Ұлттық спорт түрін болашақ ұрпаққа жеткізу – елім деген әрбір азаматтың міндеті әрі борышы.

Құсбегілік ұлттық спорты – қазақ тарихында тамыры тереңге жайылған еліміздің төл мәдени құндылығы. Қазақ ұлтының дәстүрлі салт-санасымен етене байланысып, бүгінгі таңда бізге қаз-қалпында жеткен ұлттық спорт түрін болашақ ұрпаққа жеткізу – елім деген әрбір азаматтың міндеті әрі борышы.
Бүгінгі таңда «Құсбегілік» федерациясы құсбегілік спортын тұрақты дамытумен және ел арасында кеңінен насихаттаумен, республикалық әрі халықаралық жарыстарды ұйымдастырумен, ұлттық құраманы жасақтаумен белсенді айналысып келеді.
Жыл басынан «Құсбегілік» федерациясы 2 республикалық чемпионат, 3 халықаралық турнир, 2 республикалық жарыс ұйымдастырды.
Атап айтқанда, 9-12 ақпан аралығында Талдықорғанда жастар арасында, ал 24-26 ақпан күндері Атырау қаласында ересектер арасында республикалық чемпионат өтті. Осылайша, спортшылар бүркітшілер сайысынан, қаршығаны қолға шақырудан, ителгіні қоянға салу бойынша өз шеберліктерін көпшілік назарына ұсынған болатын. Келер жылы ұлттық құрама спортшыларын Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін жарысқа қатыстыруды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ құсбегілік спорты бойынша мектеп жасындағы балаларды дайындауға арналған оқу құралы әзірленді. Әдістемелік құралда құспен танысу, құсбегілік құрал-жабдықтарын пайдалануды меңгеру әдістері мен тәжірибелік сабақтар бар. Мысалы, қолға қондырылған құсты атпен алып жүруге дағдылану, жаз және қыс мезгілдерінде күтіп ұстау, құсбегінің киімі жайлы ақпар жарияланған.
Әлбетте, аталған ұлттық спорт түрін дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүрген азаматтарға қаржылық қолдау көрсетудің де маңызы зор. Осы ретте 2023 жылдың екінші жартысынан бастап құсбегіліктен ҚР ұлттық құрама командаларының мүшелеріне федерация тарапынан жалақы төленіп жатқанын да айта кеткен орынды. Оған қоса, ұлттық құрама команда спортшылары мен төрешілеріне арналған киім үлгісі әзірленуде.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе, сайысқа іріктелген құстарды тасымалдау. Осы орайда ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ҚР Көлік министрлігімен және «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, ел аумағында құстарды теміржол көлігі арқылы тасымалдау мәселелерін жеңілдету бойынша, атап айтқанда тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізу жөнінде тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Жуырда «Құсбегілік» федерациясының ресми сайты іске қосылғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл жерде аталған ұлттық спорт түрін насихаттап жүрген отандық бүркітшілер туралы ақпаратпен танысуға болады, сонымен бірге жыл көлемінде ұйымдастырылған іс-шаралардан сыр шертетін фотосуреттер де жарияланған.
«Құсбегілік» дәстүрлі дағдыларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде халқымыз үшін терең мәдени маңызға ие. Сондықтан аталған спорт түрін мәдени құндылығымыз ретінде одан әрі дамытуды жалғастыруға бел буып отырмыз. Ең бастысы, алдағы уақытқа деген бағдар – айқын, мақсат – бір.