Ұлт ұстазының даналық ойлары
Адам баласын: көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым.
Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.
Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.
Амалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе?
Асыл тіл, түзу емле қазақта – боларға тиіс. Неге десек: ата кәсібін тастамай істеп келе жатқан – қазақ. Басқа жұртқа араласпай, өз алдына оңаша, оқшау жүрген – қазақ. Жат жазудың ыңғайына қарап, тілін бұзбаған, арасына жат жазу жайылмаған түрік баласы – қазақ.
Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақ.
Әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертеді.
Әдеби еңбекті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады.
Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек.
Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал.
Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.
Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
Басшылығы дұрыс болса, әлеуметтi түзейді. Теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады.
Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек.
Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан қалған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес.
Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді.
Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді.
Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы қайтпаса.
Біреу: жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман, – дейді, біреу: маңайымдағы елім жаман – дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады.
Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік.
Домбыра тарту, ән салу, өлең айту сияқты халықтың үйреншікті сауықтарына дейін күнә деп, тиғысы келген. Бірақ ұзын арқан, кең тұсауға қалыптанған қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған.
Елді түзетуді – бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та оқумен түзеледі.
Жазу-сызу жоқ жұртта – көсем жұртты шығармалар болмайды. Себебі, жазу-сызу жоқ жұртта өнер-ғылым болмайды. Ғылым дегеніміз – дүниені, яғни табиғатты дұрыс тану, ғылым жоқ болса, дүниені тану дұрыс болмайды.
Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі де түзелмейді.
Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді.
Жұртқа тәртіпті мектеп керек.
Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік.
Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың хат білетін, білмейтін – қайсысына да болса түсінікті болуын көздеді.
Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі иә өлі болу мәселесі.
Қысылған жерде қарасу, қиналған жерде болысу – адамшылықтың, мұсылманшылықтың ең жоғарғы дәрежесі еді.
Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз.
Мектепке сайлы мұғалімдер керек.
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы.
Мектептің міндеті – берген баланы ата-анасының үміті мен мемлекеттің мақсатындағы көздеген түрде адам қылып шығару. Бұл міндетін дұрыстап атқару үшін көздеген мақсатқа керек істерді дұрыстап істеу тиіс.
Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі. Білім мен адамшылық екі басқа нәрсе, бірақ борышын білушілер көбейсе, төлеушілер де көбеюі ықтимал.
Оқусыз халық – қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші.
Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу.
Өз еркім – өзімде, өз ісіме – өзім қожа, өзім – себеппін деп жүрген адам, тұрмыс ісінің орауынан, шырмауынан әрі аса алмайды.
Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы — еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.
Өткен – өтті, іздегенмен – таптырмайды, қуғанмен, жеткізбейді. Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн іздеу тиіс.
Сөздің ең ұлысы – тарих.
Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді.
Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау.
Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек. Алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмады деп өкпелеу жөн бе?!
Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады.
Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуін, бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.
Шариғат – бір айтылып, тас сияқты қатып қалған өзгерілмейтін жол, тіршілік күн сайын өзгеріп тұрады.
***
Елдес Омаров: «Ахмет Байтұрсынұлын күллі қазақ даласы біледі; оны бәрі құрметтейді, жақсы көреді және оның дарынын жоғары бағалайтындай. Бірақ оны лайықты құрметтемейді. Біз оны ақын, көсемсөзші, қоғам қайраткері, педагог деп білеміз әрі қадірлейміз, бірақ оны қазақ тіл білімі саласында өте құнды жаңалықтар ашқан ғалым ретінде санамызда мойындамаймыз».
АҢДАТУ: Тарихи тұлғаның рухани замандасы Елдес Омаровтың 1923 жылы жазған «Ученая деятельность А. Б. Байтурсынова» атты баяндамынан үзінді болғандықтан, түпнұсқасын қатар ұсынып отырмыз. «Ахмета Байтурсуновича знает вся киргизская степь; его все уважают, любят, и как будто высоко ценят его талант. Но его недооценивают. Его мы знаем и ценим как поэта, публициста, общественного деятеля, педагога, но он почему-то не укладывается в нашем мозгу как ученый, сделавший весьма ценные открытия в области киргизской грамматики».