Ұлттар арасындағы сыйластыққа сызат түспейді

Биыл елімізде жетінші рет атап өтілгелі отырған Алғыс айту күнінің маңызы зор. Бұл мереке елімізде тыныштықты сақтауды, бірлікті бекемдеуді көздейді. Ынтымақ-бірлік жарасым тапса ғана еліміз өркендейді.

 

Мұндай іс-шара көршілер арасындағы өзара түсіністік пен құрметті қалыптастырады деп ойлаймын.
Бейбітшілік пен ұлттар арасындағы достықты ерекше бағалайтын елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының жөні бөлек, жосығы ерек.
Бүгінде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері татулықты сақтап, ел дамуы жолында маңызды рөл атқарып отыр деуге толық негіз бар. Биыл аталмыш ұйымның құрылғанына 27 жыл толып отыр. Осы орайда жері, суы дуалы, топырағы қасиетті Жуалы ауданының орталығында тұратын түрлі этностардың татулығы мен ынтымағын нығайтуға өз үлесімді қосып келе жатқанымды орынды мақтаныш етемін. Бұл түсіне білгенге, үлкен қоғамдық жұмыс. Еліміздің ертеңіне қажетті шаруа.
Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының қазақ халқына құрмет пен ыстық ықылас білдіретін күні болып табылады. Ұлттар татулығын, этносаралық келісімнің нығаюын, жалпы ұлтаралық саясатты жоғары деңгейде дамытуды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдап, қуаттап отырғаны белгілі.
Өйткені, ел ішіндегі халықтар арасында бекем бірлік болмай, толымды тірліктің де болуы әсте мүмкін емес. Осыған орай, ауданымыздағы өзбек этномәдени бірлестігі түрлі деңгейдегі іс-шаралар мен мерекелерде белсенділік танытып, қазақ-өзбек достығын барынша дәріптеп келеді. Тағы бір айтарым, ұлттар арасындағы сыйластыққа сызат түспейді. Керісінше, жылдар өткен сайын достығымыз нығайып, бірлігіміз бұдан да беки түсетін болады.
Өзбек ұлтының өкілдері Қазақстанды мекен еткеніне біраз ғасырлардың жүзі болды. Оның ішінде, өзбек ұлтының өкілдерінің қасиетті Жуалы жерін құтты қоныс еткендеріне бір ғасырға жуықтап отыр. Айта кететін болсам, осындағы өзбек ұлтының өкілдері – Мажитовтар, Исмайловтар, Мамаджановтардың отбасылары осында 1917-ші жылдан бері тұрады.
Ортақ Отанымыз болған Қазақ елінің жарқын болашағы мен өркендеуі жолында «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» жұмылып еңбек етіп келеміз. Татулықтан асқан құндылық, халықтар арасындағы достықтан асқан қарым-қатынас жоқ. Ендеше, сан ұлттардың баласын бауырына басқан Қазақ елінде әрдайым тыныштық, бейбітшілік салтанат құра берсін дегім келеді. Ауызбіршілігіміз бен сыйластығымызға сызат түспесін деп тілейік. Қазақ халқымен ағайын, туыс-бауырдай болып кеткен біздің өзбек ұлтының өкілдері ұлттар арасындағы татулықты нығайтып, ортақ Отанымызды мақтан тұта отырып, ел игілігі жолында аянбай еңбек ете беретін боламыз.