Ұлттық құндылық-ұрпақ игілігіне

Ұлттың бірегейлігін, табиғатын танытатын оның салт — дәстүрі мен мәдениеті. Қазақ болмысын айшықтайтын құндылықтарға бай халық. Бұл ерекшелік бүгіннен қалыптасқан жоқ. Ел болып ірге көтерген ықылым заманнан бастау алады. Салт-дәстүрін жоғатқан халық ұлт болып ұйысудан қалады.
Кей сәтте бабадан балаға жеткен бай мұраларды бағалай алмайтынымыз бар. Қазіргідей жаһандану кезеңінде дәстүрлі мәдениет сырттан келетін мәдениетке төтеп беру үшін жастардың рух-санасы жоғары, теріс әсерді беретін хабарлардан таза болуы тиіс. Ұлт тіліндегі хабарлар, дәстүрлі мәдениеттің озық үлгілері насихаттал­маса, халықтың әлсіреуі, жастардың басқа бағытқа ауып кетуі кәдік. Бұған бейғам қарауға болмайды. Ұлтты ыдырататын өте қауіпті құбылыс деп түсіну керек.
Қасиетті Құран Кәрімде: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен өмір ет, надандардан теріс айнал», — деген жолдар («Ағраф» сүресі, 199 аят) бар.
Жалпы Ислам діні-ұлттың рухани тірегі, ата-балаларымыз ұстанған, қастер тұтқан ізгілік жолы.
Ия, ұлтты сақтайтын оның мәдениеті мен дәстүрі. Дәстүрге қайшы әрекетке бару, халыққа қарсылық танытқанмен тең. Біз ұлттық болмысымыз арқылы қазақ болдық. Тәубе, әлем таныған елге айналып келеміз. Мұны әрбір жас мақтанышпен айтуы керек. Бұл орайда имам әс-Сархасидің: — (Шариғатқа қарсы келмеген) әдет-ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең»,-деген сөзі ойға оралады. Мәселен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мақұлдаған іс-әрекеттерді жасаған, тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі оларға қатысқан. Бұл да олардың рұқсат етілгенін білдіреді.
Бұл әсіресе қазіргідей диструктивті ағымның жетегінде кеткен адамдарға көбірек қатысты болса керек. Өйткені бұл бағытты ұстанғандар салт-дәстүрді теріске шығарып, ата-анаға құрмет танытпайды. Өздерінің жолымен жүрмегендерді қатарға қоспайды. Сонда бұл не? Елге іріткі салу ма, адамды адастыру ма? Қазақ даласына Ислам діні келгеннен бастап халқымыз осы уақытқа дейін Матруди ақидасын, имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабын ұстанып келді. Бұл олардың бірлікте болуына, жат ағымдардың жетегінде кетпеуіне басты себеп еді.
Байқасаңыз, жастардың жат ағымға ілесуіне басты себеп, діни сауаттың болмауы. Содан барып, осындай кереғарлық көрініс орын алады. Бұл жерден шығатын қорытынды, діни сауат ашуды қалаған адам көкейдегі сұраққа жауап алғысы келсе оны әлеуметтік желіден емес, мешіт имамдарынан, бекітілген ұстаздардан сұрағаны жөн.
Діни дүдараздық деген ұғым қазақ даласында бұған дейін болмаған. Өкініші сол, соңғы жылдары дәстүрге қайшы әрекеттер бой көрсете бастады.
Біз үшін маңыздысы-елдің ынтымағы мен бірлігі. Ал бұл құндылықтарды сақтайтын салт-дәстүрін игерген, халқын құр­мет­тейтін ұлағатты ұрпақ. Ендеше жастарымыз өнегелі болсын десек, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білейік.
Нұрбол Төреқұлов,
Тамды ауылындағы «Тәңкібай ата» мешітінің имамы.