«ҰЛТ ҰЯСЫ -ҰЛЫТАУ» рухани-танымдық сапарының күнделігінен ЖЕЗДІ МУЗЕЙІ
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жастарымен бірге Ұлытауға сапар барысында кезінде дүрілдеп тұрған кеніштің орталығы болған Жезді кентінде болдық. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауына ұшырап, тоз-тозы шыққан ауылдың ахуалы бізді бейжай қалдырмады.
1997 жылы аудан тараған соң орталығындағы тұрғындардың жан-жаққа көшіп кеткен екен. Жездiде жерүйдi қоспағанда 53 көпқабатты тұрғын үй болған екен. Соның бірқатар ғимараты қиратылып, бүгінде опы¬рай¬ған орнында қоқыс қана қалыпты. Бүгінде 2000 ғана адам тұрады екен.
Қалған тұрғындар «Үмітсіз шайтан»,-деп үкіметтен үміттерін үзбей өмір сүріп жатыр.
Жезді кенті тұрғындарының үкілеген үміттерін өшірмеу үшін қызмет етіп отырған, өз мәдени ошағы бар. Бұл Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі музейі. Ауылдық музей болғанымен, өте ерекше музей. Ол тақырыптық ерекшілігі, экспозициясының құрылымы, жәдігерлерінің құндылығы жөнінен Орта Азия, ТМД елдерінде кездеспейтін бірегей музей.
Жезді музейінде бізді басшысы Зейпін Қазанбайқызының өзі қарсы алып, экскурсияны алдымен «Ардагерлер аллеясынан» бастады. Бұл аллеяның жайқалып өсіп тұрғанына 22 жыл болған екен.
2000 жылы Мәкен Төрегелдиннің ұсынысымен, Жеңістің 55 жылдығына орай, Жезді кентіндегі ардагерлер кеңесінің қолдауымен, сол кездегі Ұлытау ауданы әкімінің марқұм Баттал Мұқышев ұйымдастырып, Ұлытау айналасындағы тоғайлардан қайыңның көшеттерін әкеледі. 2000 жылы 26 сәуірде 55 қайың отырғызылып, 26 соғыс және тыл ардагері қатысқан, үлкен іс-шара болып ашылды.
8 мамырда облыстық деңгейде аллеяның салтанатты ашылуы өтіпті. Оған құрметті қонақтар шақырылған екен. «Атаулы қайыңдар» деп атап, «Ата қайың», «Ана қайың», «Пана қайың», «Бала қайың», «Бүлдіршін қайың» атты бес қайың отырғызылады. Бұл қайың атауларының да өз мағынасы бар екен. «Ата қайың» – барша соғыс ардагерлерінің, «Ана қайың» – майдангерлер аналар мен соғыс жесірлерінің, «Бала қайың» – соғыс жылдарындағы туған балалардың, «Пана қайың» – тыл ардагерлерінің, «Бүлдіршін қайың»– соғыс ардагерлері ұрпақтарының құрметіне отырғызылыпты.
2011 жылы Көкшетаудағы «Абылайхан алаңынан» қарағай көшеттерін әкеліп отырғызылды. «Тәуелсіздік», «Достық», «Ынтымақ», «Руханият», «Бірлік» деп отырғызып, әр қарағайдың түбіне Ұлытаудағы Хан ордасынан, Түркістаннан алынған қасиетті жерлердің топырақтары салынды. Бүгінде қайыңдар мен қарағайлар жайқалып өсіп тұр.
«Артыңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін халқымыздың өнегелі ісін қолға алып, кезінде бұл талдарды отырғызған ардагер ақсақалдар бүгінде жоқ. Бірақ олардың ісі ұрпаққа өнеге болып қалды. Олар отырғызған талдар бүгінде үлкен ағаш болып өсіп, жанға да, жәндікке де сая болып тұр.Ұрпақаралық сабақтастық деген осы болар?!
Жезді музейінің ашылуына тікелей мұрындық болған, өз ісімен кейінгі ұрпаққа өнеге болар тұлға Мәкен Төрегелдин ағамыз екен. Музей қоры 1986-1988 жылдары жергілікті өлкетанушы М.Төрегелдиннің бастамасымен Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімі болып ашылған кезеңінен жинақтала бастаған.
М.Төрегелдин 1970 жылдың басында қызмет бабымен Алматыға барғанда, Республика Мәдениет министрінің сол кездегі орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің қабылдауында болады. Өзбекәлі Жәнібек музей ашу ойын бірден қолдаған екен. Көмек-қолдауын көрсетеді. Министрлік тапсырмасымен музейтанушы екі маманы келеді. Бірақ музей ашылуы тиіс Жезді кен басқармасындағылар іске немқұрайлы қарау салдарынан мамандарға дұрыс бағыт бере алмады.
1988 жылы Мәкен Төрегелдин Мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібековтің қабылдауында тағы да барады. Осы кездесуде министр музейдің он бір бөлімнен тұратын тақырыптық-экспозициялық жоспарын өз қолымен жазып берген екен.
Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 21.12.1988 жылғы № 285-р Жарлығы бойынша ұйымдастырылады. Жезді кентіндегі музейдің жалпы аумағы 4 га табиғат ландшафтын құрайтын біртұтас тарихи-мәдени кешен.
Экспозиция концепциясы тарихи дәуірлер аясындағы халқымыздың ата кәсіптерінің бірі саналатын – металл қорыту ісінің пайда болып, бүгінгі замандарға дейінгі даму сабақтастығын көрсетуге негізделген.
Музей экспозицияның ерекшелігі бұл – ашық аспан астындағы көрме алаңдары. Ондағы басты жәдігерлер – ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында өлкедегі тау-кен, мыс, қорғасын, көмір өндірістерінде қолданылған шетелдік техникалар мен жабдықтардың толық нұсқалары мен бөлшектері, Лондонда жасалып, Қазақстанға арнайы әкелінген маховик, өлкеге алғаш әкелінген алғашқы доңғалақты, 1930 жылғы ХТЗ тракторы, ежелгі кен балқыту пеш, танкетка, өңірге келген алғашқы бу машинасы, ЗИФ-650 М бұрғылауыш агрегаты. Байқоңыр өзені (Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы) бойындағы жартастарға салынған петроглифтердің дәлме-дәл көшірмелері де өлкенің терең тарихын көрсетеді. Байқоңыр айлағынан ұшырылған ғарыш кемесінің бөлшегі де осында. Сол сияқты Жезқазған, Балқаш, Жәйрем, Саяқ, Қоңырат, Ақтас, Жезді кеніштерінен жеткізілген үлкен көлемді, құрамы сапалы тау жыныстарының табиғи үлгілері де сақталған.
Музейдің залдары мен ашық аспан астындағы экспозициялары тұтастай тау-кен және металлургия ісінің өткені мен бүгінінен сыр шертіп, түйе арбадан – космос кемесіне дейінгі, ежелгі тас ошақ, көрік пештен – қазіргі мыс қорыту зауытына дейінгі мыңжылдықтар тарихын тануға мүмкіндік ұсынады.
Музейде ата-бабаларымыз сонау жаугершілік замандарда өз қолдарымен балқытып, дайындаған жебелер мен найза ұштарынан бастап бүгінгі ғарыш кемесін жасауда пайдаланылатын маталлургия өндірісінің жетістіктері қамтылған. Он екі мыңнан астам бағалы қоры бар музейдегі ең құнды жәдігер, бұл – ежелгі балқыту пештері.
Музейдің мен көріп жүрген музейлерге қарағанда басты ерекшелігін айтып өткім келеді. Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі музейі қызметкерлерінің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі музей педагогикасының атқарар рөлін терең түсініп, өз қызметтерінде пайдаланып отырғанына қатты риза болдым. Жоғарыда айтып өткен «Ардагерлер аллеясынан» басталған экскурсия ашық аспан астындағы әр тарихи жәдігерді «сөйлетіп», тіпті «жанды жәдігерлер» арқылы ежелгі адамдардың тау-кен өндіруді қалай жасағанын, дамығанын көрсете отырып, тарихтан болашаққа жетелеп, ел ертеңі болар жас ұрпаққа ғылым мен техника дамығанда ғана келешек кемел болатынын көрсетеді.
Өскелең ұрпағымыз ұлттың рухани байлығын, жәдігерлерді көзбен көріп, тарихын тыңдап, жадына тоқу арқылы өзіне өмірлік сабақ алады, ұлтының құндылықтарын таниды, оны бойына сіңіріп, отансүйгіштік, тілі мен діліне, тарихына деген құрметті қалыптастырады. Ал бұл тұрғыда, ұлттың ұлы қазынасын жинақтап, сақтап, зерттеп, оған тіл бітіріп, ұлттық мүддеге қызмет етіп отырған музейлердің маңызы қашанда зор.
Бүгінде зиялы кім, ұлтқа қалай қызмет етеді, ұлттық мүдде деген не?,-деген сұрақтар көбімізді жиі толғантады.
Меніңше, зиялы деген қызметінің үлкен-кішісіне қарамай, ұлт болашағына қызмет етіп отырған жандар. Ал ауылда тұрып, қаладағыдай мүмкіндігі болмаса да, болашақ қамы үшін, барын салып, қолынан келгенін жасап жатқан ауыл, аудан музейлерінің, музей қызметкерлерінің жұмысын ұлтқа қызмет деп айтуға әбден болады.
Жездінің тарихы терең музейіне, қызметкерлерінің жанкешті жұмысына қарап риза болсам, 30 жылда қолда бардың өзінен айырылып, тоз-тозы шыққан, көркі қашқан, ажары оңған, не жұмысы, не болашағы жоқ ауылдың ахуалына қарап жаным күйзелді. Ұлттың алтын бесігі – ауылдарымыз өркендер күн қашан туар екен?
Шәкен Тұрар Сәттарқызы, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі жобасының авторы және жетекшісі, тарихшы, этнология магистрі