Ұлттық тарих және қазақ әйелі
Тарихты адамдар түзеді. Олардың іс-әрекеті, ақылы, бәсекесі, қоршаған ортаны игеруі немесе соған бейімделуі, тіпт мінез-құлқы- бәрі тарихи үдерістің барысы мен нәтижесін анықтайтын факторлар. Демек, кешегінің, бүгіннің, болашақтың бастау-бұлағында, өзегінде аналар тұр. Өйткені адамды жаратуда құдайдан кейінгі құдірет аналар ғой. Қасиетті Құранның өзінде: « Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларын үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» делінген емес пе? Ендеше, тарих тұңғиығына бойлағысы келген жан-ғалым болсын, әкім болсын, ақын болсын- ең алдымен әйелдер қауымының болмыс-бітімін дөп басып тануы керек.
Бағалай білсек, бұл орайда жинақталған тәжірибе де аз емес. Әсілі, Қазақстан тарихының мазмұны мен ерекшеліктерін зерделеуге талпыныс, жұмбағы мен құпиясын шешуге құмарлық, әлемдік, құрлықтық, өңірлік өркениеттердегі орны мен қадір-қасиетін ашуға ұмтылыс тарих ғылымының атасы Геродоттан бері бір сәтке тоқтаған жоқ. Қисапсыз жазба деректер, архелогиялық айғақтар, этнографиялық жәдігерлер ғылыми айналымға енді, қилы-қилы теориялық, методологиялық қағидалар, болжамдар, пайымдар түзілді. Солардың бірде-біреуі тарихтағы әйел факторын айналып өтпеген екен.
Сақтардан тартып Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі дәуірге қатысты жазба ескерткіштерде Ұлы даланың әйелдері алтын құрсақ ана да, жаужүрек Отан қорғаушы да, кемеңгер мемлекет басшысы да бола алғаны кешенді айтылады. Ерекше назар аударарлық мәселе мынада: әр тарихи кезеңнің, дәуірдің, тіпті қас-қағым сәттің тағдыранықтағыш себебі мен саласы, оқиғасы мен тетігі бар. Арғықазақ қоғамындағы әйелдер осының бәрінің басы-қасынан табылып отырған. Мәселен, сақ заманындағы мемлекет пен халық тағдыры көбінесе халықаралық қатынастармен, соғыспен, жаулап алумен анықталғаны белгілі. Ұлы сақ патшайымы Тұмар өз еліне баса-көктеп білген парсы билеушісі Кирді ойсырата жеңгенде ат құлағында ойнап, жебеден оқты қарша борандатқандардың қалың тобы қыз-кліншектер — «ер апалар» ( Т.Жұртбай) еді. Тарихтың атасы саналатын Геродот шығармасында Тұмар патшайымның Елбасы, Әскербасы, Ана ретіндегі тұлғасы кемел ашылған. Ал мемлекет мүддесін, халқының болашағын жеке басының қызығынан жоғары қойған сақ қызы Заринаға қатысты аңыз- әңгіме әлемдік тарихнамадан өзіне лайықты орнын тауып отырғанын кездейсоқ құбылыс деуге әсте болмайды.
Кеше де, ертең де ұлттық қауіпсіздік әйелдер қолында қала бермек. «Әкенің жақсылығы жездедей-ақ» деген халқымыз ұрпақ тәрбиелейтінін қапысыз түсінген. Тарихи деректерде Хань билеушілері арнайы даяарлықтан өткен ханшайымдарын үйсін гуньмосына қалыңдыққа бергені жайлы мәліметтер мейлінше мол. Егер арғықазақ бабаларымыз жатжерлік жарларын ел басқару ісіне араластырмай, күн орнына жұмсайтын болса, «қытай ханшайымы саясаты» дүниеге келмес еді. Қытайлық ханымдардың кереғар тірліктері өз алдына бөлек әңгіме. Қысқасынан қайырсақ, үйсін күнбиі Оңқай би ( ж.с.д. 93-60 жылдар) әмеңгерлік жолымен Жие-ю ханымды алыпты. Ұлы Хань мемлекетінің сән-салтанатқа толы сарайын тастап, көшпелі үйсін еліне ұзатылып келгендегі Жие-ю ханшаның әу бастығы мақсаты не еді, «Тәңір ұлы» оған қандай міндет жүктеді? – деген сұрақтарға бүгінгі қазақ ғалымы Т.Жұртбай былайша жауап береді: «Ең басты тапсырма: үйсіндердің бауырын жылытып, бетін Ұлы Қытай қорғанына қарату. Сөйте отырып, оларды Хань әулетінің ата жауы- хұндармен өршіктіру. Ретін тауып, өзара қырқыстырып қойып, берекесін бұзу. Жие-ю ханым бұл мақсатына жету үшін өзін де, өзгені аяамады. Соның барысында үйсін мен хұн елі кезек барымталасып, ақыры жауласып тынды».
Тап қазір «қытай ханшайымы саясаты» Қазақстанға сын-қатерін төндіріп тұрған жоқ. Есесіне мыңдаған қыздарымыз шетелде оқып жатыр, жұмыс істеп жүр. Осылардың санасы мен жүрегінде туған елге махаббаттан артық құндылық үстемдік құрмауына алдымен ата-анасы, содан кейін ер-азаматтарымыз жауапты. Бұған жетудің формуласын бабаларымыз: « Қызға қырық үйден тыйым» деген бір ауыз сөзбен түйіндеген. Мәнісі- қыз баланы аялап бақ, ардақтап өсір, барған жерден бағы ашылсын дегені.
Шынында да, байырғы түркілер табынған құдіреттің бірі — Тәңірі, екіншісі — Ұмай ана емес пе! Күлтегін тасындағы жазуда:
Әкем Елтеріс қағанды,
Шешем Елбілге қатынды,
Тәңірі төбесіне ұстап,
Жоғары көтерген екен,-
деген жолдар бар. Қағанның есімін құдай қосқан қосағымен қатар атауы сол заманда әйел мәртебесі өте биік тұрғанын айғақтайды.Күлтегіннің ел қорғайтын ер атануын Ұмай текті шешесінің бағынан деп тусінуі де көп жайды аңғартады.
Сайын даламыздың тарихы мен тағдырында арулар өшпес із қалдырғанын Домалақ ана, Баян сұлу, Құртқа, Ақжүніс, Қыз Жібек, Айғаным, Зере, Ұлпан, т.б.с.с. аяулы есімдер қаперге салуда. Қыз-келіншектердің ар-намысын, абырой-беделін ресми билік пен заң, салт-дәстүр күші қорғады. Қазақ хандары мен сұлтандарының, билері мен батырларының, датқалары мен тархандарының аналары, жарлары, әпке-қарындастары, қарапайым қыз-келіншектер мемлекеттік тәуелсіздікті сақтауға, ұлт-азаттық қозғалысына, елішілік ынтымақты нығайтуға, саналы ұрпақ тәрбиелеуге баға жетпес олжа салды. Қазақ хандығында бірінші ханымға артылар жауапкершілік жүгі ерекше екенін XVIII ғасырда Бұқар жырау:
Бағаналы орда, басты орда,
Байсал орда қонған жұрт.
Мамырасып, ел болып,
Байсалды жайлау табылды,
Көлдей қамқа төсеніп,
Көрікті ханым түскен жұрт,-
деген жолдармен жеткізсе, XIX ғасыр билеушілері Жәңгір ханның Фатимасы, Кенесары ханның Фатимасы, Кенесары ханның Күнімжаны әлі күнге дейін халық жадынан өшпеуінен олар заманынан артып туған жандар екенін ұққанымыз жөн. Хандық дәуірде әлденеше рулардың, жер-суымыздың аналар есімімен атаулы ұлттық тарихымыздағы ерен еңбектерінің шағын өтеуі ғана.
Патшалық отарлау қазақ қоғамын аса ауыр қарама-қайшылықтарға ұрындырды. Соның сорақы көрінісі – әйел мәселесі. Ұлттың жартысын құрап отырған нәзік жандар оқу-білімнен шет қалғанын, теңсіздікпен жаншылғанын, рухани-имандық деградацияның кермек дәмін тата бастағанын, зардабы болашақта алдан шығатынын Абай, Шоқан, Ыбырай сынды ойшылдар мен Алаш зиялылары айтудай-ақ айтты. Дегенмен жақсылықтан үмітін үзбеді, сенімін жоғалтпады. Мүның тамаша айғақ – дәлелі- «Қазақ» газетінің 2 жасқа толуына орай жазылған құттықтау хаттағы Нәзипа Құлжанованың тілегі. «Мен қазақ әйелі болғандығымнан,- дейді Н.Құлжанова,- «Қазақ» газетасының берекелі жұмысын әрі апаруға екінші жылға аяқ басқанына қуаныш етіп, аз ақшамен ауданды ұлтының игілігіне іс бастаушыға, оған жолдас, тілектес болып көтермелеп көмегінде болған барша бауырларыма, көңіл ризалығын білдіріп, тәңірі жарылқасын айтуды борышым деп білдім». Ұлтымыздың рухы өсіп, ауқаты артуы, күшеюі үшін қолға алатын істерді былайша тізбелеген: «Ескі рәсім салған ауырлықты илеп азбастан, еркектің серіктігіне жарап, жақсылық, жамандықты бірге атқарып келе жатқан, ақылды, ақ көңіл, көнбіс, кеңшілік, бауырмал қазақ әйелдері, еркекпен қатар білім білсе, ерлер ұлт үшін жүрген жерінде, оларды қалмай қатарында жүріп іс етуге жарар.Сондықтан жұрттың теңдікке жетуін көздеген ардақты бауырларым, сол жұрттың анасы әйелдердің де ерлерден қалмай, қатарында жұрт ісін етерлік дәрежеге жету жағын да ескерусіз қылмаңыз!»
Қазақ хандығы тұсында Асан қайғының:
Қадірін жеңге білмесе,
Бойға жеткен қыз ғаріп,-
деген дәстүрінен қуат алған сөз шеберлері отарлық қыспақтың өзінде қазақ әйелінің мүлтіксіз көркем бейнесін жасай алды. Поэзия мен музыкадағы махаббат тақырыбы, әйел бейнесі кіршіксіз тазалығымен, жан тебіренткен әсерлігімен Батыс пен Шығыстың үздік шығармаларынан асып түспесе, бір мысқал кем емес. М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі, М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі қазақ қыз-келіншектеріне қамал-қорған болу ниетінен, қатыгез, зорлықшыл билік пен қоғамдық қатынастарды әшкерлеу идеясынан туындаған мәңгілік шығармалар. «Бақытсыз Жамал» 1910 жылы жарыққа шықты. Араға 4 жыл салып, «Қазақ» газеті «Роман не нәрсе» атты ғылыми-көпшілік мақала жариялаған екен. Мақала авторы Арысұлы « роман адамзаттың өмірін, дәуірін бұлжытпай көрсетуші баға жетпес айна» деген анықтаманы алға тарта отырып, тұңғыш қазақ романын ұлттық әдебиеттегі « тәуір қызметке» санайтынын білдіреді. «Мұнда,-дейді ол,- қазақтың қай жерінде болса да, малға қызығып иә партияға қызығып қыздарын жастай күйеуге беру жайы бар, ысырапқа ақша шашып, жақынымен араздасу, қызын сүймегеніне жылатып ұстап беру, бұған шыдай алмай қыз теңін көксеп қайғыға бату бар. Ата-анадан күдер үзген соң, өз теңімен қашу бар. Ақырында қорлық көру бар. Мұнда бар: шала молла да, жаңа мұғалім де, бар мұнда ақсақал да, би де, болыс та, тілмаш та, орыс та, өтірікке куәлік бергіш указани молла да. Мұнда бар һәр түрлі әйелдер, бозбалалар, ойын сауықтар.Осылардың мархаматы, зорлық-зомбылығы қазақтың рәсімі көрсетілген. Мұнда партиа да, партиаға құмарлар да, ел арасын бұзушы қулар да, барымта да бар».
Әйел мәселесін кеңестік жылдар шеше алмады. Сталиндік қуғын-сүргін мен соғыстар Қазақстанды жетімдер мен жесірлер өлкесіне айналдырды. Хрушевтік тың игеру мен брежневтік тоқырау арақты судай ағызумен көмкеріліп, ажырасу, тастанды бала сынды жағымсыз құбылыстарды асқындырды. Мұқағалидің «Жетімдеріміз» өлеңі, Алтынбектің «Қара бала» әні сол ауыр дерттердің сыртқа шыққан мұң-зары.
Әрине, азды-көпті ілгерілеу болғанын жоққа шығармаймыз. Білім-ғылымда, материалдық өндіріс саласында, қоғамдық-саяси өмірде қыз-келіншектердің саны да, үлесі де, үні де рас. Ал қазақ әйелінің ең басты ерлігі не еді деген сұраққа келсек , ол- 1931-1933 жылдарғы алапат ашаршылықтан демографиялық апатқа ұшыраған ұлтымызды жоқ болып кетуден сақтап қалғаны. 1959 жылы Қазақстанда халықтың 29%- ын құраған қазақтың үлесі бүгінде 70 % -ға жақындады.
Біздің аналарымыз қандай қиын-қысталаң шақтарда да халықтың табиғи өсімін биік деңгейде сақтап қалғанын, ұрпағын жөргегінен ошағына, Отанына адал рухта тәрбиелегенін елемеуге қақымыз жоқ. XX ҒАСЫРДЫҢ 20-30 жылдарында большевиктер жүзеге асырған халық шаруашылығын индустриаландыру саясаты да бұл үрдісті тоқтата алмады. Қазақ әйелдері қолхоз-совхоз өндірісіндегі жұмысқа жаппай тартыла жүріп, кенттік психологияны бойына сіңіре отырып, балалы үйдің базарын тарқатпады. Күні кешеге дейін қазақи отбасының әрқайсында орта есеппен 6-7 қарадомалақ жарыса өсіп келе жататын. Тап сол тоқырау жылдары Балтық бойындағы республикаларда, ресейлік ірі қалаларда табиғи өсу мәселесі өткір қойыла бастаған еді.
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің мына тұжырымында ақиқат жатыр: «Мақтасақ, әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді. Әйел- ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!.. Бұл шындық қой. Үйткені қай айнадан сұасаң да: — Біз өлімнен күштіміз. Біз дүниеге ақын да, ақыл да, данышпан да, ер де береміз. Өлім адам баласын құртуға тырысса, біз оны жеңіп, адам баласын көбейттік! – демей ме!..» . Демек, бүгінгі азаттығымыздың адами факторын аналарымыз қалыптастырды. Апат қаупін сейілткен де, ажалды жеңген де қазақ анасы. Ендеше 1991 жылы жарияланған Тәуелсіздіктің анасы да – қазақ әйелдері. « Орнында бар — оңалар» деген- осы.
Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарына көз жүгіртіп, құлақ тіксеңіз, қазақ қыз- келіншектерінің атына ауыр сөздер айтылып, кінә айтылып, қазақ қыз-келіншектерінің атына ауыр сөздер айтылып, кінә тағу жиілеп кеткенін байқау қиын емес. «Шетелдіктердің қолтығында кетті, тәнін сатып жүр, көкектен айырмашылығы қалмады», — дейді. Рас, дауласпаймыз. Бірақ ақиқаттан алшақтамайық. Біріншіден, жезөкшелік- мейлінше көне кәсіп. Әзірге ол кедей елдерде ғана емес, шылқыған бай Америкада да жойылған жоқ. Екіншіден, қазақ қыз-келіншектерінің моральдік деградацияға ұшырағанына ең алдымен өзіміздің жігіттеріміз, ер- азаматтар кінәлі. Жұмыссыздықты сылтауратып, саусағының ұшын қимылдатпастан жанын аяласа, етін ауыртпаса, бар жауапкершілікті әйелінің мойнына артып, базар жоғалтып жіберсе, әрине, атам қазақ айтқандай, бақпаған мал кетеді, қарамаған қатын кетеді. Сонда да ештен кеш жақсы деген. Әлі сүйекке сіңе қоймаған бұл дерттің алдын алуға мүмкіндік бар. Осыдан 40-50 жыл бұрын сексуалды революция Батыс Еуропаны да жайлаған еді. Біліктілікпен жүргізген саясат арқасында сабасына түсіп, басылды ғой. Біз де құтылармыз.
Тәуелсіздік және әйелдер үйлесімін қозғағанда, екі міндетті шешу қажет деп білемін. Бірі қыз-келіншектер бойындағы қабілет-қарымның ашылуына қолдан келгенше жағдай туғызу, түрлі бөгесіндерді жұлып тастау, екіншісі- аналар алдындағы ғасырлар барысында қордаланған қарыз бен парызды қалтықсыз өтеу. Қос міндетті атқару негізінде бүгінгі таңда өте-мөте өзекті болып табылатын әйелдерге қатысты жұмыссыздықты, алалауды (дискриминация), зорлық- зомбылықты ауыздықтап, тастанды бала, жетім бала, жезөкшелік, әлеуметтік ауру тәрізділерді біржолата жоймасақ та, әлдеқайда бәсеңдетуге мүмкіндік бар.
Осы орайда бір ғана ұсыныс жасағым келеді. Ғасыр соңына дейін анықталған ұлттық идеямыз «Мәңгілік елдің», 10-15 жылға жоспарланған « 100 нақты қадамның» көдегені-дамыған мемлекетке айналу, бақытты өмір сүру. Ендеше алдағы арман-мұратымыздың, кешегі күндер үшін өтелген қарыздың нышанындай кемел ескерткіш кешенін- ана мен баланың Абай, Мағжан, Сәкен суреттеген мүсінін бағаналы орда, басты орда- Ақ Орданың алдына неге тұрғызбасқа. Министрліктер үйіне дейінгі тап сол кеңестік қазіргідей қаңырап бос тұрмай, еліміздің бас алаңына айналуы керек қой. Бас алаңдағы көрікті ханым- ана мен бала мүсіні Қазақстандағы халықтың, биліктің, берекенің ынтымағын баршаға мойындатуға қызмет етері сөзсіз.
Ханкелді Әбжанов,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының директоры,
ҚР ҰҒА корреспондет-мүшесі