өмір мектебі.
Ата-ана – баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Балалардың болашағы олардың өмірден татар несібесі мен еншісінің үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты болады. Сондықтан ата-ана өзінің баласын еңбекқор, елінің қамқоршы азаматы етіп тәрбиелеуге міндетті. Үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы балабақшадан басталып, белгілі бір бағдарлама негізіне сүйене отырып, мектеп жасына дейінгі балаларға оқыту мен тәрбиелеу мәселесін жоспарлап, отбасына педагогикалық көмек беруді мақсат етті. Ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуын олардың қоғам алдындағы өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезі мен өткеннің тағдыры мен талаптарын объективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге даярлап, оларды жинақталған тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек.
Эльмира Керимкулова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
«Экономика және құқық» факультеті, «Менеджмент»
кафедрасының аға оқытушысы, магистр