Ұлт және Ұлыс

15 -мақала: Латын әліпбиі- тарихи сабақтастық ескеріле ме ?

Қазақтың қазіргі жазба тілі ауыз екі тілдің негізінде қалыптасты. Сөз жоқ, біздің ауыз екі тіл әлемдегі ең бай тілдердің қатарында, бірақ бізде ХІХ ғасыр ортасына дейін түркі жазба тілі де қолданыста болды. Бізге көрші және туыс татар, өзбек тілдері осы түркі жазба тіліне ие болып қалды. ХХ ғасыр басында әліпби жасау барысында совет лингвистері осы тарихи жағдайды жақсы пайдаланып түркі халықтарын бірін-бірі түсінбейтін жағдайға жеткізді. Қарап отырсаңыз әліпби үлкен саясат құралы.
Біз қазір 26 әріптік латын әліпбиіне тоқтайтын сияқтымыз. Әрине, шағын әліпби қолданысқа да ыңғайлы, техникалық жағынан да (компьютер т.б.) ықшам, солай бола тұра біздің тарихымызда бар жазба түркіні оқуды, өзге түркімен түсінісуге мүмкіндік беретін артикуляцияны шектемейді ме ? Қалай болғанда да қазақ болашағы өзімізге туыс түркі халықтарымен одақтастықта дамиды. Қазіргі уақытта ғылыми қауымдастық мемлекет тарапынан қаржыландыратын үш жылдық жобаларын дайындай бастады. Әліпби мәселесі де ғылыми жобалар арқылы ғылыми сараптамаға, талқыға ілініп, пісе түскені дұрыс болар еді.
Тілші ғалымдарға, тіл жанашырларына ой салу ниетімен мен Қазақстан өзбектерінің тілдік ерекшеліктеріне қатысты жазған мақаламды ұсынамын. Сыр бойындағы ежелгі отырықшы қауымдардың тілдерінде жергілікті диалектілер (шева) бар екені белгілі. Ол мәселе тарихи тұрғыдан зерттеуді қажет етеді, оның қалыптасуы тым ертеде және ортағасырлардағы Орта Азия жерінде жүрген этникалық процестерге байланысты. Мысалы біздің өзбек-сартымыздың тілінде Хорезм түркілерінің тіліне ұқсастық бар деп есептеледі: «Иқонлиқлар Узбекистон Республикасининг қайси ерига бормасин сузлашувига қараб: «Хоразмданмисиз ?» деб сурайдилар» дейді Т.Мамаев. Хорезмге сапар шеккен кез келген қазақ жергілікті ауыз екі тілдің қазаққа өте жақын екенін біледі. Мұның себебі неде ? Зерттедік пе ?

Түркістан маңындағы Қарнақ қышлағының диалектісі қазақ тіліне жақын, кейде қарнақтықтардың тілінен қазақ тілінде ұмытыла бастаған сөздерді кездестіреміз. Мысалы Қарнақта «болжау» деген сөз бар, өзге қышлақтарда «мулжал» дейді. Ергежейлі, өзгелері «митти, пакпакана» дейді. Осы сияқты -елгезек, дарымақ, зерігу, ығыр болды, кебенек сияқты таза қазақи сөздер көп. Мысалы, Қарнақтың адамы жақынына «Бизиң үйга дарымай кеттиң-гу ?» дейді, яғни біздің үйге келмей жүрсің-ау деген мағынада. Жалпы ауыз-екі тіл қазақ тілінің тікелей әсерімен қалыптасты деуге келеді, ал жазба тіл болса Орта Азиялық дәстүрлі жазба шағатай тілінің жалғасы.
Иқан және Қарабұлақ ауылдарының халқы -бір дана дегенді -бидона, биттагина дегенді -бижак, дугонаны- эши, мехмонхананы -мемохона дейді. Сол сияқты барасың ба дегенді барасана, келдіңбе дегенді келесана дейді, яғни етістік қысқартылып айтылады. Бидай, ұн сақтайтын қойманы иқандықтар қамба дейді, малхананы (қора) -ағыр дейді, су диірмені үшін топырақтан құрылған арықты -қаша дейді. Осы сияқты толып жатқан тіл ерекшеліктеріне сүйеніп бұл жергілікті диалекті тілді Хорезм емес, ортағасырлық Оғыздық тіл негізіне жақындатуға болады деген пікірдеміз.
Сол сияқты Түркістан маңайының өз тіл ерекшелігі бар және көрші Оранғай, Күш ата, Кәріз ауылдарының тілдерімен қосылып бір диалектіні құрайды. Ескі заманнан келе жатқан қадыми сөздер, өзбек (шағатай) әдеби тілінде кездеспейтін лексемалар, мақалдар мен қанатты сөздер бұл тілдің төркінін тым ерте заманнан іздеу керек екенін білдіреді. Оның бір мысалы -хатна, суннат, азон, намоз, хафта, соат, мил, якка, чанти (балалардың санамақ ойыны), дугона, йала т.б. Сонымен бірге өзге отырықшы аймақтардағыдай бұл жерде де ауыз екі қазақ тілінің әсері өте күшті екенін ескерткен жөн. Бұл Қарнақтағы күнделікті қолданыстағы йумақ, басмалдақ, кувишқұлақ, кунчувак т.б. сияқты сөздерден сезіледі. Өзге өзбектер «шырайлы» десе, қарнақтықтар «әдемі» дейді, өзгелері «башара» десе, қарнақтықтар «келбет» дейді, өзгелері «қизиқ» десе, қарнақтықтар «тамаша» дейді. Ергежейлі, ашамай, әжептеуір, дәу, жарлы, ығыр болу, кебенек, көпшік сияқты сөздерді қазақ тілінен таяу арада кірді дегеннен көрі, ерте уақытта екі тілдің субстраттық тамыры бір болды деген дұрыс. Осы сияқты мысалдар көп, бір қышлақтан қаңлы тілі белгі береді, екінші қышлақтан оғыз дәуірінің тілін кездестіргендей боласыз. Біздің тілші ғалымдар зерттейтін-пақ тақырып!
Жамбыл Артыкбаевтың фейзбук парақшасынан