Ұлттық мереке игі шаралармен ұлықталады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекованың қатысуымен брифинг өтті. Онда 25 қазан – Республика күні аясында өткізілетін ауқымды іс-шаралар туралы айтылды.

– Баршаңызға белгілі, Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы заңға өгерістер енгізіліп, өткен жылдан бері 25 қазан – Республика күні болып бекітілген еді. Ұлттық мерекені өткізудің басты мақсаты – Қазақстан азаматтарын мемлекеттік саясат пен реформаларының төңірегіне топтастыру, Республика күнінің тарихи маңыздылығын айшықтау, «Әділетті Қазақстан» идеясы аясында әділ қоғам құру және қазақстандықтардың адал және жасампаз еңбегінің табысты жетістіктерін кеңінен насихаттау, – деді Ұлана Сламбекқызы.

Ұлттық мереке аясында облыс аумағында 400-ге жуық қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік іс-шара жоспарлануда. Айталық, 24 қазанда «Баласағұн» орталық концерт залында мерекеге арналған салтанатты кеш ұйымдастырылады. Іс-шара барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталып, өнер жұлдыздарының және облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасады. Ал 25 қазан күні Тұңғыш Президент саябағында «Қыран елім – Қазақстан!» патриоттық акциясы аясында Мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімі өтеді. Саябақта тақырыптық көрме ұйымдастырылып, мерекелік концертпен жалғасады. Сонымен бірге, «Қыран елім – Қазақстан!» патриоттық акциясы шеңберінде үйлердің алдыңғы беттері мен терезелеріне Мемлекеттік ту орналастыру флэш-мобтары ұйымдастырылмақ.

– Республика күнін атап өту аясында облыста 23 нысан пайдалануға беру жоспарланып, кешеден бастап алғашқылары ел игілігіне берілуде. Мәселен, күні кеше Жамбыл ауданында 2 кіші футбол алаңы ашылса, бүгін Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылында мәдениет үйі мен Жамбыл ауданы Тоғызтарау ауылында кіші футбол алаңы пайдалануға берілді. Сол сияқты аудандарда 25 қазанға дейін күнделікті нысандардың ашылуы ұйымдастырылады, – деді басқарма басшысы.

 

Жамбыл облысы