ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ҰҢҒЫЛЫ МЕН ШҰҢҒЫЛЫ Һәм есесі кеткен құндылық
Ұлттық құрылтайдан ұлттың күтері көп. Ата-бабамыз салып кеткен ізгі жол ғой. Елдің хал-ахуалы, тұрмысы мен тіршілігі, жақсысы мен жаманы, бұзығы мен үзігі де осы жерде тезге салынбақ. Бір жыл бойғы қордаланған мәселелер мен келешек жайы да Ұлттық құрылтайдың ұлы міндеті. Үш жүздің баласына сауын айтылып, қыстың көбесі сөгіле ұлттың ұлылары мен тұлғалары жиналып «Қытымыр қыстан аман шықтың ба, алашым?» деп хал сұрайтын кезең азат елдің де ұстанымы болғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Осыған дейін Ұлттық құрылтай Ұлытауда, Түркістанда және Атырауда өткен еді. Бұл жолы хан ордасы болған Бурабайда жалауын көтерді. Әр құрылтайда көтерілген мәселе атан түйеге жүк болардай қомақтылығымен есте қалды. Оның шешімі жайлы әңгіме бөлек. Көтерілген мәселелер діттеген межеге жетті ме, жетпеді ме, ол да қиын сұрақ. Ең бастысы ниет түзу, бағыт дұрыс. Қайтсек халықты ұйыстырамыз, береке-бірлігімізді қалай сақтаймыз деген емеуірін де сезіледі.
Қатпары қалың саясаттың тереңіне бойлау, болашақты болжау да қиын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы құрылтайда әлемді үлкен қиындықтар күтіп тұрғанын, оған дайын болуымыз керектігін баса айтты. Бұл жай ескерту емес болар. Елдік пен ездіктің сыналатын, төзгені ғана жағалауға шыға алатын шақтың туатынын тұспалдағаны ма екен? Әйтеуір Президенттің көңілінде бір қауіп бар…
Елдіктің жалауын көтерген, көнерген құрылтайға өң берген, қазақ ұлтының танымы мен түсінігіне сай келген Ұлттық құрылтайға елдің сенімі берік. Оны баса айтуымыз керек. Күмән мен күдік те аз емес. Өмір болған соң жақсылық пен жамандықтың итжығыс түсіп жатуы да заңдылық. Кімнің аузына қақпақ боласың. Бүгінгі қоғам да өзгерек. Адамы да басқарақ. Түйедей ісіңді көрмей қалуға бар, түймедей мініңді таудай қылып көрсетуге құмар…
Әлеуметтік желі деген алпауыт бар. Нағыз еркін ойлы адамдардың «мекені». Біз аңсайтын нағыз демократия сол жерге отауын тіккен бе деп қаласың кейде. Бәле қуатындар жиі кездесіп қалғанымен, бәзбір адамдардың салмақты пікірлерін де ескермеске болмайды-ау. Қалай десек те әлеуметтік желі дүйім жұрттың ішіндегі тасқын ойын тысқа шығаратын алаң іспеттес. Тарс-гүрс етіп жатады ылғи. Іштегі шерді тарқатып алуға таптырмайтын мекен.
«Ұлттық құрылтай халыққа не береді? «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткенімен не өзгереді? Көпірген сөзден не пайда? «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды». Қыруар қаржыны желге шашу кімге керек? Қос Палаталы Парламент тұрғанда, онда екі жүзден аса депутат қомақты қаржы алып отырғанда, қаптаған министрліктер мен департаменттер жұмыс істеп тұрғанда Ұлттық құрылтай шақыру күлкілі. Оған мүше болған адамдарды кім сайлапты? Халық па? Билік пе? Халық болса қалаулысын ұсынар, билік болса өзінің сөзіне тәк тұратындарды қыстырар.
Ұлттық құрылтай құрамында кім жоқ дейсің тәйірі, әлеуметтік желідегі белсенділер, подписчигі көп блогерлер, белгілі бір тізім бойынша шақырылған азаматтар, лауазымды тұлғалар, қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлер, ғалымдар жиналыпты. Олар өздерінің пікірлерін белгілі бір сала бойынша айтып, ұсыныстарын берумен тарасады. Халықтың ортасында жүргендер де көптің сәлемін жеткізуге тиіс!
Құрылтайға әдетте әрбір өңірден, әрбір рудан, тайпадан арнайы сайланып тағайындалған азаматтар баратын болған. Орталық биліктен, хандықтан арнайы тізіммен шақыртылмайды екен. Тамыр-таныстық, құда-жекжаттық, көңіл жықпастық бұл жерде жүрмейді. Құрылтай – маңызды шешім қабылдайтын алқалы жиын. Ал бізде «Баяғы жартас – бір жартас». Одан да халыққа нақты іс-шара мен атқарылған жұмыс керек» деп жүргендер де ел арасында кездеседі. Бұл бірдің емес, көптің көкейінде жүрген сауал болуы да мүмкін. Себебі халық жасандылықтан шаршаған. Отыз жыл бойы жалған ұран мен өтірік уәдеге тойған жұртты да түсінуге болады.
ПРЕЗИДЕНТ ҚОЛДАҒАН ПІКІРЛЕР НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Абылай ханның ордасы тігілген Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайға халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің журналистері де барып қайтты. Елдің мұңы мен сырын айтуға талпынған азаматтардың сөздерін тыңдап, Президент Тоқаевтың толғамды пікірлерінен қуаттанып, кей мәселеде көңілдері қоңалтықсып жүдеп қайтты.
Егер осымен төртінші рет өтіп отырған Ұлттық құрылтайдағы көтерілген проблемалар шешімін табар болса, еліміздің дамуына тың серпін берері сөзсіз! Бірақ бізде атқарылған істен қуарған құр сөз көп. Қордаланған мәселенің қорытылуы қиын. Өкініштісі – Президенттің алдында көзге түсіп қалуға тырысқан кейбір құрылтай мүшелерінің мысық тілеуі де көзге шалынып қалады.
Ертеңінен мол үміт күтетін елміз ғой. Үмітсіз шайтан ғана. Осы жолы да біраз жақсы бастамаларға куә болдық. Әсіресе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл және ономастика мәселесіне үңілгені қалғып кеткен сенімді түртіп оятқандай күйге түсірді. Ұлттық құндылықтар аясында қолға алар іс көп екені рас. Бұл ретте көше және елді мекен атаулары саяси тұрғыдан жаңғыртуды қажет етеді. Тәуелсіздік талаптарына сай ұлттың ұлық тұлғалары мен төл тарихи атаулары қойылып жатса құба-құп. Алайда Президент мырза жергілікті тұрғындар пікірін ескеру маңызды екенін қадап айтты. Демек, аяғыңды аңдап бас деген емеурін тұр. Олай болса өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Қостанай, Павлодар, Петропавл, Көкшетау тәрізді елді мекендерге сол жерлерді жан-тәнімен қорғаған батырлар мен тұлғалардың есімін беру қиынға соқпақ. Себебі жергілікті тұрғындардың қалауына салсақ, олардың нені көксейтіні белгілі. Бір ғана Державин қаласына Кенесары ханның есімін беруге шамамыз келмей, жергілікті тұрғындардың қарсылығынан жүйкеміз жұқарған шақта бұл ауыр соққы болғаны рас. Кім білсін, ханда қырық адамның ақылы болады дейді ғой. Президенттің де бір ойлағаны бар шығар. Ономастика мәселесін қарайтын заңға өзгерту енгізу керектігі сөзіміздің айғағы.
Президент көпшілік халық қарсылық білдірген, әсіресе шығыстағы ағайынның қолайына жақпаған бірыңғай уақыт белдеуіне нүкте қойды.
«Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ. Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», – деді. Бұл деген шығыстағы ағайынның жанайқайын «Qazaqstan dauiri» басылымы арқылы жоғарыға жеткізген бізге де оңай тимей тұр. Қайтеміз ұлы Абайға жүгінеміз:
«…Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап…».
Құдайшылығын айту керек, Президент маңызды мәселелердің біразының басын шалды. Көп нәрседен хабардар екенін байқатты. Өзін алаңдатып жүрген тақырыптарды айналып өтпеді. Керісінше солардың жауабын табуға күш салды. Нақтырақ айтқанда, құрылтай қатысушыларының өз ойымен сабақтас тақырыптарды көтергеніне оң баға берді. Мысалы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүргенін айтқан еді. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева мен Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанына назар аударған. Осы тұста кері ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екенін баса айтқан үшеуге Президент толықтай қосылатынын білдірді. «Иә, елімізде дін бостандығына кепілдік берілген, оған дау жоқ. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы ұлтты ұйыстыру екенін ескерсек, діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс», – деді Президент.
Бұдан бөлек Құрылтай мүшелері алаңдаушылық білдіріп отырған тағы бір жайт – соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттердің жиілеп кетуі. Тоқаев теріс пиғылды адамдардың қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратып жатқанына, сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегіп жатқанына назар аударды.
«Расымен де бұл алаяқтармен күрес үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп, халықтың сауатын арттыру керек деп ойлаймын», – деді Президент. Әйтпесе жеңіл ақшаға желігіп алғандар қанша халықты күн сайын сан соққызып кетіп жатыр. Президенттің осындай маңызды мінберден бұл жайлы айтқаны құптарлық нәрсе.
Тоқаев сондай-ақ қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен коучтар көбейіп кеткенін де тіліне тиек етті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп екенін айтып, құрылтай мүшесі Айгүл Орынбектің осы мәселені дұрыс көтеріп отырғанына тоқталды.
Жалпы бұдан бөлек құрылтайда кино саласы, спорт саласы, жер-су аттарының өзгеруі, туризм сынды көптеген маңызды мәселелердің басы шалынды. Осындай алқалы жиындардың өтіп, ел қамын жеген азаматтардың басы бір алаңда түйісіп отырғаны жақсы үрдіс. Қоғамдағы күрделі проблемалар туралы ашып айту мен оны талқылау оны шешу жолындағы алғашқы қадам екені даусыз.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет Басшысы «Беті мен жүзін тұмшалап қара киініп жүргеннен гөрі, ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық» деген ой айтты. Дұрыс пікір. Қолдаймыз. Бірақ айналып келгенде, сол ұлттық киімдерді үнемі киіп жүретін мешіт имамдары мен мешіттегі ұстаз әйелдер және қарапайым мұсылмандар екені де шындық. Қарапайым жұрт салт-дәстүр мен ұлттық киім жайлы қанша толғағанымен, өздерінің ұлттық рухты жандандырып жатқандары некен-саяқ.
Футбол клубтарын мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды тоқтату керек! Президентке футбол саласындағы былық-шылық та жеткен сияқты. Ұлттық құрылтайда Тоқаев өңірлерде футболды дамыту қажет екеніне арнайы тоқталды. Облыстық стадиондарды күрделі жөндеуден өткізуге немесе жаңасын салуға тапсырма берді. Бірақ оған қаражатты мемлекет емес, демеушілер беруге тиіс. Ал әрбір облыс, аудан орталықтарында, ауылдар мен елді мекендерде балаларға арналған алаңдар салынуы қажет.
Президент сондай-ақ футболды коммерциялық жоба ретінде қарауды ұсынып отыр. Яғни, футбол клубтары жекеменшікке өтуге тиіс. Айтуынша, жауапты министрлікке, футбол федерациясына, жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырма берген көрінеді. Бұл өте дұрыс. Мемлекеттің ақшасы легионердің қалтасына емес, балалар спортын дамытуға, қажетті инфрақұрылым салуға жұмсалуы керек. Әрине, мұның нәтижесін алдағы 4-5 жылда көрмейтініміз басы ашық мәселе. Алайда 10-15 жыл көлемінде қазақтар әлем чемпионатында атой салатын күн туары айдай анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында ұлттық мультфильмдердің қажеттілігіне баса назар аударды.
«Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек», – деді Президент.
ЖАНАЙҚАЙҒА ЖАУАП ҚАТПАҒАН ҚҰРЫЛТАЙ
Бір қызығы, Мемлекет басшысы осы мәселені көтеріп жатқанда «КӨКШЕТАУДА ӨТІП ЖАТҚАН ҚАЗАҚ ҚҰРЫЛТАЙЫНА ТЕЛЕГРАММА!» деп әлеуметтік желіде жазба жарияланды.
Онда: «Құрылтайға жиылған жақсылар мен жайсаңдар, министрлер мен депутаттар, әкімдер мен күллі шенеуніктер корпусы!
Көріп отырғандарыңыздай, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы мен еліміздегі мультипликациялық фильм шығаратын мемлекеттік жалғыз студия – «Қазақанимацияның» тағдыры қыл үстінде тұр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақфильмнің» уақытша басшылары тарапынан болып жатқан бассыздықтарда шек болмауда! Соның бірі – ұлттық анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдаров негізін қалаған «Қазақанимация» студиясын Астанаға көшіру туралы солақай шешім. «Қазақанимация» ұжымы мен барлық аниматорлар қауымы «Қазақанимацияны» «Қазақфильмнен» айыруға қарсымыз! ««Қазақфильмде» бұдан басқа да болып жатқан сұмдықтар шаш етектен!
Осы орайда, мен, қазақтың өнерпазы, Киногерлер Одағының Басқарма мүшесі, «Қазақанимация» ШБ редакторы Ерлан Төлеутай ежелгі жосықпен Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлынан САУҒА сұрап, оны өз парақшамда жарияладым.
Құрылтайға қатысушы Қазақ Елінің құрметті азаматтары, менің осы САУҒАМДЫ бүгінгі құрылтайда талқылаңыздар әрі Президент қатысатын бүгінгі Ұлы жиында менің бұл ДАТЫМДЫ Қасым-Жомарт Кемелұлына жеткізіңіздер!
Құрылтайда осындай төтен мәселені кезек күттірмей қарау – бұл қазақтың ежелгі ЖОСЫНЫ. Мен сіздерге үміт артамын.
Құтқарыңдар бізді «Қазақфильмнің» уақытша басшылары Айдар Омаров пен Әсет Ерназаровтан!!!
САУҒА, САУҒА, САУҒА!
Мүмкіндіктеріңіз болса, Құрылтайға қатысушыларды тегтеп, бөлісіңіздерші!» делінген. Алайда Ұлттық құрылтайда Ерлан Төлеутайдың жанайқайы Президентке жетпеді. Аманатты жеткізуге құлшынған бір азаматтың табылмағаны қандай өкініш еді.
78 ЖАСАР «БОЛАШАҚТЫҢ» ИЕГЕРІ КІМ?
Бұл жолғы құрылтайдағы жағымды жаңалық: Астанадан Торғай, Ырғыз арқылы Каспийге тура шығатын көлік жолы салынады. Оралға баратын жол әлдеқайда қысқаратын болды. Сондай-ақ биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады!
Кім көрінген кино түсіріп және кино дегенді күлдіру деп ойлайтын КВН-шиктер мен әншілерден құтылатын күн туған секілді. Кино деген тұнып тұрған идеология емес пе! Елімізде түсірілетін әр кино ұлттық идеологияға негізделуі керектігін айта-айта жауыр қылдық. Құрылтайдағы игі жақсылардың құлағына жетіп, олар Президентке құлаққағыс еткені байқалады. Президент тарапынан пәрмені берілді. Енді бұдан былай кімде-кім кино түсірмекке құлшынса, сценарий сүзгіден өтеді. Бұл Ұлттық құрылтайдың беделін көтерген жағымды жаңалықтардың қатарында тұрғанын баса айта кеткен жөн.
Естімеген елде көп. Күлеміз бе, жылаймыз ба? 78 жастағы адам «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барған. Кім екен бюджеттің ақшасымен барған? Президент күйіне айтты. Күрсіне жеткізді.
Осыдан-ақ еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың, мемлекет қаржысын шашудағы «супер жетістіктерін» санамалай беріңіз.
Айтпақшы, Президент Қ.Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда АЭС-ке қатысты пікірін тағы білдірді.
«Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді.
Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен дәл сол себепті Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін», – деді Мемлекет басшысы.
АЭС салуға әлемде көзқарас әртүрлі. Қолдайтындар да, қарғайтындар да жетерлік. Біздің елімізде де қарсылық танытып жүргендер қарасы аз емес. Бірақ референдум бәрін шешті…
Ұлттық құрылтайдағы Президент көтерген мәселелердің барлығын тізіп шығуды мақсат тұтпадық. Бәрі де өзекті. Алайда бізді толғантқан, халықтың арасындағы көптен айтылып жүрген мәселелердің Мемлекет басшысының аузымен айтылуы жақсылық нышаны. Яғни, Президент хабардар деген сөз. Олай болса Президент назарындағы дүние ескерусіз қалмасы анық. Біз соған сенеміз.
СЕКЦИЯЛЫҚ ОТЫРЫСТАРДА КӨТЕРІЛГЕН ПРОБЛЕМАЛАР КӨҢІЛГЕ ҚОНЫМДЫ МА?
Щучинск қаласында төртінші рет өткізіліп отырған Ұлттық құрылтайдың секциялық отырыстарында көп мәселе қозғалды. Елдің көкейінде, халықтың назарында жүрген дүниелер айтылды. Әлеуметтік-экономикалық даму мен ғылым-білім саласындағы өзекті мәселелер талқыға түсті. Құрылтай мүшелері аталған салаларға қатысты бірқатар ұсыныс пен бастамаларын ортаға салды. Былтыр Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген бастамалардың нәтижесінде 10 заң жобасы ұсынылып, 9 заң қабылданған болатын. Бұл бастамалар елдің әлеуметтік, құқықтық және мәдени дамуын қамтиды.
Мәселен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға түзетулер енгізді. Бұл бұзушылықтар енді Қылмыстық кодекске кіргізілді. Айта кету керек, соңғы 2-3 жылда түрмедегі әйелдер түйткілі өзекті болып отыр. Олардың бостандығын шектейтін мекемелердің жағдайы сын көтермейді. «Амнистия ғана емес, заңға өзгеріс керек» дейді азаматтық қоғам секциясына қатысқан заңгер Айман Омарова.
Мәдениет, руханият және өнер секциясы отырысында талқыланған мәселелердің бірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайы болды.
Еділ Жаңбыршин, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
– Біздің рухани фундаментіміз Қожа Ахмет Ясауиден басталады. Сондықтан Президентіміз Түркістандағы құрылтайда арнайы тапсырма берген. Соның аясында Түркістанның статусы туралы заң қабылданды. Тек кесенені қорғау ғана емес, бабамыздың рухани мұрасын дәріптеу, зерттеп-зерделеу мәселесі де арнайы нормамен бекітілді.
Осы бағытта Парламент депутаттары тарихи археологиялық құндылықтарды сақтау, қазба жұмыстарындағы жөнсіздіктерге де алаңдаушылық білдірді. Бастама бар.
Айдос Сарым, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
– Археологиялық құнды, ұлттық мұрамыз болып табылатын дүниелерді кез келген адам келіп қазып, оны шетелге де алып кетіп, оның ешқандай бақылауы да жоқ. Кадастры да жоқ, басқасы да жоқ. Сол туралы депутаттар өзі бастамашы болып, біздің тарихшылармен, археологтармен отырып келісіп, осындай заң жобасын ұсынып отырмыз.
Ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік қызметшілердің имиджі, дәстүрлі дін, отбасы құндылықтарын насихаттау, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін тілді цифрландыру тағысын тағы ұсыныстар сөз жүзінде қалмайды. Бұған дейін нақты жұмыстар жасалды және ол жалғасады.
Аида Балаева, Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық құрылтай хатшысы:
– Түске дейін «Азаматтық қоғам» және «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбында екі секция жұмысын жасады. Нәтижесінде 120-дан аса ұсыныс келіп түсті. Ол ұсыныстар қызу талқыланып, тиісті ой-пікірлер айтылды. Барлық ұсыныстар құрылтай хатшылығы арқылы мұқият зерделеніп, қаралады.
Бурабай баурайында өтіп жатқан төртінші Ұлттық құрылтай аясындағы секцияларда ғылым мен білім, әлеуметтік экономикалық даму тақырыптары да сөз болды. Саладағы қордаланған мәселелер де айтылып, шешу жолдары ұсынылды. Сондай ұсыныстың бірін Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты. Ұлттық құрылтай мүшесі талай Алаш арыстарының туған жері Арқалықтағы білім беру мекемелерінің жайына алаңдайтынын жеткізді.
Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
– Қазіргі таңда ол жерді облыс орталығы жасауға біздің экономикалық жағдайымыз мүмкіндік бермесе де, ол жерде 28 мыңнан аса халық тұрады. оның 6 мыңы оқушылар. Қаншама дарынды балалар бар, бірақ не зияткерлік мектептер жоқ, не білім-инновациялық лицейлер жоқ. Біз әлеуметтік инфрақұрылым тұрғысынан, кітапхана театр, жақсы мектептер сынды әлеуметтік инфрақұрылымын дамытсақ, халықтың әл-ауқаты да дамиды.
Алдағы уақытта аймақтан асып, құрылтайға жеткен даттың еленбей қалмасы анық. Ғылым саласына қатысты бірқатар ұсыныс жасаған құрылтай мүшелерінің бірі – Нұрлан Дулатбеков. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры ғылым саласындағы қордаланған мәселелерге қанық. «Әсіресе, өңірлердегі жоғарғы оқу орындарының әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек», – дейді ол.
«Мәдениет. Өнер. Руханият» атты отырысқа қатысқан белгілі исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы қазіргі таңда қалыптасып отырған ахуал туралы ұсыныстарын жеткізді. «Бірінші айтар ойым, қазір әлеуметтік желі кім болса сол сөйлейтін жерге айналды. Дін атынан сөйлейтін адамдар көбейіп кетті. Олар жастарды теріс бағытта тәрбиелеп жатыр. Соның кесірінен халық діннен суып бара жатыр. Қазір Ислам діні қорғауға мұқтаж болып тұр. Осыған орай әлеуметтік желіде дін атынан сөйлеу үшін мемлекет тарапынан рұқсат беру секілді шаралар қабылдануы керек. Екінші мәселе – Ата Заңымыз бойынша наным-сенім бостандығы бар. Ешкімнің сеніміне тіл тигізуге болмайды. Мысалы христиан дінінің құндылықтарына тиіссеңіз, сізді заң бойынша жауапқа тартады. Бірақ осы заң ислам дініне келгенде жұмыс істемей тұр. Қазір интернетте отырып алып діни құндылықтарымызға, сенімімізге, тарихи тұлғаларымызға тіл тигізіп жатқандар көп. Осыларды жауапқа тартудың шарасын қабылдау керек. Заң бар, бірақ ол жұмыс істемей жатыр.
Үшінші ұсынысым – осыдан он шақты жыл бұрын діни әдебиеттерге қатысты арнайы шешім қабылданып, оларды мемлекеттік мекемелерден 300 метрден жақын жерде сатуға тыйым салынды. Ал арақ 100 метр қашықтықтан әрі сатылуы керек. Яғни дін арақтан қауіпті болып тұр. Бұл тұтынушылар құқын шектеу деп ойлаймын. Рұқсаты бар, ресми дін маманының кітаптарын қоғамда неге еркін сатуға рұқсат бермеске? Қазір діни кітаптар сататын ресми бірде-бір дүкен жоқ. Осы мәселені шешуге мемлекет тарапынан шешім қабылдануын сұраймын» деді Қ.Жолдыбайұлы.
Ерлан Саиров, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
– Біз Қазақстанда ірі кәсіпкерлердің девиденттерінен салық төлеу, олардың түскен пайдасына салық көлемін арттыру механизмдерін де қарастырып жатырмыз. Өйткені олар Қазақстанның сарқылатын ресурстарын пайдаланып жатыр. Ол ресурстар бүкіл халыққа тиесілі.
Салықтан жалтарудың түрлі айла-тәсілін тапқандар кеден саласында көп. Бұндай мәлімдемені Ұлттық құрылтай мүшесі депутат Мұрат Әбенов жасады. «Салықтық түсімдерді молайтамыз десек, осы мәселені бір жақты қылуымыз керек», – дейді депутат.
Мұрат Әбенов, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
– Мемлекет салық жинауымыз керек, қаржы аз дейді. Ал көп қаржы түсетін жер, ол – кеден. Онда контрабанда өте көп, – деп, қалың елге бұрыннан таныс жайттың бетін ашты.
Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков тиімсіз шығындарды оңтайландыру және қоғамдық әдепті сақтау бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
«Қазіргі тойлардағы ебедейсіз ойындар, әдепсіз сөздер, асабалардың мәдениетсіздігі алаңдатарлық деңгейге жетті. Өкінішке қарай, арнайы бекітілген этикалық ереженің жоқтығы бұл мәселені реттеуге мүмкіндік бермей отыр. Бұл – қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі», – дейді Бекзат Алтынбеков.
Оның айтуынша, жиын-тойлар тек көңіл көтеру емес, ұлттық мәдениетті дәріптеу алаңы болуы тиіс. Сондықтан қоғамдық бақылауды күшейтіп, арнайы этикалық ережелер қабылдау қажет. Бұл негізі Жамбылдықтар көтерген «той мәдениеті» үндеуімен тамырлас, сарындас шыққанын да айта кетуіміз керек-ақ! Бұл үндеуді «Qazaqstan dauiri» газеті де тарқата жазып, оқырмандарына ой салуға тырысқаны да ел есінде.
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі Дихан Қамзабекұлының мына пікірі де көкейге қонды. «БАҚ-тың мектеп, әсіресе орта білім жүйесінде пайдасын көріп отырмыз. Балалардың шығармашылығын шыңдайды. Газет оқымаған бала кітап оқымайды», – деді Дихан Қамзабекұлы. Ал газет таралымының деңгейі белгілі. Әсіресе қазақ газеттерінің. Бұл туралы «Qazaqstan dauiri» газеті жазудай-ақ жазды. Әттең!..
ТІКЕЛЕЙ ЭФИРСІЗ ӨТКЕН ҚҰРЫЛТАЙ
БИЛІК НЕДЕН ҚАЙМЫҚТЫ?
PS: Қазақта «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген тәмсіл бар. Елді елеңдеткен, халықты тебіренткен, біреулерге кері кеткендей әсер еткен сұлу Көкшенің жанға жайлы Бурабай алқабында төртінші рет өткен Ұлттық құрылтай да тарих қойнауына бет алды. Бағасын бүгін біз бермесек те, келер ұрпақ саралап, не мақтап, не даттап нүктесін қояр. Бәлкім құрылтай мүшелерін ұлт қамын жеген өр мінезді ер екен дер, мүмкін оларды қу құлқынын ойлаған жағымпаз құл екен дер. Не десе де еріктері. Себебі уақытында айтылмаған ақиқат та, түйе етін жеген келіншектей тоғыз айдан аса беріп толғатары анық.
Айтқымыз келгені, құрылтайдан құрылтайға жеткен сайын елімізде түйткілді мәселелердің көп екеніне көзіміз жете бастады. Не деген бітпейтін проблема. Не деген шешілмейтін түйткілдер…
Ауызды құр шөппен сүртпейік, Ұлттық құрылтайда көтерілген проблемалардың бәрі болмаса да көпшілігі шешімін тауып жатыр. Шүкір. Ең бастысы ел Президентінің құлағына елдің ішкі ойы мен пікірі жетуде. Оны Қасым-Жомарт Кемелұлының әр сөзінен байқауға болады.
Алайда бір-екі күн бұрын Бурабайдың төсіне жиналып, алқа билік құрған құрылтай мүшелерінің секцияларда сөйлеген сөздері, кеңестері біртүрлі құпия өткендей әсерге бөледі. Елге деп ақсарбас шалынып, оны тайқазанға баптап пісіріп, түн ортасында ақшаңқан киіз үйдегі мырзаларға тығып табақ таратқандай кеп. Әйтпесе елдің сөзі айтылатын жерде, технология дамыған ғасырда тікелей эфирді пайдаланбау ақылға сыйымсыз. Тіпті Президент қатысқан Ұлттық құрылтайдың жалпы отырысы да ашық өтпеді. Біздіңше, бұл халықтық құрылтайдың атына да, затына да сай емес. Обалы нешік, бірнеше күн бұрын хабар тарату үшін арнайы шақыртумен барған БАҚ журналистері, халықтың жанайқайы мен өтініш-тілектерін жеткізген құрылтай мүшелерінің сөздерін сайттары арқылы халыққа ұсынды. Дүйім жұрт көзбен көрмегесін, қара сөзге малданып қала берді. Ал Президент қатысқан құрылтай мінберінде «саңқылдап» сөйлегендер аз болды. Керісінше «аңқылдап» ағынан жарылғандар көрініс берді.
Президент мырзаның сөз саптасынан секциядағы ұнамды ойларды «қалқып бергенін» түсіндік. Ол үшін Президентті күстаналау дұрыс болмас. Кінәні Президенттің көңіл күйін түсірмеуге тырысқан маңайынан іздеген дұрыс-ау. Әйтпесе ұлттық мүдде тұрғысынан сөз етер іс аз ба? Мемлекеттік тілдің тағдыры Ұлттық құрылтайда айтылса несі айып? Күннен-күнге күш алып бара жатқан ЛГБТ туралы тым-тырыс отыруымыз қалай? Айтпақшы, ЛГБТ секілді арсыздықты насихаттап, оны демократияның бетпердесі қылуға талпынып жүргендермен бірнеше жыл бойы күресіп келе жатқан қазақ әйелі бар. Аты-жөні – Бағила Балтабаева. «Qazaqstan dauiri» басылымына жақында ғана ЛГБТ жайлы сұхбат беріп еді. Құстың қанатымен жетті ме, азынаған боран хабар берді ме, оның жанайқайын алдымен шалғайдағы Америка Президенті Трамп қолдағандай болды. Ол трансгендерлерге, әйелдер жарыстарына қатысуға тыйым салуға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеді және Трамп «трансгендерлікті насихаттайтын мектепке» федералды қаржыландыруды қысқартатынын айтқаны да біраз елге ой салды.
Президентімізге рақмет, әлемдік ахуалды қырағы бақылап отыратыны осы жолы тағы байқалды. Елімізде жиі-жиі бас көтеріп қоятын ЛГБТ туралы құрылтайда қадап айтты. Көпшіліктің айызы қанды. Тоқаевтың сөзінше, жаһандану үдерісінің мән-маңызы жоғалып барады. «Мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал жүргізетін аумақтарды бөліске салу, әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі алдыңғы қатарға шықты.
«Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы күшпен таңылып, соның желеуімен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар арқылы мемлекеттердің ішкі ісіне ашық араласу белең алды. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен», – деді ол. Одан асырып не айтпақ?!
Қымбатшылық қамыты мойындарына түскен қарапайым халықтың алдағы тірлігі қарындары тоқ мырзаларды қызықтырмай ма?
ХХ ғасырдың басында бойкүйездік басқан халқын отты өлеңімен оятып, өнер-білімге, еркіндікке үндеген Міржақып Дулатұлының туғанына биыл 140 жыл толады. «Алашым, алашым» деп билікке жеткен кейбір шенділер, алаш арысының мерейлі тойын Ұлттық құрылтайда көтерсе, үстіндегі шені мен шекпендерін біреу шешіп ала ма?
Көші-қон мәселесі де шиеленісіп тұр. Түрлі көзге көрінетін, көрінбейтін кедергілер жетерлік. Ұлттық құрылтайда қандастар мәселесі талқыға түссе, құрылтайдың да құнын өсіріп, діттеген мақсатына да жетуіне жол ашар еді ғой.
«Біткен іске сыншы көп» демекші, көкейге кептелген ой-пікірді айтпасқа болмады. Ұлттық құрылтай ұлттың сөзін сөйлеуге тиіс. Енді жалтақтауға жол жоқ. Біздің елде өзгелердей емес, қазақ ұлтының, жергілікті халықтың тұрмысы төмен. Шетқақпай көретін де солар. Ұлттық құрылтай елдің рухын көтеруге, беделін асқақтатуға, тілі мен дәстүрін насихаттауға, ұлттық құндылықтарды әспеттеуге, дәріптеуге үлкен мүмкіндік. Мұнда айтылған әр сөз, әр пікір талқыланып, халықтың алдында есеп берілуі тиіс.
Президент келесі Ұлттық құрылтай Қызылорда облысында өтетінін хабарлады. Біздің айтқан ескертпелеріміз бәлкім сонда ескерілер. Көш жүре түзеледі. Көшіміз оң, халқымыз қоңды болғай!
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК