ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ҰЛТ ТІЛІНЕН БАСТАЛАДЫ
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Исаның Түркістан қаласында өткен білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде сөйлеген сөзі.
Қадірлі ағайындар!
Бүгінгідей қасиетті жұма күні киелі Түркістанда сіздермен жүздескеніме бек қуаныштымын.
Еліміз бойынша өтіп жатқан білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі құтты болсын!
Алдымен айтарым, таяу күндерде Түркістан облысы Отырар ауданындағы 11 адамынан айрылып, ауыр қайғыға ұшыраған Айтбай әулетінің қайғысын бөлісіп парламенттің, “Ақ жол” партиясының атынан көңіл айтамын. Пейіште рухтары шалқи бергей.
Жаңа «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: АДАЛ ҰРПАҚ, САПАЛЫ БІЛІМ, ТАБЫСТЫ ҰЛТ» тақырыбындағы білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бектаев мырза биылғы кеңестің ерекше форматта өтіп жатқанын атап өтті. Иә, ерекше форматта өтіп жатқанын көріп жатырмыз. Тағы бір ерекшелігі бұл кеңес министр де, вице-премьер де Ресей тілінде баяндама жасауымен есте қалатын болды! Министр баяндамасын жартылай орысша жасағанда, осы біздің Түркістан облысы түлегі вице-премьер Тамара Дүйсенова мемлекеттік тілде сөйлейтін шығар деп отыр едік, түгел орысша жасап шықты. “Әндіжанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы” дегеннің нақ өзі болды! Тәуелсіздігіне 32 жыл болған елде бұл не масқара!
Әйтеуір Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды бауырымыз тек қана мемлекеттік тілде маңызды баяндама жасап, жанымыз қалды…
Мұғалімдердің тамыз кеңесі дегенде, осыдан 38 жыл бұрын, 1985 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылдық орта мектебінің мектепте істегеніне бір жыл ғана болған жас мұғалімі ретінде аудандық тамыз конференциясында сөйлеген кезім еске түседі. Сондағы сөзімнен әйтеуір, мектепте бір жыл істеген тәжірибемнен түйгенім «Мұғалім болу үшін псих емес, психолог болу керек екен» дегенім есте қапты…
Содан бері 38 жылдан кейін, міне Түркістандағы тамыз конференциясында сөйлеудің реті келіп тұр екен.
Түркістанда өтіп жатқан кеңестің “Ұлттық құндылықтардың негізіндегі тәрбие” атты тақырыбы қандай тамаша. Біз осы тектес “Ұлттың жаңа болмысы” атты тақырыппен 2021 жылы парламент тарихында тұңғыш рет тек мемлекеттік тілде өткен үш сағатқа созылған республикалық жиын өткізгенбіз.
Оқу-ағарту министрлігінің ұлттық мүддені негізге алған “Біртұтас тәрбие бағдарламасын” қабылдағанын қуана қолдаймыз.
Ұлттың болашағы — Ұрпақ тәрбиесі – ұстаздықтың негізгі бастауы, қайнар көзі десек болады. Әлемнің екінші ұстазы Әл Фарабидің әлемге әйгілі «Тәрбиесіз берген білім — адамзаттың қас жауы» деген сөзі тегін айтылмағаны анық.
Ал Ұлттық құндылықтарға негізделген Тәрбие тіл арқылы беріледі.
Ұрпақ тәрбиесі ұлттың тілінен басталады. Бұл сөздің біз секілді қаншама жыл отарлықтың ауыр зардабын көрген, әлемдегі Тәуелсіздік алған елдердің барлығы ең алдымен істеуі тиіс Отарсыздану саясатын толық жүргізе алмай отырған мемлекет үшін бұл тіпті маңызды!
Сондықтан да, ХХ ғасырдың басында Тәуелсіздік үшін күрескен Алаш арыстары Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен жаппай ұлт ағартушылық жұмысына ден қойды.
Ахаңның өзі «Әліппеден» бастап, «Қазақ тілі» оқулығының тұтас жүйесін жасап шықса, Мағжан Жұмабай “Педагогика” оқулығын, Жүсіпбек Аймауытұлы “Психология”, Қошке Кемеңгерұлы “Химия”, Әлімхан Ермек “математика”, тб жазып шықты.
“Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі болуы керек!”-деген Мағжанның маңызы зор сөзі сол кезде айтылған.
Қолға су құйған балаға “Мұғалім бол” деп бата беру сол кезден бастап айтылды.
Кеше 24 тамыз бен ертең 26 тамыз күндері осы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермектер бастаған Алаш арыстары айқындап беріп, декрет қабылданып, Қазақ мемлекеті территориясы бекітіліп, шекарасы шегенделген күнге 103 жыл болды.
Ұлттық тәрбие Ұлттық идеологиясы бар елде іске асады.
Ал биылғы Астанадағы жағдай – бірінші сыныпқа барған 25 мың баланың 40 пайызы орыс тіліне баруы, орыс сыныптарының басым бөлігі қазақ балалары болуы Тәуелсіздіктің 32 жылындағы Ұлттық идеологияның нөл екенін көрсетеді. Жаңа өздеріңіз куә болғандай, Тәуелсіз ел үкіметінің идеологиялық вице-премьері баяндамасын Ресей тілінде жасаса, қандай ұлттық идеология?!.
Қазақ балаларының орыс тіліндегі мектепке көптеп баруы -Ата-аналар таңдауы деген жалпақшешейлік пен босбелбеулікті тоқтату керек! Ең алдымен мемлекеттік мүдде — ұлттық мүдде болуы тиіс!
Былтыр парламент депутаттары, біз өзіміз куә болған Астанадағы “орысша сынып ашпасаңдар — Путинге айтамын” деген ата-аналардан не сұрауға, не күтуге болады?!. Осындай Тәуелсіз елді қорлаған сұмдық та, құлдық масқара сөзді айтып отырған әйелдің күйеуі Қорғаныс министрлігінде істейді екен! Яғни, бұл сөз олардың отбасында жиі айтылатын сөз болып тұр ғой?!. Бұндай ата-аналарды ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндірушілер деп қарап, Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысуы керек, тек ұлтшылдардың соңына түсе бермей..
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі — шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» мектебінің апатты жағдайы туралы ата-аналар хатын оқығанда, біз әлі Тәуелсіздік алмай, Кеңес империясында жүрміз бе деген ой келеді…
550-дей қазақ баласы оқитын жалғыз қазақ мектебі өткен ғасырдың басында, 1936 жылы және 1952 жылы салынған екі тозығы жеткен, құлайын деп тұрған жайда отыр.
Риддердегі жалпы 16 мектептің 1-еуі ғана қазақша, 12 –сі орысша, 3-еуі аралас мектеп. Қазақ елінде қазақ мектебі 20 жылдан бері жаңа ғимарат сұрап зарлап келеді. Риддерде қазақша мектеп жетіспейтіндіктен, қазақ балаларына дискриммнация жасалып, оқуға жағдай жасалмай, зардап шегуде.
Негізі, 2022 жылы “Шаңырақ» қазақ мектебіне салынған жаңа ғимаратты «аралас» мектепке айналдырып жібергендер заң алдында жауап беруі тиіс!
2008 жылы «Шаңырақ» қазақ мектебін салуға жер телімін бөлу туралы қаулы шыққанда мектептің апаттық мектеп екені туралы эксперт сараптамасы да, типтік емес мектепте отырғаны туралы да құжаттар болды.
2019 жылы бұл сараптаманы да басқа құжаттарды да мектептегі жиналыста Риддер қаласы білім беру бөлімі басшысы Дәулет Ильясов өз қолымен алып кетіп, жоқ қылды. Содан кейін 2019 жылы жаңа қаулы шығарғанда #6 ықшамауданда салынатын мектеп құжаты қазақ мектебі емес, аралас мектеп болып бұрмаланып кетті.
Қабырғаңды қайыстырар осы Тәуелсіз және Әділетті Қазақстанның ұстанымына қарсы жасалған қарекеттерге кім кінәлі? Олар неге жазаланбайды? Облыс, қала әкімдері неге мемлекеттік мүддені қорғамай отыр? Осы сұрақтарға ашық жауап талап етіп, біз, “Ақ жол” фракциясы парламентте көтердік
Осы біздің елде қазақ мектебін ашамыз десек, “аралас мектеп ашайық” деп, араласып шыға келетін құлдық санадағы шенеуніктерден қашан және қалай құтыламыз? Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды емес пе?!.
Өйткені, мұндай мемлекеттік мүддеге қарсы шенеуніктер әр қалада жетеді.
Олар әлі әкімдікте, білім саласы басында отыр.
Мысалы, Алматы облысы Талғар қаласындағы Т.Рысқұлов мектебі үшін салынған жаңа #25 мектептің “Оқу қазақ тілінде” деген паспортын ауыстырып жібергендер қызметте өсіп кетті. Алматы қаласындағы Наурызбай ауданында да #207 жаңа мектепті де араласқыштар “аралас мектеп” етіп жіберді…
Алаш арысы, қазақтың классик жазушысы, мектепке арнап, психология оқулығын жазған ағартушы Жүсіпбек Аймауытұлының “Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды”-деген өсиетін еліміздегі барлық мектепке жазып қою керек!
Біз өз қолымызбен арнайы арпа егіп алып, енді “бидай неге шықпайды” деп өтірік таңғалып отырамыз?!
Сондықтан ұлттық мектептерге басымдық берілуі тиіс.
Астанадағы #90 Қайым Мұхамедхан атындағы ұлттық мектеп астанамызда ғана емес, республика бойынша алғашқы ұлттық гимназия!
Мен алғашқы директоры ұлтшыл азамат Ербол Іргебай болған, одан кейін бұл оқу орнын осындай жоғары деңгейге жеткізген Аятжан Ахметжанұлы басқарып келген бұл Алаш арыстарының соңғы тұяғы Қайым Мұхамедхан атындағы мектеппен ұлттық мектеп болғандықтан да, тығыз байланыстамын. Биыл қаңтарда осы мектепке 50-шақты кітап өткіздім.
Әр келген сайын риза болып кетемін, нағыз ұлттық мектеп деген атына сай оқу орны! Әр қабырғасынан Ел тарихы, Қазақтың ұлттық мүддесі, Алаш арыстары үн қатып тұр!
Қоңыраудың орнына күй орындалады.
Біздің ұлттық идеологияның ұшқыны да болмай, қайран босқа кеткен отыз жылда барлық мектебіміз осылай болуы тиіс еді! Әлі күнге керісінше болып келеді.
Өткенде осы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ҚР Президенті Қ.Тоқаев ұлттық идеологияның басым бағыттарын айқындап берді. Ал ұлттық идеологияның негізін қалайтын ұлттық мектеп жасап отырған Аятжан бауырымыз орныан кетуге мәжбүр болды? Бұны қалай түсінуге болады?
Қазір осы мектептің директоры болғысы келетін үміткерлердің қайсысының аты озса да, ең басты мақсаты осы ұлттық мектептің үлгісін жалғастыруы тиіс!
Меншігіне қарамай, ұлтына, тіліне қарамай еліміздегі мектептердің бәрінде Қоңырау соғудың орнына Күй ойнатуды енгізу керек!
Мысалы, орыс, ұйғыр, өзбек мектептерінде әр 45 минут сайын қазақ күйі орындалып тұруы Тәуелсіз мемлекеттің ұлттық мүддесіне толық сай келеді.
Аралас мектептерге Аятжан секілді орыс тілін білмейтін озат ағартушыларды директор ету керек!
Аятжанды жыл сайын бір аралас мектепке директор етіп отырсақ, қаншама мектепті ұлттық мектепке айналдырар еді?!.
Орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні үшін жұмсалып жатқан миллиардтаған қаржының қайтарымы болуы тиіс. Ол үшін орыс және басқа диаспора мектептері үшін ҰБТ-да міндетті түрде қазақ тілінен сынақ тапсыруы керек.
Ұлттық тәрбие беру мен ұлттық мектеп жасаудан ұлттың рухани ордасы, түгел түркі әлемі тәу еткен қасиетті Түркістан өлкесі үлгі-өнеге көрсетуі тиіс!
Ол үшін талай жыл қазақ мемлекетінің астанасы болған, Түркістан қаласының сәні мен сәулеті де атына сай ұлттық нақышта болуы тиіс.
Қалаға кіре берістегі екі тауыс құсы -павлиннің қазаққа не қатысы бар? Тауыс құсы ежелгі Римде императордың патшайымы мен қыздарының символы, солар сарайда қызықтап, ойнап отыратын сәндік құс.
Қазақ хандарының ордасы болған қасиетті шаһарға кіріп келгенде, бізді құйрығы көшені жапқан тауыс құсы емес, еліміздің көк туында бейнеленген қанатын қияға қаққан қыран құс қарсы алуы керек.
Ұрпақ тәрбиесін тек мектепке, ұстаздардың иығына ғана артып қою жарамайды. Ұрпақ тәрбиесіне ең алдымен ата-ана да жауапты.
Баласына өз Анасының тілінде сөйлемеген ана — қандай ана?Баласына өз әкесінің тілінде сөйлемеген әке — қандай әке?
Өз баласын өз тілінде емес, өзге тілде тәрбиелеу — ұл-қызға ғана емес, Ұлтқа қастандық!!!
Балабақшадан бастап, мектеп қазақша болмай, мемлекет қазақша болмайды!
Мемлекеттік Мектеп — Мемлекеттік тілде болуы керек!
Мектеп мықты болғанда ғана, мемлекет мықты болады.