Ұлттың кодына айналған қайраткер
Кезінде Францияның жасанды өркениетінің масқарасын шығарған ақыл-ой таразысы Жан Жак Руссо мен өркениет ойшылы Джон Локк, белгілі әлемтанушы Поппер, жазушы Шарль
Луи Монтескье өз ұлтының мәдениеті мен дүниетанымын зерделей отырып, басқа елдермен терезесі тең боларлық рухани қор жинау жолында аласұрды. Біз бұл қатарға өзінің қалам құдіретімен бойындағы бар күш-қайратымен қызмет еткен ұлт қайраткерінің бірегейі – Шерхан Мұртазаны да қосамыз.
ҚоғамқайраткеріШерханМұртаза тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен қоғамдық қызметі арқылы саясатқа шақыру алды. Оның үнқатулары қоғам өмірінің айнасына айналды. Ұлы оқиғалар қашан да адам мен уақыт арасындағы үйлесімділікпен өрбиді. Прагматизм теоретигі Дж.Дьюри қоғам дамуы ұлы қайраткерлер тарапынан болатын импульстер негізінде «құбылыстан – құбылысқа» кездейсоқ дамитынын айтады. Иә, ұлт қайраткері Шерхан Мұртаза ұлы құбылысты алдын ала сезіп, оны қашан іске жаратуды біле отырып, қоғамның маятнигін соған қарай бұра білді.
Қайраткер, жазушы-журналист Шерхан Мұртазаның «Намыс найзағайы» таңдамалы жинағындағы қайраткерлік талғамы мен ой-толғаныстарын, сұхбаттар мен жолжазбаларын оқи отырып, оның өз ұлтының жапа шегіп жүргенін көзімен көріп, жүрген ортасында ол туралы ашық айтып, қандастарының өз бет-бітімін, болмысын сақтап қалуын, өзін-өзі билеп, ел болып қалыптасуын қалағанын байқайсың.
Жаһандану дегеніміз не? Ол – мәдениеттер соғысы, идеологиялар соғысы. Франция өткен ғасырдың 80-ші жылдары «Ықшам мәдениет» атты тұжырым қабылдап, сол елдегі сырттан ағылып келген иммигранттарға төл мәдениеттерін, тілін, дәстүр- салтын дамыту үшін қоғамдық ұйымдар құруға кеңінен жол ашып берді. Араға уақыт салып, Франция президенті Жискар де Эстен мемлекет үшін қауіпті саналатын бұл үргедек, ұшқары шешімнің күшін жоятын Жарлық шығарды. Мұны Франция президенті: «Түрлі мәдениеттер үшін француздың қалыптасқан дәстүрлі ұлттық мәдениетінен бас тартып, ұсақ мәдениеттерге бөлінуге тура келді. Ал ол өліммен бірдей еді», – деп түсіндірді.
Мұндай мәселе біздің қоғамымызда да бар. Жаншылып, езіліп қараңғылықта қалған халықты ояту үшін оның тарихын ояту қажеттігін Алаш арыстары үнемі ұран етіп көтеріп келді. Ұлт қайраткерлерінің осы шақырулары ұлттың идентификациялық кодына айналды. Себебі ұлт ісі үшін жанып тұратын ата-баба антына адалдық таныту қанымызда бар қасиет. Шерағаң осы антына адалдықпен жауап қатты. Ұлт қайраткерінің дарыны мен кесек білім-бітігі толықтай жауап бере алды. Сол бір талмауыр кезде билік Халық жазушысының ой үдесінен шығатынына сенім білдіріп, оны ең шешімі күрделі салаға, ұлттың рухани менталитетіне төңкеріс жасауға жібергеніне таңғаласың!
Бас редактор ретінде оның басты ерекшелігі – батылдығы. Ескі қоғамның тігісі сөгілмеген қасаң тұста «Социалистік Қазақстан» газетінің атын «Егеменді Қазақстан» деп өзгертуге бастамашыл болып, ол идеясын Мемлекет басшысы алдында мақұлдатуын ұмытпағанымыз абзал.Ұлт қайраткерінің алысты болжаған осы бастамасына қарсылық білдіргендер де болмай қалғанын енді біліп отырмыз. Шерағаң ол туралы «Талаптының тоқпағы тасқа шеге қағады» атты мақаласында: «Осыдан он жыл бұрын Қазақстан өзгеге бодан болудан құтылып, тәуелсіздікке, бостандыққа, егемендікке қолы жетті. «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас»-деп еді баяғыда көреген бабамыз. Осы төл сөзді біздің кейбір зиялыларымыз жатырқап жүрді…», дейді.
Баспасөз еркіндігінің мұраты – ақиқат пен еркіндік. Ақиқат тұлғаланған ортада әділдік атой салып тұрады. Сондықтан бас редактор ретінде ол қоғамның өзіне маңызды ақпарат алуына қызмет етуді ұйымдастыра білді. Әйтсе де, бульварлық, сенсацияға жол бермеді.
Әр редактордың өз стилі, бағыты бар. Ол үлкен маңызға ие. Сөзі дана, ісі ізгі, кемел кісіні әрдайым парасатты адамдар құшақ жая қарсы алады, олар онымен тіл табысу жолдарын іздейді.Бірақ өмір ағысы бір сызықтың бойымен жүрмейтіні іспетті, оның да бұралаңы болады. Ұранға бағынған заман емес пе? Қоғамдық ақыл-ой – жалпыдан ортақ шаруадан тысқары, ешкімнің жеке мәселесі болмайтын кезеңде көтерілген лозунгының ұшынып тұрған тұсында Шерағаң биліктің алдында лакей болмады.
Қоғамдық өмірдің барлық салаларына батыл араласты. Өткір және тайғанақ саясат шығармашылық интеллигенцияның ең белсенді тобын – жазушыларды, журналистерді, философтарды және барлық ақыл-ой иелерін жеке қалдыруға тырысқанын әшкере етті. Осы арқылы ол қисық айнаға қарап сөйлейтіндердің агониясын басты. Сөйтіп, бұл ортадағы жұмыс алгоритмін сақтаудың мазмұнының бұзылмауына ықпал етті. Осылайша, фрустрация – (алдау, арбау, ақыл-ойды паршалау) құшағында селқостық әбден меңдеген қауымның әлеуметтік қозғалыстарға белсене қатысуға зауқын ашты. Саяси сезімталдығы мен болжампаздығы, шешендігі мен кез келгенді мысымен баса алатын Шерағаң осылайша әмбебап лидерге айналды. Бұл ретте журналист-жазушының «Бюрократияның айнасы» мақаласынан қоғамдағы келеңсіз кертартпалықты бірден көресің. Қоғамды ілгері сүйрейтін шенеуніктердің сан-қилы айла- қитұрқысынан адамдардың әбден шаршағанын айтқан қайраткер олардың сатылана келе, жеке дара «кіші фюрерлерге» айналып бара жатқаны туралы батыл айтқанын аңғарасың.
Қазақ декорациялық ұлт емес. Бізге лидерлік қасиет тән. Көсемдік, көш бастайтын батылдық қазақтың қанында бар қасиет. Бүгінгі жаңа ұрпақ «Біз Қазақстандықпыз!» деген сөзді ұлттық ар-ұждан сезімі іспетті айтудан арланбауы тиіс. Қазақ халқы «қазақ» деп аталғаннан бері өз жерін қорғау үшін соғыспаса, өзгелердің жерін басып алу мақсатында соғыстар жүргізбеген және өз аумағынан өзге елге ұлтарақтай жер бөліп орналастырмаған.
Жер бетінде жұмақ орнату туралы, ең жақсы сөздердің өзі, жерді тозаққа айналдырып жіберуі мүмкін. Тіпті ол кейбір мемлекеттерді есінен адастырған оқиғалар да болған. Бұл, әсіресе дінге байланысты. Сондықтан оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Кезінде Кения мемлекетінің президенті Жомо Кениатта өз мемлекетінің басына түскен ауыр халді былайша түсіндірген еді: «Батыстың адамдары Кенияға келгенде қолдарында Інжіл, ал біздің қолымызда жеріміз болатын. Олар біздің көзімізді байлап, шоқынуды үйретті. Бір сәтте көзімізді ашып қарағанда біздің алақанымызда Інжіл, ал олардың қолында біздің жеріміз қалыпты». Міне, осыдан-ақ, діннің көзбайлау арқылы қиратушылық күшке ие екенін көреміз.
Жер мәселесі айналасында біздің еліміз Парламентінде де үлкен дау болды. Жер сатылсын деген бір ауыз сөздің шығуы, өзгелерге еліміздегі ең шұрайлы жерлерді қарпып қалуға жаппай жол ашып беретін еді. Шерағаң сияқты ұлт қайраткерінің ол заңға қарсы шығуы көпшілікті көтеріп жіберді. Бірақ айласын асырғандар бәрібір ол жолды айналып өтті.
Идеология – тіл. Идеология майданында кадр ұлтына қарап емес, іскерлік қабілетіне қарай таңдалуы керек. Тіл білмей тұрып, баға беріп, іс білмей тұрып өнер басқаруда мәдениеттің көсегесін қалай көгертеміз? Бүгінгі таңда республикалық идеологиялық ведомстволардың, шығармашылық ұйымдарының бірінші басшыларының басым көпшілігі өз орнында отырған жоқ деп санайды қарымды қаламгер. Ал сөз соққандардың көсемге айналып кету метаморфозасынан көпшілікті сақтануға шақыруы да қайраткерге тән қасиет.
Кез келген мемлекеттік қызметкер ана тілін білуі міндетті. Парламентте Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында Мәжіліс, мәслихат депутаттары қазақ тілінен тестілеуден, яғни сынақтан өтсін деген ұсыныс жасалады. Бірақ ол ұсыныс өтпейді. Осылайша мемлекеттік тіл еліміздің бас мінберінде маңдайы тасқа соғылады. Қазақ тіліне қарсы дауыс бергендердің арасында «Ауыл» партиясының лидері де болады.Оған шыдамаған ұлт қайраткері оларды «Өз үйіңдегі өгей ұл» атты мақаласында аяусыз әшкерелейді. Адамдарға шындықты айтқанда батыл бола білу керек, әйтпесе, олар сені талап қоюы мүмкін. Сол тұста Шерағаң төбедегі әріптестері арқылы күйреуік жүйеге қарсы соғыс ашса да өзін төмпештеуіне жол бермеді.
Қоғам кірпіш сияқты. Олар бірін-бірі ұстап тұрмаса, арасына жарқыншақ түседі. Мұндай да қоғам естір сөз керек. Ал халық тарапынан қолдау таппаған сөз зиянды.
Сөйлеу қажет болған жерде үнсіз қалмай сөйлеген абзал. Ақиқат аяққа тапталып жатқан жерде үндемеу азаматтық сатқындық. Қоғамда қолмен жасалған шабуылға қарсылық көрсетіліп, тойтарыс беріліп жатады. Ал тілге жасалған шабуылға көбінесе қарсылық білдірілмейді. Біз осы үнсіздігімізбен әлемде кейбір елдердің бірімен-бірі қақтығысып жатқанын білмейміз. Сөзбен жасалған шабуылдарды байқау және одан туындайтын кесапатты оңалту өте қымбатқа түсетінін ескермейміз. Ал айтқаным болмады екен деп, шерулетуге тағы жол жоқ, бәрі заң аясында және онымен бейбіт түрде күресу. Шерағаң осыған үндейді.
Бүгінде қоғамда адами капиталды дамыту қолға алынуда. Ол – «Жаңа Қазақстан» дамуының негізгі ресурсы. Ал Шерхан Мұртазаның барлық шығармалары осы ресурстың индикаторына саяды.
Ермек Зангиров, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі.