Ұлттық сусынды ұлықтаған кәсіпкер
-Талас ауданының табиғаты мен топырағы түйе өсіруге қолайлы. Түліктің бұл түрі де жер таңдайды. Мал шаруашылығымен маған таңсық емес. Сол себепті, осы кәсіптің түрін таңдадым, — дейді осы шаруашылықты қолға алған Қанат Асқаров.
Жалпы Қанат бұған дейін де ағайынмен бірлесіп мал шаруашылығымен айналысқан. Шаруашылықтың қыр-сырын меңгерген ол уақыт өте келе жеке кәсіп ашып, ойсыл қараны өсіруге ден қояды. «Абдрахман» жеке кәсіпкерлігін ашады.
— «Бизнес Бастау» жобасы арқылы арнайы курстан оқып, сертификат алдым. Бизнес жобамды әзірлеп, құрылған комиссияда қорғадым. Нәтижесінде қайтарымсыз қаражат, грантты иелендім. Бұл қаражатқа 2 түйе сатып алдым. Шұбат- денсаулыққа шипалы сусын. Оған сұраныс өте жоғары. Тараз қаласынан тіпті өзге аудандардан тапсырыс берушілер табылып жатады. Оған бұған дейін шаруашылықта жұмыс жасағанда көз жеткіздім,-дейді кәсіпкердің өзі.
Қанат түйе өнімі шұбатты 1000 теңгеден саудалап отыр. Шұбаттың өзі арнайы құтыға құйылған, сыртында жапсырмасы бар. Сырт көзге дүкен сөрелерінде саудаланатын сүт өнімдерінен еш айырмасы жоқ. Кәсіпкердің ұсынған шипалы сусынның сапасы ауыл тұрғындарына жақсы таныс. Содан болар тапсырыс берушілер жетіп артылады.
Қанат Әбдахманұлы қазір өзі қоныстанып жатқан Ақкөл ауылындағы тұрғындарға қажетінде жеңілдетілген бағамен ұсынатын кездер де болады.
Жалпы Қанатты жергілікті тұрғындары қайырымды істердің қасынан табыла білетін, мұқтажға қол ұшын соза жүретін азамат ретінде таниды. Көпке ортақ сауапты істерден қалыс қалған емес. Мұны алыс-жақын жүрген ағайынның өздері айтады.
Түйенің сүтіне сұраныстың жоғары екендігі рас. Мұны жақсы түсінген кәсіпкердің алға қойған жоспары да аз емес. Алдымен осы шаруашылық түрін кеңейту арқылы шұбат өнімін арттыру.
Тірлік бастау үшін тек ниет ғана емес, кәсіптің көзін таба білуің керек. Тың бастама табысқа бастайды. Көп адам айналысуға тәуекел таныта бермейтін түйе шаруашылығын қолға алу Қанаттың іске деген табандылығын танытса керек.
Нарбол Қашаған, Талас ауданы