«Ұлттық ойындар – бабадан қалған асыл қазына»: Астанада отбасылық ойындар жарысы өтті

«Ұлттық ойындар – бабадан қалған асыл қазына»: Астанада отбасылық ойындар жарысы өтті

Астанада Қаламгерлер аллеясында «Ұлттық ойындар – бабадан қалған асыл қазына» іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Отбасылық ойындар жарысының басты мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық ойындарды насихаттау.

«Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бүгін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында осындай іс-шараны ұйымдастырып отыр. Бұл жарыс сол елімізде болып жатқан ойындардың жалғасы іспетті. Еліміздің абыройын асқақтатқан спорттық додаға қосқан үлесіміз деп білеміз. Мерекеге орай кітап көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Мақсаты – өзіміздің ұлттық ойындарымызды әрі қарай дамыту. Өйткені жасөспірімдер бабадан келе жатқан асыл мұраларымызды ұмытпауы керек деп есептейміз», — деді Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі басшысы Гүлбадам Мәдібаева.

Оның айтуынша, қатысушылар – қала мектептерінің оқушылары, яғни кітапхананың белсенді оқырмандары.

Іс-шараға 40-қа жуық мектеп оқушысы қатысты.

Іс-шараның ашылуында «Елорда ақсақалдары кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуарбек Ералы, Сарыарқа ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркін Нұрғазин жарысқа қатысушыларға ұлттық ойындардың түрлерін айтып, маңызын түсіндірді. Сондай-ақ, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Үш топқа бөлінген жарыс қатысушылары тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту және сұрақ-жауап ойындарында өзара бақ сынады.

Отбасылық ойындар жарысының қорытындысында үздік шыққан қатысушылар марапатталды.