«Ұлттық тәрбие — ел болашағы» атты форсайт-сессия өтті
Алғаш рет Республикалық деңгейде «Ұлттық тәрбие — ел болашағы» атты форсайт-сессия өтті.
“Ағаштың бұтағы иір болғанымен, тамыры бір” деген сөз бар дана халқымызда. Бала тәрбиесінде әр әулеттің өзіндік ұстанымы, бағыт-бағдары болғанымен, жастың болашағы ортақ, қоғамдық мәселе. Біз ұрпағымыздың ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелей отырып, тұтастай ұлттың келбетін қалыптастырамыз.
Осы мақсатта ҚР Оқу-ағарту министірі Ғани Бектайұлының басшылығымен орта білім беру жүйесіндегі “Ұлттық тәрбие” бағытын қайта жаңғырту жұмыстарын Ы. Алтынсарин Академиясы мен “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” Халықаралық Қоғамдық Қоры бірлесіп жасауда.
«Ұлттық тәрбие — ел болашағы» атты форсайт-сессия ел көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Республика бойынша сауалнама өткізіліп, 20 мыңнан астам ұстаз, ғалым мен ата-анадан ұрпақ тәрбиесі хақында ой-пікірлері алынған.
Форсайт-сессияда барлық аймақтан жиналған ұстаздар, ата-аналар өкілі, облыстық білім бөлім басшылары, жетекші мамандар бас қосып, қазіргі жергілікті деңгейдегі проблемалар, сын-сұраныстар және алдағы уақыттағы трендтер мен өзгерістерге болжам жасалды.
Жастардың 69% әлеуметтік желіні тұтынады деген нақты статистика бар. Бүгінгінің баласын әлеуметтік желі тәрбиелесе, ұлттық құндылығымыздың халі нешік?!
Бұл көкейкесті сауал асыл мұрат жолында жүрген әр адамның санасында бар деп ойлаймын. Сол себепті біз әлеуметтік желіде ұлттық сипатта сапалы контент әзірлеуміз қажет. Демек, ұлт мұратын түгендеп, елдің рухани әлемін тереңдететін әдіс-тәсіл қажет. Форсайт-сессияның мақсаты — осы мәселені барынша тереңінен қозғау.
Бастама болашақта әр өңірде жалғасын табады. Есті қоғам құруда адам баласының ұйқылы-ояу жүріп, бойкүйездікке салынуына жол жоқ. Биік мақсат, зор үміт, ұлы пікір болған жерде жемісті еңбек болары сөзсіз.
Дархан ӨТЕ, ФБ парақшасынан