ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
Адам баласы жасы ұлғайған сайын ізгілікке құмартып, жақсылыққа құштар бола бастайды екен. Сыннан көрі сыр айтуға, өскелең жастардың ізгі істеріне қуануға дайын тұрасың. Кешегі мен бүгінді салыстырасың. Қызбалыққа емес, қызу істерді қуаттауға бейімділігің артады. Бәрі жақсы болса екен, халық тоқшылықта тіршілік кешсе екен, жалған дүниеде еш пенде жабырқап жүрмесе екен деп ойлайсың. Ойлайсың да тұңғиыққа бойлайсың. «Өзіңнен кейінгілерді көріп қартаясың» деген осы болар…
Біз кешегі кеңестік дәуірді көрген, соның айдауымен жүрген ұрпақпыз. Қазақ мектептерінің жабылып, ұлттық болмыстың тынысы тарылып, қалай тұншыққанын көрген ұрпақпыз. Тіліміздің шұбарланып, орысшаға ессіз құмарланып, көзсіз көбелектей отқа түсуге аз-ақ қалған ұрпақпыз. Қазақ халқын малға, тарихы жоқ, жапандағы жалғыз талға теңегенін көрген ұрпақпыз. Жойылып кетуге аз қалғанда, Алланың қолдауымен тал қармап аман қалған ұрпақпыз. Бүгінде соның бәрін ойласам, түнде ұйқым, күндіз күлкім қашады.
Ең алдымен ата-баба аманатына адал бол!
Бүгінгі ұрпақ қандай бақытты! Тәуелсіз мемлекет. Ұлан-байтақ дала. Жердің асты мен үстінің байлығының бірден-бір иегері өздері. Сөйте тұра ұлттық құндылықтардан, салт-дәстүрден, тілі мен дінінен ажырап бара жатқаны жаныма батады. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйыншы, бірақ көпшілік жастар солай. Азаттықтың, тоқшылықтың қадірін білмей жүр.
Бұған дейін де ұлттық құндылық туралы бірнеше мақалам жарық көрді. Әлі де шамам жеткенше жаза беруге күш салам. Себебі ұлы мұрат – ұлттық құндылықта! Құндылығың, салт-дәстүрің, тілің мен дінің, ділің болмаса, хайуаннан қай жерің артық?! Қазақпын деп кеудеңді қағу үшін, ең алдымен ата-баба аманатына адалдық керек. Биікке шықтың ба, билікке өрмеледің бе, көз алдыңда ұлтың тұрсын. Өз тіліңде сөйле, өзгенің таңсығына қызықпа! Анау дамудың шыңына шыққан Америка мен кәрі құрлық деп аталып кеткен Батысың ұлттық құндылықты қолдан жасап жатыр. Сол үшін арнайы шоулар, бағдарламалар ұйымдастырып, әбігерге түсуде. Ұлтын сақтап қалу үшін. Ұрпақты азғындық жолдан қайтару үшін. Тәрбиеге негіз қылу үшін. Себебі азғындық белең алып кеткен. Жастарға көрсететін ата-баба жолы, ұлттық құндылық жоқ. Салт-дәстүрден ада. Әйелі мен еркегі, қызы мен ұлы, жалпы көпшілік тұт жалаңаш моншаға бірге түсетін арнайы орындары бар (Ол жерді үлкен мәдениет ошағы санайды). Ең сорақысы қызы мен әкесі, анасы мен ұлы барлар мен казиноларда кездесіп қалып, бір-бірін көрмегендей теріс айналып кете беретін елден не үміт, не қайыр?!
Біздің, қазақтың ұлттық болмысы, салт-дәстүрі қандай ғажап! Тағылымы қандай терең! Тәрбиелік мәні қандай зор! Қазақта ұят бар. Қазақты өзгеден даралап тұрған да осы қасиеті. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеуден бастау алады. Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың мәңгілік қорғаушы шамшырағы. Ұлттың қорғаны – бұл біздің ұлттық болмысымызды көрсететін тіліміз, дәстүріміз және рухани мұрамыз. Кезінде ата-бабаларымыз елімізді «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қалай қорғаса, ұлттық болмысымыз бізді жаһандану секілді алып айдаһардан дәл солай қорғайтындай. Ұлтымыздың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», – деген. Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Сол ұлттық құндылықтарымыздың арқасында біз өзіміздің ұлттық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз. Сондықтан да кешеден бүгінге сол құндылықтарымыз қалай жетті, ертеңгі күнге жеткізе аламыз ба деп алаңдауымыз керек.
Абай: «Адамды заман билемек, заманға жаман күйлемек», – дейді. Бұл әлемдік даму жолын түсінуге мүмкіндік береді. Біз үшін жасанды, виртуалды әлемде жоғалып кетпеу, жаһандану заманында өзіміздің ұлттық болмысымызды, ұлттық бірегейлігімізді және рухани ерекшелігімізді сақтап қалу аса маңызға ие. XXI ғасырда рухы биік, әлем мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай белес тұр. Бұл ең маңызды мәселелердің бірі.
Масқара! Ит пен мысыққа – 6500, бала күтіміне – 708 теңге!
Біз үшін еліміздің өркендеуі, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына. Ол үшін жаны қазақ әр ата-ана, ұлттың келешегі үшін алаңдап, ұрпағына тілі мен ділін, қасиетті дінін ұғындыра білуі тиіс. Еврей халқы ұлт болып ұйысудың арқасында жоғалып кеткен тілін қайта жаңғыртты. Қазағым-ау, сенің тілің сан ғасырдан бері келе жатыр ғой. Оны қалай жоғалтпақсың? Дінің де салт-дәстүрмен біте қайнасып кеткен ғой. Қалай адаспақсың? Осы жерде аналық ақ тілегім билікке бағытталмақ. «Айналайын билік басындағы азаматтар. Аллаға шүкір дейік, қазір өз тізгініміз өз қолымызда. Баяғыдай ешкімге жалтақтамаймыз. Олай болса сендердің мемлекеттік тілге деген ниеттерің мен намыстарың – барша қазақ халқының рухын көтеретін алмас қылыш! Сендер мемлекеттік тілде сөйлеп, нағыз қазақтың салиқалы ұрпағы екендіктеріңді көрсетіңдерші, дүйім ел, барша жұрт соңдарыңнан ереді. Сендерге қателесуге болмайды. Қазақтың тілінің ең бірінші жанашыры сендерсіңдер! Ұлтты шыңға шығаратын да, құмға батыратын да сендерсіңдер! Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүрді асқақтату сендерге байланысты. Ол үшін ұлтты ұйыстыратын ұлттық идеология керек. Әлі де кеш емес. Осыны естен бір сәт шығармауларыңды өтінемін.
Мысалы, жоқ-жоқ дей бергенмен бізге ешкім ештеңе әкеліп бермейді. Барға қанағат еткен дұрыс. «Бұдан да жаманымда тойға барғанмын» дейді қазақ. Дәл бүгінгі таңда еңбек еткеннің аузы қимылдап жатыр. Шүкір мен тәубені де ұмытпағанымыз жөн. Әрине, Ескі Қазақстанның «көне жолынан» даңғыл жолға сарт етіп бірден түсіп кету оңай емес. Уақыт керек. Былыққа батқан жүйені қалпына келтіру – үлкен процесс! Төзімділік пен шыдамдылық керек, халқым!
Жақында Ел Президентінің халыққа Жолдауында айтылған газ бен мұнайдан, жердің асты мен үстінен түсетін пайдадан ұрпаққа үлес тиді. Әр баланың шотына ақша түсті. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша БЖЗҚ-ға еліміздегі 18 жасқа дейінгі балалардың жинақтау шоттарына бірінші төлемді аударды. Әр балаға 100,52 доллардан түскені белгілі болды. Қандай жағымды жаңалық! Ештен кеш жақсы деген осы! Қатты қуанған ананың бірі мен шығармын. Болашақ үшін. Олар ертең ержеткенде мемлекеттің аяқтарынан тұруына, үй алуына, оқуға түсуіне жағдай жасағанын көргенде қандай күйге түсерін көз алдыңызға елестетіңізші. Ондай ұрпақ мемлекетін қалай жақсы көрмейді? Алла жазса небір ұлтына қорған болар, халқына тіреу болар ұрпақтың өсіп шығарына күмәніңіз болмасын! Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» деген сөзі осындайда ойға оралады. Бұл демографияға да серпін беруі әбден мүмкін. Ұлт болашағына жасалған осы бір игі қадамға өз басым шексіз ризамын. Осындай игі бастамалар әлі де жалғасын таба берсе, келешегіміз жарқын болары даусыз!
Айта кеткім келгені, бүгінде әр баланың есепшотына қанша қаржы түсетіні барлық ата-ананы қызықтырады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді екен. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында шамамен кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналмақ. Алайда бұл нақты цифр емес. Себебі, осы уақытқа дейін экономист сарапшылар айтқандай, Ұлттық қорға түсетін инвестиция көлемі жыл сайын неше мәрте өзгеріп отырады.
Жаңа туған сәбилердің шотына түсетін 100 долларға қуанып отырып, жақында қаңғыбас ит пен мысыққа күніне 6500 теңге, бала күтіміне күніне 708 теңге бөлінетінін естіп, шалқамнан түсе жаздадым. Бұл не масқара?! Билік басындағы азаматтар бұл мәселеде ойлануы керек. Біздің қоғамның дамуына қайсысы пайдалы? Бұл даланың егесі кім? Ел басына күн туса, ұлан-байтақ даламызды мысық пен ит қорғай ма?
Астанадағы ит ұстайтын мемлекеттік питомникке жыл сайын 350 млн теңге бөледі екен. Иттерді өлтірмей, бағып-қағу үшін 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысы да көштен қалмай 150 млн теңге (295 мың доллар) бөліпті. Бұл 2022 жылғы дерек. 2023 жылдан бастап ақшаны екі еседей көп бөлмекші боп жатқан көрінеді бұларға. Бізде қазір осындай питомниктен аяқ алып жүре алмайсың. Рас болса, әр итке ай сайын 180 мың теңге бөледі деп естідім. Балаға 100 доллар бергеніне мәз боп біз жүрміз. Бір ит ары кетсе 80 мың теңгенің тамағын ішеді бір айда. Қалған ақша қалтаға кетіп жатқан сияқты ғой соған қарағанда. Осы питомниктердің айналасында жүргеннің бәрі басқа ұлттар. Ит десе өліп-өшіп тұратын, онымен бір квартирада тұрып жаман үйренгендер шетінен. Хайуанмен бірге жатады, солармен тұрады, бірге ас ішіп, асты-үстіне түсіп жүреді қашан көрсең де. Үйінде ит ұстайтындарға салық салу керек шығар ендігі. Адам басына салық (пәтерақы) төлейміз, итке де салық салсын мықтап. Сонда көрер едім құтырғандардың әуселесін…
Дін сабағы мен ұлттық құндылықтар сабағы ауадай қажет
Ұлттық құндылық туралы бекер айтып жатқан жоқпын. Біз бір заманда шетелге бала сатқан елміз. Не үшін саттық? Не пайда таптық? Оған әлі ешкім нақты жауап берген жоқ. Ананы-мынаны кінәлағаннан еш пайда жоқ. Өткеннен сабақ алсақ болды ең бастысы.
Жиырма бес мың жетім! Осындай бала сыртқа сатылған дейді бейресми ақпарат. Бәлкім бұдан көп, бәлкім бұдан аз. Шетел асып сусылдаған доллардың сайқал күлкісімен сатылған шерлі жетімдер! Атаңа нәлет тексіздер, имансыздар, құдайсыздар, Отанын сатып жатқандар бұл істің басы-қасында жүргендер. Бізде бәрі сатылды. Көл сатылды, шөл сатылды, дала сатылды, жер сатылды. Бәрі сатылып болған деп отырсақ, сонау алпыс қырдың ар жағынан ащы үн шығады. Шетел асқан жетім 25 мың баланың үні..!
АҚШ-тан келіп Қазақстаннан бала асырап алған бір отбасы сөйлеп жатыр. «Қазақстаннан қыз бала асырап алдық. Алматыдан. Сол кезде таксиге отырып ұшаққа билет алуға келе жатқанда, такси жігіт, кішкентай қызды көріп еңіреп тұрып жылады», – дейді. Намысы бар жігіт қой. Осы сөз маған қатты әсер етті. Тамағыма өксік тығылды. Намысы жоқтар билікті сағалайтын заманға кез келдік пе? Министр, депутат, әйтеуір лауазымға ұмтылатындар көп. Бірақ олардың көзінен жастың шығуы қиын. Бетон бет көбісі. Сәбиді емес, ұлтты жерімен қосып сатып жіберсең де безірейіп тұрады. Себебі рухы өлген. Ұлттық емес, материалдық құндылықтың құлы олар… Ал ана такси жігіт күнкөріс үшін далада жүр, бірақ кеудесінде қазаққа деген махаббаты бар, бірақ үні шықпайды, шықса қамалады, сотталады, қуғынға түседі. Міне, қазақтың бүгінгі тірлігі. Бельгиядан Қазақстанға анасын іздеп келген Жәнібекті көріп жыламаған қазақ жоқ. Соның бірі өзіммін. Анамын ғой, жүрегім ауырды. Анасы тезірек табылса дедім. Бірақ…
Жәнібек елден езіліп кетті. Безініп кеткен жоқ…
Назарларыңызға мына бейне таспаныұсынып отырмын… https://www.facebook.com/share/p/rGCL9XRmRFugvVDh/?mibextid=Nif5oz
Америкалықтар асырап алған қазақ қызының мұңын тыңдағанда көз жасым көл болды. Қаншама ана менің күйімді кешті десеңізші! Қандай ауыр тағдыр! Өте ақылды, білімді қыз екен. «Алдыңа қойған мақсатыңа жет!» – дедім ішімнен. Басқа қолымнан не келеді? «Әке-шешең табылып, кездесулеріңе тілектеспін» дедім сосын күбірлеп. Кезінде бәлкім уақытша қиындықтар туындаған болар, мүмкін кейін іздеген болар. Қаншама шетел асып кеткен балапандар естияр болған кезде ата-анасын іздеп Қазақстанға келуде. Қазақстандықтар үшін бала асырап алуда көп тосқауылдар мен қиындықтар бар. Кезінде шетелдіктерге бала сатып жатыр дегенді көп естіп, сенбеуші едік, енді нәтижесінде осылай болып тұр. Бұған кімді кіналаймыз… кімдерді соттаймыз? Біздің билік осыдан сабақ алды ма? Келешекте қазақ баласының шетелге сатылмауына нүкте қоятын заң қашан шығады, депутат мырзалар?
АҚШ-қа асырауға берілген Қазақ қызы: «Мен жат елде өзіме ұқсамайтын адамдар арасында өсіп, жалғыздық өмір кештім… Мен өз туған елімнен ажырап, тамырымнан айырылдым. Туған тілімнен айырылдым», – дейді ол. Өз елінде жүріп, өзіне ұқсайтын миллиондар ішінде жүріп, ата-баба тілін менсінбейтіндер, керек етпейтіндер, осы қыз сендерге сұрақ қойса не дейсіңдер? Жат тіл, жат дінге неге табынасыңдар өз елдеріңде жүріп? Қашан қазақ екендіктеріңді мақтанып айтасыңдар? Қазірдің өзінде кейбір жастарымыз басқаларға еліктеп, денесіне сурет салып, кейбір қыздарымыз шаштарын түрлі түске бояп, салтымызға лайық емес киімдер киіп жүргенін көреміз. Енді жасөспірімдер мен оң-солын ажыратып білмеген жастар осылардың соңынан ерсе, тоқтату мүмкін болмай қалады. Жасөспірімдердің санасын улайтын жағдай бұл. Ауруды асқынбай тұрғанда емдеген дұрыс! Мемлекет тарапынан тосқауыл қойылады деп сенеміз.
Адал ас ішкен бабаларымыз обал мен сауапты ойлаған. Олар құдайдан қорыққан. Билікте жүрген азаматтарға айтарым, не нәрсенің де сұрауы бар. Ұлт үшін қызмет етсеңдер, төрге шығасыңдар, ұлттық құндылықты дәріптесеңдер, халықтың жүрегіне жол табасыңдар! Ал жеке бастарыңды ойлап, дүниеге құнықсаңдар – халықтың қарғысын арқалап, көрде де дұрыс жата алмайсыңдар. Осыны естен шығармасаңдар деймін.
Баяғыда балабақшада аспаз болған бір кемпір қолы дірілдеп, өз денесіне өзі ие бола алмай, ас іше алмай отырады екен. Сонда жаңадан түскен келіні: «Апатай-ау, қолыңыз неге сонша дірілдей береді?» – деп сұрапты.
Е, айналайын келін шырақ, басың жас, ғұмырың алдыңда, ешқашан баланың ырыздығына қолыңды салма, балабақшаның балаларына тамақтың сылдырын беріп, қою тамақты ұрлап үйге тасып едім, міне, қолымның дірілдегеніне он бес жыл болды, алдыма келген асты қасықты шайқап, өзім дірілдеп отырып әрең ішемін, – деп зар қағыпты.
Бұрын да жаздым, қазір де айтамын, еліміздегі барлық мектепке Дінтану сабағы мен Ұлттық құндылықтар сабағын енгізу керек! Бұл жаһандану дәуіріндегі басты қорғанышымыз болмақ. Иманды ұл мен ибалы қыз өсіргіміз келсе, діни білім керек-ақ. Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес заманында Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында директордың тәрбие ісіне жауапты орынбасары болып қызмет еттім. Бірде Украинада өтетін дүниежүзілік фольклор фестиваліне оқушыларды апардым. Қолым қалт еткен бір сәтте бұл халықтың дарынды балалар оқитын мектептерін көрейін, танысайын деп әдейі іздеп бардым. Сонда таңғалғаным 2-сыныптан 9-сыныпқа дейін Дінтану сабағы жүреді екен. Таңғалдым. Ол заманда бұл ойға келмейтін дүние. Санамызға қонбайтын бағдарлама. Бұл оқиға менің есімде өшпестей қалды. Неткен мықты халық еді! Кеңес заманында өз ойларымен жүрген. Ешкімнен қаймықпаған. Бүгін көріп отырмыз ғой олардың қандай отаншыл екенін. Дін мен тіл ұрпақ санасына ұлттық құндылық негізінде кірпіш болып қаланса, ол халықты ешқандай ағым, дұшпан жаулап ала алмайды. Бұған кәміл сендім. Олардың рухының, негізінің мықты болуына діні мен тіліне беріктігі әсері етті деп ойлаймын.
Осы орайда менің айтпағым, дінмен алыса бергенше, оны тілдей бергенше, «Дінтану сабағын мектеп бағдарламасына енгізейік» деп неге айтпайды осы біздің депутаттар? Біз қазір діннің өзімен күресіп жатырмыз, салдарымен емес. Егер бастауыш сыныптан Дінтану сабағы енгізілсе, онда балаға ата-баба ұстанған дін, салт-дәстүрге негізделген, сандаған ғасыр елегінен өткен, ұлттық болмыспен қабысқан ислам дінін түсіндіру қиын болмас еді. Кейін жастарымыз да өзге ағымдардың жетегінде кетпес еді. Түбін, тегін түсінер еді… Мен бұрын да жаздым, қазір де айтамын, мектепке Дінтану сабағы мен Ұлттық құндылықтар сабағын енгізу керек! Бұл – заман талабы. «Біз осы уақытқа дейін ұлтшылдықпен күресіп келдік. Енді ұлтсыздықпен күресу керек», – депті жазушы атамыз Ғабиден Мұстафин. Болашақтың проблемасын қалай дөп басып айтқан?!
Ұлтты азғындыққа шақыратын бағдарламалар жабылсын!
Жастарымыз әлеуметтік желінің құлына айналып бара жатыр. Оны күнде көріп отырмыз. Анығын айтқанда, оларды ТикТок пен инстаграм тәрбиелеуде. Теледидардың өзінде көріп жатқаны «Қосылайық» пен «Қалаулым» сынды бағдарламалар. Бұларды мемлекет қаржыландыратынын, тендер бөлетінін айтпай кетсем, арға сын!
Бүтін елдің алдында бір-біріне бейәдеп сөздер айтып, бір-бірін жұлып жатқан қыздар. Ондайды көріп өскен ұрпақ анайы әрекет атаулыны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Шашын бояп, құлағына сырға тағатын қызтеке ұлдар мен ерлерше киініп, шарт-шұрт түкіретін еркекшора қыздарды көрсем, түңілемін. Өкініштісі, солардың теріс әрекеттерін мінеп, түзу жолға бастайтын аға-апаларымыз үнсіз қалып, еш іс-әрекет танытпай жатқандығы жанға батады. Үкімет «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» кейпінде. Қашан тоқтам болады? Меніңше, бар мәселе еліктеуде болып тұр. Өйткені бүгінгі таңда теледидарымыз бен интернетіміз жат елдің сериалдарына толы. Соларға үңілген оқушы қыздарымыздың кәріс әртістеріне ғашық болып, соларға тұрмысқа шыққысы келетіндерін байқадым. Ұят қайда?! Ар қайда? Қазақ қызы неге мұндай күйге түсті?
Әлі де елімізде ұлттық құндылықтарға шабуыл жасап жатқан сайттарға тоқтам болмай тұр. Еліміздің таным-түйсігін, ғұрып-әдетін түбірімен шірітуге бағытталғанын түсініп, қоғам тарапынан тыйым салынуы керек! Бесіктен белі шықпаған балаларға жат идеологияны тықпалауға түбегейлі қарсымын! Үндемей отыра беруге болмайды! Бұл – ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіретін саясат!
Ұлттық құндылығыңды жоғалтып, жылтырағанға еру шалыс басқандық емей немене?
Атам заманнан қазақ отбасында бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген даналыққа толы нақыл арқылы халқымыздың бала тәрбиесіне қаншалықты мән бергенін түсінеміз. Ежелден қазақ баласы «Әкең келе жатыр» деген бір-ақ сөзбен тәрбиеленді. Ал балаға дастарқан басына әкесі келмей, тамаққа қол созбауды, «әкеңе айтам» деп баланы тәртіпке шақыруды аналары үйрететін. Еліміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, келешекте ана, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, шыншылдыққа баулыған. Бойжеткен, ару қыздарын сырт көзден сақтаған. Қыз ибасы, қыз әдебі дегенге жеңіл-желпі қарамаған. Гендерлік саясатты дамыту, әйел мен еркектің теңдігін жолға қою ісі айналып келгенде әйелдерді «еркектерден қай жерің кем?» деп елірте беру емес. Бұлай ұғыну қисынсыз. Кейбір әйел заты қиындыққа шыдамай, еркекше шылым шегіп, шарап ішіп, өмірін өксітіп жатады. Бұл, әрине, біздің қазаққа жат қылық.
Көпке топырақ шашқаным емес, аға ұрпақтың ісін жалғап, тектілігін сақтаған қазақтың жігіттері мен қыздары баршылық. Бірақ өте аз. Қазақ қоғамындағы жастардың шетелдің шым-шытырық дүниелеріне еліктейтіндері жақсылық нышаны емес. Білгенге өз қағынан жеріну. «Заманы басқаның адамы басқа» екен деп, жігіттер қыздардың сызыла күліп, майыса жүргенін қайталаса, намысын ұмытып, өзімшілдікпен күн көрсе, ұлттың ендігі күйі қандай болмақ?! Қызың шетелдің зәңгі әншісіне іш киімін лақтырса, жеткен жеріміз осы болғаны ғой. Не деген жиіркенішті қылық десеңші?!
Әділетті Қазақстан құру үшін ұлтшыл азаматтар керек
Бұл орайда айтарым, «Қалаулым», «Қосылайық» деген бағдарламалар жабылуы тиіс. Ұлттық құндылықты жер еткендері үшін. Салт-дәстүрге құрмет көрсетпегендері үшін. Қыз балаға тән қылықты жер етіп, батысқа еліктеп, бас-басына би болғаны үшін… Интернетке де Үкімет бақылау орнатуы – уақыт талабы.. Оқушы балаларға сабақ үстінде ұялы телефонды ұстауға заң арқылы шектеу қоймаса, тағы болмайды. Өйткені оқушының ойын осы құрылғы бұзады. Депутаттардың құлағына алтын сырға! Сосын өзін еркін сезініп, қазақ бола тұра өзге тілде сөйлеп, өзге жұрттың таным-түсінігін қазақ жастарының санасына сіңірмек болып жүрген бағдарлама жүргізетін журналист қыздарға да қатаң ескерту жасалуы тиіс! Олар отпен ойнап жүр. Баян Алагөзова деген бір сылқым танымал бір бағдарламада күйеуінің көзіне шөп салғанын ашық айтып отыр. Сол үшін соққыға жығылғаны ұят көрінеді. Қазағым, қайда барасың! Бабаларың жар төсегіне дүниенің байлығын тең көрмейтін еді ғой. Азғындықтың бұдан асқан қандай түрі бар? Мұның қандай тәрбиелік мәні бар? Ұлттық идеология осындай бағдарламаларды қырағы бақылап, ұлттық болмысқа, салт-дәстүрге сай емес бағдарламаларды жабу арқылы ұрпақтың санасын улаудан аман алып қала алады. Қазақты қазақ етіп тұрған – әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі! Олар жоғалса, жер бетінен мәңгі жоғаламыз! Сол үшін ұлтты сақтап қалу үшін идеология басына Ільяс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібеков секілді ұлтжанды азаматтар отыруы тиіс!
Қазақ үш жүзден құралса да, үш жүзге бөлінбеген ЕЛ еді. Бүгіндері қанағатсыз бай қазақ, тойымсыз кедей қазақ, мәңгүрт қазақ, Мамбет қазақ, жаңа қазақ, салафит қазақ, ойбай, толып жатыр ғой, жүзге бөлінген намыссыз қазақ. Осы «жүзге бөлінген» қазақтардың басын қосудың қамын ойлайтын уақыт жетті. Қалай дейсіз бе? Ең алдымен ұлттық сананы оятуымыз керек. Не үшін ұлттық сананы оятуымыз керек? Себебі қазіргі жүріп жатқан жаһандануға жұтылып кетпес үшін әр ел өз ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға тырысады. Мәселен, француздар ағылшын тілін біле тұра тек французша сөйлейді. Мұның өзі осы ұлттық бірегейлігін сақтаудың бір жолы десек болады. Ал мұның өзі ел тәуелсіздігінің нығаюына, ғұмырының ұзақ болуына септігін тигізбек. Біздің елімізде де осындай әрекеттерді байқауға болады. Мәселен, көптеген кино, әдебиет туындыларын ана тілімізге тәржімалау, қазақы ұлттық киімдерімізге деген сұраныстың артуы осы сөзіміздің бір дәлелі болмақ. Тек мемлекет тарапынан қолдау аз. Әйтпесе…
Байқайсыз ба, кез келген қазаққа шапан мен бөрік кигізіңізші, рухы биіктеп, жүзі нұрланып шыға келеді. Кәдімгідей бойынан мақтаныш сезімі бой көрсетеді. Бұл – қан арқылы берілетін Тек! Демек, қазақты ұлттық құндылығына қайта оралтуға болады. Түзу жолдан адасқандарды, өзге тілде сайрап жүргендерді де. Ол үшін мемлекет ұлттық идеологияны ту қылып көтеруі тиіс…
Өз басым «Жаңа Қазақстан», «Ескі Қазақстан» дегенді құптамаймын. Маған жаңарған, ұлттық рухы оянған, әділеттілік салтанат құрған Қазақстан керек. Ол үшін білікті азаматтарды Президент Тоқаев қасына жинауы тиіс. Мысалы Асқар Мырзахметов тұғырдан түсіп отыр ма? Ералы Тоғжанов нағыз дер шағында! Дархан Мыңбаев та ұлтым деген азамат. Оңдасын Оразалин кімнен кем? Мен атын атаған азаматтардың білімі мен жинаған тәжірибелерін пайдалануға не кедергі? Олар жемқорлықпен істі болған жоқ. Олардың артынан жаман сөз ерген жоқ. Біздің елде қазір кадр мәселесінен қадір кетіп тұр. Бұл ащы шындық! Мен атын атаған азаматтар Назарбаев билігіне қызмет етті екен деп, лақтыра салу әділдік пе?
Иә, бүгінгі резервтік саясат маған ұнайды. Қай қоғамның болса да жақсы жағынан алғанға не жетеді. Кеңес Одағында жастарды мамандығы бойынша ауылға арнайы жолдамамен жіберіп, әбден пісіріп, сатылап өсуіне жағдай жасайтын. Назарбаевтың өзі солай өскен. Билікке солай жеткен. Өзім білетін бір білікті жас бар еді. Ол – Асхат Оралов. Сол жігітті әр жерге қызметке қойып, жыл өткізбей көтеріп-көтеріп, ақырында Мәдениет және туризмге басшы қылып апарып «үнін өшірді». Обал тіпті. Бар болғаны 32 жастағы азамат. Ол «Аманат» партиясында тәп-тәуір істеп дәуірлеп келе жатыр еді. Қайтейін. Бұлай омақасы асып жатқан жастар қаншама. Жүрегің ауырады.
Заманында Абылайдың қасында Бұқар жүрді. Ол «Әй, Абылай, Абылай!» деп, буырқанған жырын елдің атынан ханға жеткізіп отырды. Бүгінгінің «Бұқарлары» билік басына келген Президентке том-том дастан арнап, ода жыр оқудан аса алмай жатыр. Николай патшаны тақтан құлатқан Ленин бастаған большевиктер – ақ патша заманында жоғары білім алып, патшаға қызмет еткен алашорда ардақтыларын қызметке тартты. Олардың білімін пайдалану үшін кешірім де жасады. Егер Ленин тағы бір он жыл өмір сүргенде қазақтың бағы жанар ма еді? Алаш ұлдарының қаны судай ақпас па еді!
Сталин қалай билікке келді, Алаштың басына әңгір таяқ орнатты. Қуғындады, ақырында құртып тынды. Сөйтіп қасына ылғи баскесер, жоғары білімі жоқ, шолақ белсенділерді жинап, адамзатқа қауіп төндіргенінен неге жерінбеске?
Бір байқағаным, бүгінгі билікте меритрокатия бар, бірақ сол «таныскратияға» жалғасып жатыр. Жастарды өсіру керек, алайда тілден мақұрым, шетелдік дипломын жалақтатқан маманды төбеге көтеру дұрыс емес. Билікке кім келсе де мемлекеттік тілді білуіне ден қойылатын уақыт жетті. Бұл өзгелерге сабақ болар еді. Білімі зор жастың қазақ тіліне шорқақтығы билікте өсуіне кедергі келтірсе, кез келген ұлт өкілі баласын қазақ тілін үйренуге үгіттейді. Амалдың жоқтығынан. Кешегі кеңестік саясаттың жолы осы! Соны неге бүгінгі саясатта пайдаланбасқа? Дипломы болғанмен, тәжірибесі жоқ, ана тілінен жұрдай асфальтта өскен балалар елді қалай басқарады?! Тіл ұлттың жүрегі екенін біздің билік қашан түсінер екен? Ұлтты ұйытып отырған да осы қасиетті тілі! Тіл жоғалса, ұлт та құрдымға кетпек.
Павлодар қаласында қазақ тілін талап еткені үшін тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі «жындыханаға» қамалды. Тәуелсіздіктің отыз үшінші жылы. Ұят па, ұят, әрине! Сүйекке таңба! Қайта төрге озып, жоғары қызметте жүруі керек еді…
Баспасөзге жазылуға неге тыйым салынады?
Қазақ тілін айтқанда бейшара күйге түскен қазақ газет-журналдары туралы айтпай кету мүмкін емес. Бұл басылымдарға жазылуға мұғалімдерді «мәжбүрлеуге» шектеу қойылған. «Мәжбүрлемеңіздер» деген бұйрық райындағы бір ауыз сөйлем ұстаздар қауымына жақсы сылтау болып тұр. Егер ұстаздар қауымы газет-журнал оқымаса, қарапайым халыққа басылымдарға жазылыңдар деуге кімнің дәті бармақ. Түсінгенге газет пен журнал мұғалімнің қос қанаты емес пе! Ұстаз деген үнемі ізденісте жүретін мамандық санатында екенін біздің Үкімет неге ұмыта береді осы!? Ал шетелдік басылымдарға (көршіміз Ресейдің басылымдарына) ерекше қолдау көрсетілетіні өтірік пе? Еліміздің интернет кеңістігінде батыстың қолдауына ие, менталитетімізге жат, ұлттық құндылығымызға қарсы сайттардың көп екені көкірек көзі ояу адамдардың бәріне белгілі нәрсе. Олардың оқырмандары қандай көп. Миллиондап саналады. Қазақ сайттарына оған жету қайда?! Арман ғой… Мемлекеттік тапсырысқа келгенде бұны ойлап жатқан билік жоқ. Жеме-жемге келгенде қазақ сайттары қаржыға «қолы саны» жетпей қалады. Лайк басушылар қарасы көп болғандықтан, олардың наны жүріп тұр. Орыс тілшілердің «бағы» жанып-ақ тұр. Бұл түсінгенге әділетсіздіктің көкесі. Тұтынушылардың саны ескерілмей, бәрінен бірдей «қол санын» талап ету – қазақ сайттары мен газет-журналдарына жасалып жатқан қиянат! Зорлық! Егер ұлттық идеологиямыз мықты болғанда мұның бірі де болмас еді. Өз елінде, өз жерінде қазақтың тілімен бірге халқы да, газет-журналдары да қағажу көріп жүрмес еді… Әттең, тонның келтесі-ай!..
Бүгінде әлеуметтік желі – үлкен күш. Кибербуллинг – өте көп қолданылатын жер осы әлеуметтік желілер. Оны Аягүл Мантайдың өлімі көрсетті баяғыда. Бірақ әлі күнге заң әлсіз. Содан да болар, небір арсыз сөздер мен боқтаулар тыйылмай тұр. Өсек-аяңды шындай қылып жазатын, сөйтіп халықты жік-жікке бөлетін блогерлер мен жалған фейктерге, жалған арандату фактілеріне қылмыстық іс қозғайтын заң әлі жоқ. Ол заң дайын болғанша қаншама халық зәбір көрмек? Қаншама адам ауру болмақ. Қаншама адам топырақ жастанбақ!
Әлеуметтік желінің бүгінде жүрмейтін жері жоқ. Таралымынан шошисың. Жасөспірімдердің санасын улап жатқан жағдай елімізде өте көп. Қаптап кеткен түнгі клуб, лезбиянкалар қоғамы, феминистер ұжымы т.б. да арсыздыққа итермелейтін ұйымдарға шектеу қойылар емес. Олардың басты мақсаты – қазақты іштен іріту, жою, ұлттық құндылығыңды күлпарша ету. Ұлың мен қызыңды еліктіріп жүрген де солар. Мемлекет тарапынан тосқауыл қойылады деп сенумен ел жүр. Қазірдің өзінде кейбір жастарымыз басқаларға еліктеп, денесіне сурет салып, кейбір қыздарымыз шаштарын түрлі түске бояп, салтымызға лайық емес киімдер киіп жүруге көшті. Енді жасөспірімдер мен оң-солын ажыратып білмеген жастар осылардың соңынан ерсе, тоқтату мүмкін болмай қалады-ау деген қорқыныш басым менде. Аурудың алдын алмаса, арты не болатыны түсінікті емес пе!
Түйін:
Ұлттық құндылығың жоғалса, ұлылығыңнан не пайда?!
Қазақ бұрын тәубешіл халық еді. Қазір әурешіл халыққа айналғандай. Президент бастап мемлекеттік органдардың, Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылары мен құтқарушылар Алматыға барып, мәселені анықтап, тиісті шара қабылдауды пысықтап қайтты. Жер сілкінісі жағдайында елдің қалай дүрліккенін көрдік. Аллаға тіл тигізіп, ақырында мешітке тығылғандар саны артыпты. Осы жерде депутат Ардақ Назаровтың мына жазғанымен келіспеске шарам жоқ. «Талайды тәубесіне келтірген түн. Осы түн соңғы түніміз болғанда не істер едік? Бұл Алланың кішігірім ескертуі. Ойлап қараңызшы: жер бұдан да қатты сілкінсе, бүгін қандай халде болар едік. Аллаға шүкір! Бұл Алланың Мейірімі деп түсіну қажет. Өйткені үлкен ескерту келмес бұрын кіші ескерту, үлкен азап келмес бұрын кіші азап келеді. Адамдар шарасызбыз, қолымыздан түк келмейді. Сөйте тұра тәкаппармыз. Ойлан!!! Тәубеңе кел», – деп жазды Ардақ Назаров инстаграмында. Бұл шынында да ойланарлық мәселе. Әлеуметтік желіде имамдарға тиісемін деп жаратушы Аллаға тиісетіндер, құранға тіл тигізетіндер көбейіп барады. Ойланайық, ағайын! Алланың қаһары қатты негізі.
Бұл мақаламда ұлттық құндылық туралы айтып келіп, ұлттың өзге де өзекті дүниелерін қамтуға тырыстым. Бәрінің түбірі ұлттық құндылықта жатыр. Белгілі қазақстандық режиссер, драматург, ақын, жазушы, аудармашы Ермек Тұрсынов былай депті: «Білімсіз болсаң, қараңғы болсаң, одан не пайда? Мәдениетсіз болсаң, тәрбие көрмесең, одан түк шықпайды. Мәдениетсіз болып, білімді болсаң, өте қауіпті. Оны мен емес, кезінде әл-Фараби «Тәрбиесіз адамға білім беру қауіпті» деп айтып кеткен. Мысал ретінде айтайын, соғыс кезінде концлагерьлерде неміс дәрігерлері тәжірибе жасады. Олардың бәрі өте білімді. Бірақ олар өз сынақтарын тірі адамдарға жасады. Ешкім дәрігерлерді надан, қараңғы деп айта алмайды. Қанша жерден жоғары дәрежелі маман болса да, адами тұрғыдан қарағанда, гуманистік жағынан қарағанда бұл сынақ адамға жасалған үлкен қиянат болды. Қазіргі заманда білімділер көп. Бірақ олардың тәрбиесі мен жоспары, өмірге деген көзқарастары күдік туғызады. Басшылықта отырғандардың көбі шетелден небір жоғары оқу орындарын бітіріп келгендер. Резюмелерін оқып отырып бірден орден бергің келеді. Бірақ олардың жұмыс істегендегі мақсаты қандай, қоғамға тигізер пайдасы қандай? Ұлттық кеңестің мүшесі болған кезімде астанаға жиі барып, үлкен жиындарға қатысатынмын. Сол жердегі адамдарға қарасаң, әрине, бәрі білімді, оқыған азаматтар. Бірақ олардың мәдениетінен білімі озып кеткен. Мен қазақ ауылында туып-өстім. Көршілеріміздің көбі соғысқа қатысқан ардагерлер мен ауылдың кемпір-шалдары. Кейбіреулері тіпті өзінің фамилиясын жаза алмайтын. Бірақ олардың әңгімесін тыңдасаң, өмірге деген көзқарасы, адамгершілігі, парасаттылығы мен тазалығы, мәдениеттілігі өте биік болатын. Олар кітап оқымаған, кино көрмеген, театрға бармаған, Моцарт пен Бетховенді танымайды, классикалық музыканы тыңдамаған. Мен оларды осындай болмыстарымен жоғары бағалаймын. Олар маған өмірлік ұстанымымды айқындап берді. Қоштасқанда «Адам бол» дейтін. Адам болдың арғы жағында көп мән бар. Әрине, оқы, білім жолында биікке жет. Бірақ ешқашан қайдан шыққаныңды ұмытпа. Адам қанша жерден Нобель сыйлығын алып, мәдениетсіз болса, мен үшін бағасы төмендейді. Сондықтан мен тәрбиені, мәдениетті бірінші орынға қоямын…
Сенатор Бибігүл Жексенбай ханымның жазбасына үмітпен қарап отырмын қазір. Ұлттық құндылық туралы тілге тиек етіпті. Әп-бәрекелді деймін, әрине. «Биыл ұлт ұйытқысы – Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысы өтеді. Қазақстан қазір жаңа, күрделі трансформациядан – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру кезеңін өткеріп жатыр. Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтай құру жөніндегі бастамасының мақсаты да қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыра отырып, жалпыұлттық құндылықтар, руханият, бірлік, жаңа әлеуметтік этика, жаңарған менталитет бағытында қоғамдық бастамаларға қолдау болды. Елдегі саяси-экономикалық реформалар да осы идеологиялық өзгерістермен қатар, бірге жүруі – жалпы қоғамдық жаңғыртудың негізі. Әлемдегі ахуалдың шиеленісіп, халықаралық жағдай күн сайын құбылып жатқанына куә болып отырмыз. Әр ел, әрине, өз мүддесін жоғары қоятыны түсінікті. Сондықтан да әрқайсысы өз өктемдігін, өз ұстанымын тек саясат, экономикада ғана емес, руханиятта да өзгеге байлап, өз талабына икемдеуге тырысып жатқанын көкірегі ояу, көзі қарақты көпшілік біліп отыр. Өркениеттер, идеялар мен ұстанымдар қақтығысы кезінде өскелең ұрпақтың адаспауы, қоғамның ұлттық құндылықтарды дұрыс бағамдауы аса маңызды. Ұлттық Құрылтайдың қоғамды ұйыстыру миссиясының түп негізі осы екені белгілі.
Шынында да біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекетпіз» бе?
Қазақстан бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болу қажет. Бұл үшін, әрине, сенім – шешуші фактор. Билік пен халықтың өзара байланысы мен сенімін күшейту бағытындағы елде қолға алынған институционалды өзгерістер оң нәтижесін бере бастады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттары билік пен қоғам арасындағы диалог пен консенсус арқылы өзара байланыстың жаңа үлгісін қалыптастырып жатыр. Әрине, жылдар бойы қалыптасқан «әдетті» жеңу екі жақ үшін де оңай емес. Дегенмен, соңғы бір-екі жылда болып жатқан өзгерістерді көрмеу мүмкін емес.
«Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз», – деді Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.
2023 жылдың екінші жартысында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ұлттық құндылықтар жүйесін қайта жаңғырту мәселелеріне ойысты. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында (17 маусым) Түркістанда сөйлеген сөзінен басталды, онда ол негізгі идеологиялар тізбесі: Тәуелсіздік пен отансүйгіштік, бірлік пен тұрақтылық, әділеттілік пен ынтымақ, Заң және тәртіп, сенім және жауапкершілік, мәдени білім және кәсібилік және еңбек секілді негізгі идеологияларды нақты атап айтқаны аян» депті. Көрейік. Президенттің сөзінен ұққаным, ұлттық құндылықты басты назарда ұстау басты қағидат болмақ. Сенейік!
«Qazaqstan dauiri» басылымы еліміздің бар аймағын жылда аралап жүр. Экспедициямыздың аты да «Ауыл аманаты – ел аманаты». Осыдан-ақ газетіміздің басты ұстанымы не екені көрініп тұр емес пе? Ол – ұлт болашағы. Бабалар аманатына адал болу! Ұлттық құндылығымыздың өміршеңдігін көрсету. Дәріптеу. Тілдің қадір-қасиетін ұрпаққа сездіру. Қазақ барда салт-дәстүр сақталуы тиіс. Себебі өзге елдер өздерінде жоқ әдет-ғұрыпты өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге күш салып жатыр. Жоқтан бар жасап әуре. Бәрінің де ойы – ұлтсызданып, жойылып кетуден сақтану. Ал біз қазақ өзімізде бар жауһарларымызды бағаламай, кім-көрінгеннің қаңсығына қызығып, тарихтан сызылып кетудің алдында тұрмыз. Билікте отырғандарға айтарым, сендер қазақ ұлтының арқасында ел басқарып отырсыңдар. Ұлтты сақтау – сендерге міндет. Ұлы міндет! Олай болса ұлттық идеология еліміздің бар саласына тереңдеп енуі тиіс. Балабақша мен мектептен, жоғары оқу орындарынан – ұлттық идеологияның иісі аңқып тұрмаса, ертең бәрі кеш болуы мүмкін.
Иә, ұлттық мүдде жайында Мәжіліс депутаттары да, Сенаторлар да жоғары билікке депутаттық сауал жолдап келеді. Әзірге билік тарапы үнсіз. Осы күнге дейін қазақтың жоғын түгендеген «Qazaqstan dauiri» газетінде шыққан мақалалар легі бір төбе! Ең қуанарлығы ұлттың рухы оянып келеді. Халықты қолдау керек. Қорғау керек. Еліміздегі азаматтардың мәдениеті мен ұлттық құндылыққа деген қызығушылығы оянған күні қазақ өзінің кім екенін білетін болады. Енжарлықтан арылып, серпіліп атқа мінетін болады.
Тағы бір айтқым келгені, қазақта «ұят» деген ардақты сөйлем бар. Қазақ баласын «Ұят боладымен» тәрбиелеген. Бұл сөз, біз түгілі кез келген дамыған елдің заңында жоқ. Ең өкінішті жері, біз ұятты жоғалттық. «Ұят» жоғалған жерде иманды басшы, ақылды ұрпақ, ибалы қыз жоғалады. Жаңа Қазақстан құрамыз десек, ел басшылары болып, халық болып ұятымызды оятуымыз керек. Сонда ғана жоғалғанымыз оралады! Ырыздығымыз артады!
PS: Ертеде бір патша патшалықтың мұнарасына шығып қалаға көз тастайды. Кенет бір жігіттің қарбыз сатып отырғанын көреді. Әлгі қарбызды жегісі келген патша уәзіріне он алтын беріп: «Маған қарбыз әкел», – деп бұйырады. Уәзір өзінің көмекшісін шақырып бес алтын береді де, қалған алтынды өз қалтасына сүңгіте қояды. Көмекші де өз құлқынын ойлап, патшалықтың күзетшісін шақырып алады да, қолына бір-ақ алтын ұстатып қарбыз әкелуді тапсырады. Күзетші сатушы жігітке келіп: «Саған мұнда сауда сатуға кім рұқсат берді? Тез кет!» – деп, қарбыздың бәрін өзіне алып алады да, патшаға бір қарбыз апарып береді. Сонда патша қарбызды жеп отырып: «Бір қарбыздың өзін он алтынға сатса, демек халқым бай, табысы тәуір екен ғой, олай болса мен салықты көбейтемін», – деген екен.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның қасында шындықты жасырмай айтатын адал көмекшілері, жанашыр достары көп болсын деп тілеймін. Сонда ғана ұлттық идеология жемісін береді. Әйтпесе бәрі бекер!
СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері