ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕС – ЕҢ ӘДІЛЕТТІ КҮРЕС!

Қиындығы мен қызығы, жақсылығы мен жамандығы қатар өрбіген 2023 жылды да тарих қойнауына жібердік.  Атамыз қазақ «Жаңа жылда жарылқа, ескі жылда есірке» деп өткен. Бізде ата-баба жолымен ескі жылды есіркейміз, жаңа жылдан жақсылық пен молшылық күтеміз. Ұлу жылы – берекеміз тасыған, ырыздығымыз шашылған жыл болғай!  Әр отбасыға амандық, денсаулық, зор табыс тілеймін. Өткен жылда кеткен өкпе-ренішті ұмытайық! Арда қазақ бір-бірімізді ұлықтайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, әлі талай асулардан асамыз, ол анық! Тек ел іргесі бүтін болғай! Алаш ұранды қазақ баласы аман болғай! Өзіме не тілесем, баршаңызға соны тіледім, оқырманым-жұртым!

Бәріңіз білесіздер, әр мемлекеттің өзінің ата заңы, ұлттық құндылығы, болмыс-бітімі бар. Шектен шықпайды. Барын бағалайды, жоғын саралайды. Бізде бәрі керісінше. Біреудің қаңсығы – таңсық.  Мені соңғы уақытта ойландыратыны – Парламентімізде қабылданған заңдардың ішінде шикілі-пісілі кеткендері көптігі.  Ұлтқа қатысты тұстарында «әттең-ай!» дегізетіндері мол.  Жүрегің ауырады. Бұрынғы билік өз қолайына жағатын заңдарды депутаттарды тізеге басып отырып қабылдаттырды. Үкімет бір жақта, халық бір жақта қалды. Екі жаққа алтын көпір болуы тиіс депутаттар жағымпаздықтың шарабына мас болып ләйліп жүрді.  Қазір соның зардабын тартып жатқан жайымыз бар. Ұлыңды азғындыққа, қызыңды арсыздыққа бастайтын заң кімге керек?

 

 

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы»  заң жобасының ішінде  ұлттық мүддеге сай келмейтін, дәстүрге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тетіктері қабылданып кететінін ешкім жоққа шығармас.  Түсінемін, бүкіл әлемдік конфессияға кіру үшін кейбір заңдарды енгізу керек шығар. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде ешкім дара шауып төске өрлей алмасы анық.  Сөйткен күннің өзінде алыстан барлап, жақыннан арбап, ұлттық құндылыққа зияны тимейтін нормаларды енгізіп жіберуге,  қатаң заңдардың «сақал-мұртын күзеуге» болмас па?  Ағайындар-ау, қай ата-бабамыз «ұлым мен қызым мені сотқа береді, сондықтан олардың құқығын таптауға қақымыз жоқ. Оларға саусағымның ұшын тигізуге болмайды» деп тілін тістеп отырды? Ашуға мінсе ұлдарын қамшымен осып-осып жібермейтін бе еді. «Әйелімнің өз құқы бар. Оған тіл тигізуге, ұрсуға, қамшымен бір салып жіберуге» шамам келмейді. Екеуміздің құқымыз тең» деп отырған қай атаңды, қай әкеңді көрдің?! Ол кездегі аналарымыз ерінің қас-қабағына қарайтын, шаршап келсе жүйкесіне тимейтін, ашуландырмайтын. Сабыр сақтайтын. «Ер-азаматым» деп құрметтейтін. Алдына шықпайтын. Бетінен алмайтын. Ол заманның еркектері де өр мінезді еді. Жарына адал, ұрпағына әділ  еді.  Отбасының жауапкершілігін өзі мойнына алып,  еңку-еңку жер шалатын. Қыздары да қылықты еді. Өзінің орнын білетін. Орнымен күлетін. Бүгінгі заңды қарап отырсаң, гендерлік саясаттың желі еседі. Рахат. Бар жағынан әйелді қорғауға алған. Еркек бишара отырса опақ, тұрса сопақ! Ер жігітті қыз-қырқынның алдына жығып беруден де тайынбайды. Батыстың әлем-жәлем заңы өр рухты елдің  мысын басуға дайын тұр. Бұлай кете берсе, артын ойлаудың өзі қорқынышты!   Әріден ойласақ, зорлық-зомбылық туралы заңның кей нормаларының ұлтымызға тигізер зияны шаш етектен екенін айтпай кетсем, арға сын! Абайламасақ болмайды.

Қазақстанда 2009 жылдан бері жыныс ауыстыруға ресми рұқсат етілген. Ол кезде Парламент бұл заң жобасын үндемей өткізіп жіберген. Заң қабылданып кеткеннен кейін үлкен дау-дамай басталды. Дін өкілдері ләм-мим демеді.

Қазақстан жыныс ауыстыру операциясына рұқсат берген Орталық Азия аймағындағы алғашқы әрі жалғыз мұсылман ел деп танылды. Шешенстан, Татарстан, Орталық Азия, араб елдерінің сайттары мұны сынап, жарыса жазғаны есімізде.

Дәрігерлердің айтуынша, жыныс ауыстыру операциясынан кейін адамның өмірі кемі 15-20 жылға күрт қысқарады екен. Себебі, органдардың табиғи функциясы бұзылады. Еркек болғысы келген әйел керісінше күшейткіш гормон қабылдайды. Мұның бәрі денсаулыққа әсер етпей қоймайды.

 

 

Бүгінгі Парламентте отырған депутаттар ұлттық мүдде жолындағы күрестерін бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Ол жерде «шырылдап дүниеге келіп жатқан» әр заң жобасы ұлтқа қызмет етуге тиіс! Кім көрінгеннің шылауында кететін жалтақ заңдардың қазаққа құны көк тиын. Ұлыңды азғындыққа, қызыңды арсыздыққа бастайтын заң жобалары батыстың көшірмесі болмауы ұлы міндет.  Түрлі ықпалды топтардың ығымен тұнығы шайқалмаған, дәстүрі лайланбаған қазақ даласына дендеп кіріп жатқан атын өмірінде жұрт  естімеген лезбиянка, феминист, бір жыныстылық, ЛГБТ т.б. толып жатқан ұйымдар мен  қорлардың  аңсағаны біреу ғана: Ол – заң арқылы өз арсыздықтарын Қазақ қоғамына таңу. Жастардың санасын улау. Халқым, біз осыған абай болуымыз керек. Әсіресе билік басындағы ұлтжанды азаматтар мен Парламенттегі қаны қазақ депутаттар ойланса керек-ті. Жан-жағымыздан анталаған небір арсыз істер мен адам аузы айтуға бармайтын лас тірліктер жан түршіктіреді. Мен анамын, солардан қауіптенемін. Сұрықтарынан шошимын.

Бишімбаевтың ісінен кейін Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнаманы күшейту мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Отбасындағы және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау туралы 2021 жылы басталған петицияға 150 мыңға жуық қазақстандық қол қойыпты. Қоғам белсенділері, құқық қорғаушылар құқықтық мемлекетте жәбірленушілердің қорғалуын, кінәлілердің жазалануын талап етуде. Бәрі дұрыс.

 

 

Конституциядан бастап басқа кодекстерді алып қарасақ, бізде бәрі әдемі жазылған. Ешкімді кемсітуге болмайды, адам өлтіруді қылмыс дейді. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартатын жағдайдың барлығы тізіп жазылған. Адамның жеке шекарасы қорғалған дейді. Бірақ мұның біреуі де іс жүзінде жұмыс істемейді. Оны адамдар түсінбейді, санасы, мәдениеті жетпейді. Меніңше, мәселе осында. Қазақстан заңнамасында әйел ғана емес, ер адам да, бала да, бәрі қорғалған. Бірақ тиісті дәрежеде емес екенін көріп отырмыз.

Қазіргі күні Қазақстанда отбасы институтының беделін арттыру, нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде аз қамтылған, көпбалалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жәрдемдесетін орталықтардың көптігіне қарамастан, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың саны азаймай тұр. Еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Отбасындағы жанжалдан басталып, зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқан.

Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтан әйелдерден бөлек, балаларға да күш көрсету тыйылмай тұр. Бұл туралы ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы біріккен зерттеулерде ересектердің 75 пайызы балаларды  тәрбиелеу мақсатында таяқтайтыны жазылған. Елімізде 14 жасқа дейінгі балалар әрбір екінші отбасыда не балабақшада зәбір көреді, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан не болмаса мектеп мұғалімдерінен кемсітуге не зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны анықталған. Негізінен зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетіні байқалған.

Осы ретте әйелдер мен балалардың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне қарсы елімізде көптеген шаралар қолға алынған болатын.

Ел Президенті былтырғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды. Бұл туралы Мәжілісте де арнайы жиын өткізіліп, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланған. Нәтижесінде, «отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы заңға сәйкес, зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бөлінген. Яғни, әрбір жәбірленуші қол жұмсау әрекетінің алдын алып, құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Бірақ көпшілік зорлық-зомбылық құрбандары әртүрлі жағдайларға байланысты полицияға шағым-арыз түсірмей жатады. Сондықтан көптеген жәбірлеушілер жазаға ілікпейді. Жалпы, ҚР Конституциясында «адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп анық көрсетілген.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73-бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар ҚР Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

 

ЖАПОНИЯДА АЖЫРАСҚАН АДАМДЫ БИЛІККЕ ЖОЛАТПАЙДЫ

Енді бір сәт ойланып көрелік. Қатігездік қайдан шығуда? Жауыздық неге көбейіп кетті? Есірткіге еліткен жастарды қайтсек отбасына оралтамыз? Құмар ойынға салынған ұрпақтан не үміт, не қайыр?! Неге бізде ажырасқан отбасылар көп? Неге әйелдер ерімен ерегесуге құмар? «Өзім үшін туып аламын» дейтін қыздар неге көбейді? Кім кінәлі? Айтайын, бәріміздің баламызды әлеуметтік желі мен интернет әлемі тәрбиелеп жатыр. Шындық сол!  Дамыған Жапонияда интернет желісі дер уақытында бұғатталады. Оқушы балалар бақылауда тұрады. Олардың әр іс-қимылы қырағы биліктің назарында. Өйткені ұрпақ мәселесі бірінші орында.  Одан Жапония кері кетіп жатыр ма?

 

 

Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды. Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дарқан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт. Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында, өкінішке қарай, азғындап барамыз. Әсіресе жастардың жайы қиын. Суицид, бірін-бірі тепкілеген оқушы балалар, бірін-бірі шаштан сүйреген қыздар. Ұрпағымыз азса, мына кең жазира даланың қаншалықты құны бар.

Жасөспірімдер неге руxани азғындап барады? Кім кінәлі? Ата-ана ма? Орта ма? Мектеп пе? Қоғам ба? Әлеуметтік желі ме? Күнкөріс үшін бозала таңнан үйінен кетіп, кеш бата оралатын ата-ана кінәлі ме? Әлде бәріне немқұрайлы қарап отырған Үкімет пе?

Әлихан атамыз өз сөзінде  «Қазақ – баладай аңғал, сүттен ақ, судан таза, бүлінбеген халық» деген еді. Қазір неге азғындап кеттік? Зиялы халықтың саналы ұрпағының қай жаққа бет алып бара жатқаны белгісіз. Үлкеннің алдын кеспейтін, сыпайы  да тәрбиелі, білегі көрініп қалса беті қызарып, ұяттан жерге кірердей болатын қыздарын тәрбиелеп өсірген қазақтай асқақ халықтың ұрпағы емеспіз бе? Ата-бабамыздың саналы  тәрбиесінен қазіргі ұрпақ қандай ғибарат беріп жатырмыз?

Неліктен жастарымыз өзгенің жат дүниесіне еліктеуден қорықпайды? Осы еліктеушіліктің түбі рухани азғындауға әкеліп соқса ше? Күнделікті жаңалықтардан жалаңаштанып жүрген өз азаматтарымыздың жайын естіген кезде төбемнен жай түскендей болды.  Біз бой түзер аға-әпкелеріміздің бұл қылығына кім тоқтау  салады? Жалаңаштанып, өз намыстарын аяққа таптауларының басты себебі болмашы бір тиын үшін екен.  Осы уақытқа дейін бұндай жағдайдың куәгері боламыз деп кім ойлаған? Қазақтың арда азаматтарының бойынан тек қана  намысқойлық, қайсарлық табылу керек емес па? Қиын-қыстау сәттерде болсын қара су мен қатқан нанды азық етіп, келешек таңның қамы үшін аянбай еңбек еткен ұлт жанашырларына білдірген алғысымыз осы ма? Бұл жағдайда халық бар болғаны күнделікті жаңалықтар сияқты қабылдады. Өйткені, бұндай жағдайлар елді таңдандыра алмайтын болған. Қыз сияқты киінген еркектер, жалаңаштанып жүрген азаматтар, Батыстың дүниелеріне таңсықпен қарамайтын халық…

Осындай бей-берекет іс-әрекеттерге әкеліп соғып жатқан жағдайлар ұрпақ тәрбиесіне селқос қарауымыздан, ел болашағына жауапкершілік алмауымыздан және де көгілдір жәшіктен күні бойы көрсететін телесериалдар мен әлеуметтік желінің септігі де тиіп жатқандай. Уақыт өткен сайын ата-бабамыздың өнегелі тәрбиесінен алыстап жатқандаймыз. Жалаңаштанып жүрген аға-әпкелерімді көргенде үстеріне киетін шүберек таба алмай жүр ме деп ойлайсың. Әлде бойларынан қазақтың дара қасиетін жоғалтып алып, соны іздеп жүре ме? Жұмабек Тәшенов «Елімнің мүддесі үшін қияметке болса да дайынмын» деген болатын. Ал, біз ше? Қара басымыздың қамы үшін намысымызды таптап, сол қиямет күнін жақындатудамыз…

Жапонияда ажырасқан еркек пен күйеуінен безінген әйелді жоғарғы қызметке жұмысқа алмайды екен. Отбасын дұрыс құра алмаған, шаңырағында ынтымақ пен бірлік орната алмаған адам, қалай билікте жұмыс істейді дейді екен.   Міне, саған тәрбие! Бізде жүз шенеуніктің (әйелі мен еркегі аралас) елуі ажырасқан. Көпшілігі міз бақпай билікте отыр. Тіпті селт етпейді пәтшағарлар.

Менің пайымымша, елімізде зорлық-зомбылық болмас еді, егер ұлттық құндылығымыз найзадай өрге шаншылса. Ұлттық идеология көк байрақтай көкте желбіреп тұрса. Біз қазір жаһанданудың аранына жұтылып барамыз. Мен басқарып отырған «Qazaqstan dauiri» газетінің де ұстанымы – ұлттық құндылықты дәріптеу. Ұлт болып ұйысудың жолын іздеу! Біз осылай қалғып-шұлғып жүргенде «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы»  заң жобасы қабылданып кетсе қайтеміз? Отбасы болған жерде ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды дейді қазақ. Егер ер-азамат әйеліне «әй» дей алмаса, ұлы мен қызына «қой» дей алмаса, ұлттық болмысымыздан не қалады? Қазақ деген қауқиған бойымыз, шалажансар ойымыз ғана қалмақ.

Келешекте құмырсқадай қаптаған жезөкшелар, көбелектей көлбеңдеген көгілдірлер, ұлт деген танымнан жұрдай феминистер жынысын ауыстыру туралы заңды талап етіп отырып алса қайтеміз? Олардың саны күн санап көбейіп келеді. Өте қорқынышты жағдай түсінгенге.

 

МЕКТЕПКЕ «ЖЫНЫСТЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ» ЕНГІЗГІСІ КЕЛЕТІНДЕРДІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?

Ел болып қалудың бүгінгі нақты жолы  «Балаңды аясаң, аяма!..» деген қағидатпен өсіру. Бір мезгіл кітап оқуына жағдай жасау, оны қадағалау! Әйтпесе әлеуметтік желілер баланы «өз бауырына басып алып» жіберер емес. Шынын айтсақ,  ұлт тағдыры мен мемлекет болашағы жас ұрпақтың бүгінгі тәрбиесімен тікелей байланысты. Сондықтан бала тәрбиесін ұлттық идеология биігіне көтеріп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен тағылымды дүниелерін көздің қарашағындай сақтап қалатын уақыт жетті.

 

Әрине, газет қашанда оқырманымен көрікті болатыны ақиқат. Соңғы кезде «Барлық ақпаратты интернеттен оқып аламыз» деген сыңаржақ пікір қалыптасқалы газеттің оқырмандары азайып кеткені жасырын емес. Үлкендер осындай қадамға барып жатқанда жастарға не жорық?!  Оқырман санын қалай арттырамыз деген сауалға жауап іздеп жүргендер менсіз де көп болар. Газеттің өзі бір күндік – сөзі мың күндік. Қанша жерден интернеттен барлық ақпаратты оқып аламыз деген пікір қалыптасса да, газет сусындатқан рухани дүниенің жөні бөлек. Себебі, газет – тәрбие бесігі. Онда сұрыпталған нақты дерек қана жарық көреді. Ал біздің билік газет-журналдарға ешкімді қыстамауға, мәжбүрлемеуге шақырады. Бұл дұрыс емес. Мемлекет өзі болып газет-журналға жаздыруға міндеттеуге, мәжбүрлеуге тиіс. Сонда ғана салиқалы ұрпақ, саналы бала ер жетеді. Әйтпесе тұрмыстық зорлық-зомбылық кең етек жая бермек. Себебі интернет тәрбиелеп жатқан қоғамда ұлдан әдет, қыздан ұят қашуда. Осыны көріп тұрып селт етпейтін Үкіметке айтар датым көп. Біз, үлкендер, мәжбүрлемегендіктен, ұл ойына келгенін істеп, қыз есіріп жүр. Егер мәжбүрлеп үстіне киім кигізбесек, өз таңдауы бар ұл мен қыз көшеде жалаңаш жүруден арланбайды. Егер бидайды мәжбүрлеп диірменге тартпасақ, ұн қайдан шығар еді? Мәжбүрлеудің арқасында ұлт болып отырмыз. Ал газет пен журналға жазылуды мәжбүрлегендер айыпты! Осы да әділдік пе? Керек болса мұғалімдердің өзін мәжбүрлеп жаздыртып, білімін, ой-өрісін көтеруді қолға алу керек.  Кешегі коммунистер қараңғы халықты мәжбүрлеп тұрып оқытты. Мәжбүрлеп газет-журналға жаздыртты. Баяғыда ата-аналар балаларын молдаға оқуға әкеліп бергенде «Сүйегі менікі, еті сенікі» дейді екен. Міне, сендерге мәжбүрлеу!

Ұлттық идеологияның жоқтығынан, адамдардың қарнының тоқтығынан, «газет-журналға мәжбүрлеп жаздыртуға болмайды» деген «ұран сөзден» кейін, қазақ газет-журналдары таралымы азайып кетті. Оның обалы кімге?  Зорық-зомбылық кең етек алған ғасырда ізгілікке шақыратын, адам баласының ой-өрісін кеңейтетін қазақ басылымдарының басына қара бұлт төніп тұр.

Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның алмасуымен қатар, ақпарат ағынының тасқындаған қазіргідей «аждаһа» заманда ұлтты және ұлттық құндылықтарды, ең бастысы, жас ұрпақты тәрбиелі де саналы һәм ұлтжанды азамат ретінде сақтап қалу өте күрделі мәселе болып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда шын мәнінде қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға, әсіресе, жастар арасындағы орын алып жатқан орны толмас қайғы-қасіреттерге және қатыгездіктерге қарап, еріксіз осылай демеске амалымыз тағы жоқ. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Алайда көп жақсыны бір жаманның былғайтынын естен шығармасақ болғаны. Бірақ, жаман айтпай, жақсы жоқ. Жас ұрпақтың тәрбиесі шын мәнінде дәл осындай өзекті мәселеге айналады деген үш ұйықтасақ, түсімізге кірмесі анық. Осылай болды. Енді не істемек керек? Айналып келгенде, ұрпақ тәрбиесі өзімізге байланысты. Бұл мәселелер бізден бұрын да көтерілген, бізден кейін де айтыла береді. Бір сөзбен айтқанда, жастар тәрбиесі өте өміршең тақырып.

Адам – ұрпағымен, ағаш – тамырымен мықты, адам ұрпағымен мың жасайды дейтін болсақ, ертең елдің тұтқасын ұстауға тиісті өз кіндігімізден тараған ұрпаққа дұрыс бағытта тәрбие беру ол ең алдымен өзімізге байланысты дүние. Сондықтан бұл мәселеде сол ұрпақты тәрбиелеуші ата-ананың ұстанымы мен жауапкершілігін бірінші орынға қою керек сияқты. Қазіргі таңда қоғамда жасөспірімдерге қатысты орын алып жатқан кейбір келеңсіз жайттарға ең біріншіден ата-аналар қауымы, содан кейін барып қоғам жауапты. Бұл ретте ата-ана мен мектептің, қала берді қоғамның бірлескен әрекетін үйлестіру маңызды.

Соңғы жылдары  мектептерде жыныстық сауаттылықты көтеру жайлы әңгімелер дүркін-дүркін айтылуда. Олардың арасында депутаттар да жүр. Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, мәжіліс депутаты Динара Болатқызы Зәкиева жыныстық сауаттылықты балабақшадан үйреткен дұрыс деп соғып отыр. Оны белгілі саясаткер бауырым құптаған ниет білдіріп басын шұлғып қояды. Аружан Сайн деген зорлық-зомбылық көрген әйелдерге жанашыр болып жүріп ойына келгенін істеп еді. Бүгінде қайда жүргені белгісіз. Ізім-ғайым жоқ. Іздестіріліп жатқаны жайлы қауесет желдей еседі. Не дейміз, артының ақырын берсін!

Жиһанкез Семенов Тяньшанский  «Қазақ халқының салт-дәстүрі тұнып  тұрған білім» деп тегін айтқан жоқ қой.  Бұл әңгіме құлағына жеткен қатын патша қазақты жік-жікке бөлудің жоспарын жасап, «сексеуіл саясатымен айналысып»  тоз-тозымызды шығарды.

Содан бері неше ғасыр өтсе де әлі оңала алмай келеміз.  Алаш арыстары «Оян, қазақ!» деп ұрандатқанда да селт етпедік.

Қазіргі ұлтқа қатысты жасалып жатқан дүниелердің бәрі – қаскөйлердің, ұлтын сатқандардың іс-әрекеті! Мұның бәрі халықтың құлағын үйрету үшін жасалып жатқан қадам ғой. Бұған есті қазақ есірмеуі керек. Керісінше кердеңдегендерді кереге сыртына шығарып, «шаңыраққа қара!» дейтін уақыт болды. Бойында намысы бар қазақтың бәрі менің сөзімді құптарына сенемін. Айтпақшы,  жыныстық сауаттылық жайлы анасынан тәрбие алмаған оқушы қыз, мектептегі жыныстық сауаттылық дәрісінен кейін бәрін біліп кете ме? Осыдан-ақ біздің идеологиямыздың қалай қарай бет алғанын бағамдай бер!

Мен айтар едім ғасырлар елегінен өтіп бізге жеткен ұлттық құндылығымызды мемлекеттік деңгейде қолға алсақ,  жыныстық қажеттіліктің керегі де бола қоймасы анық.

 

АТА ЗАҢЫМЫЗДЫҢ ОЛҚЫ ТҰСЫ КӨП…

ТҮЙІН СӨЗ:  Елге ақыл айтатын, жастарға үлгі болатын қайда ақсақалды абыздар,  қайда ақ жаулықты әжелер? Көшпелі халық өркениетінде батагөй ақсақал, дана қариялардың орны бөлек еді ғой, шіркін! Жеке адам, әулет, ұлыс пен ұлт алдында қандай күрделі мәселе тұрса да көпті көрген, турашыл, не нәрсенің де байыбына барып әділ шешім шығаратын тайпа көсемдерінің тоқетер сөздеріне жүгініп отырған ұлт кімнен кем еді? Жаугершілік заманда ру басыларға айтпай, олармен кеңеспей ештеме де істелмеуші еді. Бүгінде бәрі бас-басына түйе айдап жүр. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан алдыңғы қатарда тұрмыз.  Неге бұлай кері кетіп, сорлап қалған жұрт болдық? Кім мұның жауабын бере алады? Билікті жамандай бергеннен ұтарымыз аз. Ол жердегі шенеуніктер бүгін бар, ертең жоқ. Ал халық қияметке дейін тұрады.

 

 

Лев Толстой мен Шәкәрім хат алмасады. Адам баласы қандай ауыр күнә жасайды деп сұрайды? Сонда Лев Толстой: «Сіз бір нәрсені біліп тұрып, соны не бастықтан, не өзіңізге жағдайыңыз қиын болады деп жасырып қалсаңыз, күнәнің ауыры сол», – дейді. Ал, біз бастықты тыңдаймыз. Бастықты тыңдамасаң, күнкөрісің жоқ, қаңғытып жібереді. Солай бас иіп жүреміз. Қазіргі ақсақалдардың ісі – бас ию. Қашан басын тік ұстайтындарын мен білмеймін. Ел ағасы деген жоқтың қасы. Мына кісі ел ағасы деп айтыңызшы сіз. Кім соның сөзін тыңдайды? Елге сөз тыңдата алатын ел ағалары жоқ.

 

 

Белгілі қоғам қайраткері Ғарифолла Есім ақсақалдың сұхбатын оқыдым.  Ағынан жарылыпты. «Бүгінгі руханияттың ақсақалдары, Президентіміз сенім артып отырған зиялы қауым өкілдері, өздеріңіз де кінәлі шығарсыздар?

– Өте кінәліміз. Тура айтатын сөзді айта алмаймыз. Менен бір кісі сұрайды:

– Осы заманда Абай болса, не істер еді? – деп. Мен: – Түрмеде отырар еді дедім. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ» деген сөздерімен біздің қоғамда қалай өмір сүреді? Біздің қоғамда өсек те, өтірік те көп. Өсек 70-80%. Өтірік болған жерде, қайдағы ақсақалдық сөз?! Бұл сөздерді мен айтып отырмын, осылай айта алмайтын менің жасымдағы адамдар жеткілікті. Айтсақ билікке ұнамай қаламыз дейтіндер» депті. Ащы шындық осы! Бұған менің қосарым,  жағымпаз, өтірікші шалдар көп, ішетіндері арақ-шарап. Ондай ауыздан қандай дуалы сөз шықпақ? «Ішінде дәнегі жоқ жаңғақ шағылғанда ұятқа қалады» депті Шығыс шайыры Сағди. Бұдан асырып сақал-шашы ағарған шалдар туралы не айта аламыз?

Қазақ болудан бас тартуға ұялмайтын жастар өсіп келеді. Киімдері ашық-шашық, ауыздарында темекі, тілдері дүбара!  Олардың саны күн өткен сайын көбейіп жатыр. Ұлттық құндылықты қолдан құрта бастадық. Тіпті мектепте ұстаздар директорларға бағынбасын дегенді айтып жүргендер бар. Иә,  жыныс ауыстыруға қарсылық білдірмей, заң жобасын мақұлдадық. Бұл келешекте бір жыныстылардың көбеюіне жол ашса қайтпекпіз? Олар сосын өз құқықтарын талап етсе не істемекпіз?  Иә, елімізде кең етек жайған зорлық-зомбылықты ауыздықтауға  заң керек. Онсыз болмайды. Бірақ ұлттық болмысқа, менталитетке заңды бейімдеу заман талабы.

 

Шетелдерге 10 мың жетімі сатылған біз қандай елміз?..

Қазақ елінің ұлы қателігінің бірі шетелге бала сату болғанын кезінде ашық айтып, батырып жаздық. Тыңдаған билік болмады.

«Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсемізова  шетелге кеткен қазақ балалары жөнінде ел білмейтін көп деректі тауып, зерттеп жүрген журналист. Ол бала асырап алу ісінде көп шикілік, заңсыздық болғанын айтып жүр.

 

 

«Бала асырап алуда» жемқорлық болғанын ешкім жоққа шығармайды. «…Бір америкалық ата-ананың өз аузынан біздің жақ ақша талап еткенін естідім. Құжаттар бойынша барлығы дұрыс, ешқандай шикілік таппайды. Тіпті сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің өздері, Бала құқығын қорғау комитеті болсын, «ол жаққа тек ауру балалар кетеді» деп айтты ғой. Бірақ ауру балалар кетіп жатқан жоқ. Неліктен? Өйткені олардың медициналық парақшасына түрлі-түрлі ауруды жазып қояды. …Арасында мүгедек балалар бар. Мысалы, 2009 жылы Бельгияда түсіріп келдім. Талғат деген бала болды. Сол баланың қолы шынтағынан жоқ болды. АҚШ-та бір қыз бала болды, екі аяғы жоқ. Бірақ барлығы бірдей ауру емес. Есепсіз кеткен бала өте көп. Халықты тыныштандырып қою үшін «шетелге ауру балаларды береміз» деген ақпарат болды. Бағдарламадан елдің бәрі оның барлығы ауру емес екенін көріп жатыр», – дейді Жанар Байсемізова.  

Таяуда елді тебіренткен оқиғаға куә болдық. Испанияда өскен қазақ баласы анасын іздеп келді. Есімі Жәнібек, Арқалықта туған. Кезінде Арқалықтан асырап алған бельгиялық отбасы Жәнібек деген атын өзгертіп, оған «Эдди Жан» есімін беріпті. Бұл туралы «Отандастар»  қорының вице-президенті Олжас Беркінбаев өзінің парақшасында жазды.

«Мына видеода ағылшынша сөйлеп, Сіздермен көмек сұрап отырған жігіттің есімі – Жәнібек, бірақ қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған. Ұлты – қазақ, 2002 жылы Арқалық қаласында дүниеге келген. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғызбасты анасы асырап алуға алып кеткен. Фламанд тілінде өскен ол, қазақша не орысша білмейді. Есесіне, ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді. Қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп өсірген. Осы күндері Астанада, өзінің туған әке-шешесін іздеп келіпті. Кеше осы жігіт туралы пост жазып, артынан біздің заңнамаға сәйкес, баланың өзі айтуы керек деген соң, оны алуға мәжбүр болғам. Бүгін өзінің рұқсатымен видеосын жариялап отырмын. Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтап, жүрегімді тыншытсам болды деген Жәнібек мына видеоны бүгін неше рет түсіргенін білсеңіз ғой… Әлі толқып жүрмін, ана туралы ойласам, эмоциямды басқара алмай қаламын дейді. 20 желтоқсан Астанадан Испанияға ұшып кететін Жәнібек баршаңыздан көмек күтіп отыр. Қазақстан тым алыс, енді қашан келерім белгісіз, мұнда түрім қазақ, тілім өзгеше бәрі біртүрлі қарайды дейді. Мальоркада ол атбегілікпен айналысады. Жылқыны жақсы көреді екен… Барынша таратып, қандасымызға қол ұшын созып жіберейік, ағайын!» деп жазды ол.  Көпшілік қазақ баласының туған ата-анасын тездетіп табуына тілеулестік білдірген. Алайда шетелге сатылып, елге шерменде болып жеткен қазақ баласы анасын таба алмады. Әкесін де көре алмады. Өкініш пе, өкініш! Бір Алла біледі, күндердің күнінде «Ата-баба қонысын» аңсап әлі талай  жетімек келмесіне кім кепіл?! Кезінде Ата Заңның солқылдақтығынан сыртқа сатылып, бейбіт заманда  «құлдыққа» айдалып, кейін өзге елде сұлтан болған Бейбарыс бабамыздай батыр болмаса, адам болып жүрген жастар жетеді.

Шетке кеткен асырандылар саны бейресми мәліметте  10 мыңға таяу делінеді. Ал ресми деректерде – 8806. Мұның 6 мыңы АҚШ-қа «аттаныпты». 721-і Испанияда, 426-сы Бельгияда жүрген көрінеді. Соның бірі Бельгиядан келіп, анасын таба алмай еліне аңырап қайта кетті.

Жалпы, шетелге бала жіберу «науқаны» тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ белең алған. Біз ел болдық деп дүркіреп жүргенде, жылан бауырлап келген жылмақайлар жер байлығымызға қоса, өздерінде демігіп қалған демографиясын оңалту, халық сапасын арттыру үшін қараусыз қалған сәбилерді, жетімдерді «суық қолдар» арқылы әкете бастағаны белгілі. Тіпті бұл іспен айналысқан фирмалардың саны ондап саналғанынан да хабардармыз. Осы қиын түйін мәселе 1998 жылы «Неке және отбасы туралы» Заң қабылданып, 1999 жылы іске қосылған соң ғана айтыла да жазыла бастады. Оның алдындағы аласапыранда қанша бала сыртқа кетті екен? Олар қазір сұраусыз. Енді міне, олардың кейбіреулері ғайыптан пайда болып: «Мен де қазақ едім. Егіндеріңе түскендей, ойланбай қаңғыртып жіберіпсіңдер ғой. Мұндай қатыгездік қандарыңа қайдан дарыған? Сендерге ел қорғайтын ұрпақ емес, қалтаңды томпайтатын тиын-тебен қымбат болған-ау!» десе, ол жетімектерге не дейміз? Кімді кінәлі қылып шығарамыз? Елімізде әке-шешесінен безіп, шетелге құмар болып, шетелдікке тұрмысқа шығып тілінен, ділінен безіп жүрген қыздардың саны артуда.  Шетелге сатылған мыңдаған балалар қазір ержетті, тілін, тарихын, тамырын, Отанын іздеп зар илейді. Америкалық отбасы асырап алған қазақ қызы Әнельдің жан сыры бейнеленген таспаны назарларыңызызға ұсынамын,  оқырмандарым. https://www.facebook.com/share/v/4FQCk6M15HedppAH/?mibextid=xfxF2i

 

Дұшпанға тамсанып, өз мәдениетіңді тәрк ету де сатқындық!

 Зорлық-зомбылық туралы айтылғанда осы ісімізден қорытынды шығарсақ болмас па? Ең қорқынышты нәрсе  отбасы құндылығын одан әрі жоюға арналып жатқан іс-шаралар елімізде көбейді. Гендерлік саясат өз дегенін істеп жатыр. Еркек пен өзін тең санайтын қыз-келіншектер ақыр аяғында күйеуімен жағаласып, оны полиция арқылы желкесінен түйіп үйінен қуып шығуда. Мұны көрген ұл мен қыз ертең көргенін қайталамасына кім кепіл?! Өзім мұғалім болғасын білем, мектептегі жүктеме өте ауыр. Мұғалімдер оқушының тәрбиесімен емес, жүктемемен әуре. Үлкен қалаларда үйсіз-күйсіз жүргендер қаншама. Олардың балалары сауатсыз, тұрмыс жағдайлары нашар. Көбіне ұрлық-қарлыққа, зорлық-зомбылыққа солар барады. Тәрбие беретін ата-ана қайтсем күнімді көрем деп жанталасып жүр. Осыларға қалай жүрегің ауырмайды?

Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында. Бірақ жасап жатқан ісіміз жаман. Қайтсек ел болып қаламыз? Бұл бүгінгі ұлт болашағын ойлаған жандардың сауалы. Есіме атақты түрік жазушысы Хусейн Нихал Атсыздың: «Отаның мен халқыңа опасыз болу үшін міндетті түрде еліңді тонап, әскери құпияны жауға сату қажет емес. Дұшпанға тамсанып, өз мәдениеті мен тарихын мансұқтау, жаудың мүддесін өмір салтына енгізу де – сатқындық» деген сөзі түсіп отыр. Бүгінгі біздің кейбір ойсыздардың іс-әрекеті осыған сай келіп тұр.

Сөз соңында айтарым, заңдар ұлттық мүдде тұрғысында жазылуы тиіс. Өзгенің қаңсығына таңсық болу елімізді ұшпаққа шығармайды. Парламент депутаттары кез келген заң жобасына ұлттық көзқараспен қарап, болашақ ұрпақ үшін қызмет етуге міндетті. Бауыржан бабам айтпақшы, «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» ешқашан. Заң қалай болса солай жазылмауы қадағаланса, ұшпаққа шығамыз. Заңымыз ұлттық құндылықтан ажыраса, қыспақта қаламыз. Әлемдегі Ата Заңы көп өзгеріске түскен мемлекет біз болып тұрмыз.  Келешекте сыртқа бала сатуға, жыныс ауыстыруға, зорлық-зомбылықты жарнамалауға, гендерлік саясаттың шамадан тыс күш алып кетпеуіне басты назар аудару – дәуір талабы!

Біз қазақ деген жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық едік. Ойлап отырсам, сыртқа бала сатамыз деп қаншама қара көздің обалына қалдық. Енді Заң шығарушы орган заң жобаларына мұқият қарап, ізеттілікпен іс етсе, өткеннен сабақ алып, қателіктерін түзетсе құба-құп.

Келешекте ұлттық құндылықтарды ардақтайтын, жақсы мен жасықты салмақтайтын, ұлтқа қарсы заңдарды паршалайтын, еліне қызмет етуден шаршамайтын Парламент  Сенаты  мен Мәжілісі депутаттарына осы жазғанымды аманат етейін.

Тағы айтамын, Ұлттық құндылық Ұлттық идеологияға арқау болмаса, мәңгілік ел болып қалуымыз күмәнді! Бізді сақтап қалатын имунитет – қазақы болмысымыз, салт-дәстүріміз, тіліміз бен дініміз!  Олар жоғалса, біз де жоқпыз, құрметті жолдастар!

 

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері