Ұлттық дәстүрді ұлықтаймыз . «Алтын сақа» сайысы өтті
Жуырда, Ұлытау ауданының мекеме қызметкерлер арасында «Бес табан» асық ату ойынынан «Алтын сақа» сайысы өтті. Оған «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы мұрындық болды.
Сайыстың шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбекұлы ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында спорттың бұқаралығын арттыру, әсіресе ұлттық спорт түрлері мен халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеу бағытында нақтылы жұмыстар жүргізу қажеттінін айтып келеді. Біздің бүгінгі куә болып, өздеріңіз қатысып отырған сайыс та сол Президент тапсырмаларын жүзеге асырудың бір жолы. Осы жолда ауданның мемлекеттік мекемелерінің жүргені де елге үлгі, – деді орынбасар өз сөзінде.
Сайыстың ашылу салтанатында сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының м.а. Аман-Серік Есенғалиұлы асық ату ойнының маңыздылығына тоқталды.
– Асық ату ойны 2011 жылдан бері елімізде кең қанат жайып келеді. Оның үстіне бұл ұлттық дәстүріміз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұра тізіміне де енген спорт. Міне сол ұлттық спорт түрін біз де насихаттап жатырмыз, – деді ол өз сөзінде.
Жалпы, сайысқа 16 команда қатысып, А және Б тобы арқылы екі топқа бөлініп, ойын өрнеген көрсетті. Нәтижесінде, Фитосанитария бөлімінің командасы ІІІ орынға, аудан Жастар командасы ІІ орынға ие болды. Ал, аудандық балалар спорт мектебінің командасы І орынды жеңіп алды.
Жүлделі орынға ие болған командаларға ақшалай сыйақылар, медальдар мен дипломдар берілді.
Ізтай Белгібайұлы.