Ұлттық тәрбие – ұрпаққа ұлағат

Күн өткен сайын құндылықтар құнсызданып бара жатқан бүгінгідей алмағайып кезеңде кез келген халықтың алтын қазығы – ұлттық салт-дәстүрі екені айтылып-ақ жүр. Ең бастысы, сол ұстаным ұран күйі қалмауы тиіс. Бұл бағытта ел – үміт, Отанымыз – сенім артып отырған өскелең ұрпақтың санасына сәуле сыйлайтын шынайы іс-шаралардың маңызы мол. Себебі кез келген тәрбие қайнары, Мұхтар Әуезовше айтқанда, тал бесіктен басталады.

Жасыратыны жоқ, қазіргі жаһандық еліктеушілікке бой ұрған жастардың арасында жеті атасын білмек түгіл, ананың ақ сүтімен бойға дарыған қазақ тілінде өзінің аты-жөнін дұрыс айта алмайтындардың қарасы артып барады. Ол үшін Тik-Ток, Instagram секілді әлеуметтік желілер де барын салып бағуда. Десек те, жоғарыда атап өткеніміздей, заманның кез келген дауылы мен селіне төтеп беріп, ұлттың ұлт болып қалуы үшін оның тамырынан ажыратпайтын қазыналы қазығы, ол – ұлттық дәстүр, салт-санасы. Осы тұста Тараз қаласы білім бөліміне қарасты №36 мектебінде «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» тақырыбында тағылымды ашық сабақ өтті. Әрине, бұл облыстық, я болмаса республикалық дәрежедегі үлкен іс-шара болмаса да, сол ауқымда көпке үлгі боларлық сабақ десек, артық айтқанымыз емес. Себебі «инемен құдық қазғандай» игі істе әрбір толағай нәтиже, теңіздей тағылым тамшыдай болса да осындай ұядан басталуы тиіс. Сабақтың басты ерекшелігі, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды үйрете отырып, оқушылардың ата-анамен байланысын нығайту, мектеп пен отбасының тәрбиелік бағытын ұтымды тоғыстыруында болды.

– Ұлттық құндылықтар халқымыз үшін де, өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз үшін де ең үлкен қазына. Салт-дәстүрге бала кезден қанығып өскен әрбір ұрпақ еліне, Отанына адал қызмет ететін азамат боларына сеніміміз мол. Сондықтан ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіретін осындай сабақтарымыз алдағы уақытта да жалғаса береді, – дейді №36 мектептің директоры Гүлжахан Абдрешева.

Сабақ барысында 4 «А» сынып оқушылары ұлттық саз аспаптарында ойнап, өнер көрсетті. Сынып жетекшісі Салтанат Малдыбаева «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» атты шеберлік сағатын өткізіп, ұлттық нақышта киініп, ұлттық тағамдар дайындаған ата-аналар қамшы өру, текемет тоқу секілді қолөнер түрлерінен білгенімен бөлісті.

Есет ДОСАЛЫ