Ұлттың тағдыры — әйелге байланысты………..

Бұл әңгіме – көп ешкіммен сұхбаттаса бермейтін Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин ағамнан бұйырған олжам еді. Бөлісе отырайын.    /Автор/

– Қазақ қызы деген сөз, біріншіден, біздің анамыз, екіншіден, біздің жарымыз, үшіншіден, мына біз сияқты жасы үлкейген адамдар үшін өзіміздің қызымыз ғой.
Ал әйел қандай болады – ұлт сондай болады! Арғы замандарда қазақтың қуатты болуы, құдыретті болуы, осыншама байтақ жерді алуы – ең алдымен сол қазақ қызының арқасы. Қазақ айтқан ғой, алып анадан туады деп. Қазақтың алып аналары алып ұлдар туған. Елдің рухын ұстаған, ошағын түтеткен. Ер-азаматтың басын сыйлаған. Жас ұрпаққа тамаша тәрбие берген. Соның арқасында Қазақ ересен күшті халық болып, осыншама байтақ жерді иеленіп, ұлы мемлекет құрған.
Әңгімені қазақтың арғы тарихынан бастайтын болсақ, халық арасында қаншама ұлы қыздар өткен, небір дана аналар өмір сүрген, ел билеген талай ғажайып қыздарымыз жасаған.
Ал енді қазіргі қазақ қызы қандай деген бір заңды сұрақ туындайды. Көбіне-көп бұрынғы қазақтың қызы, әрірек уақытта, мәселен, арғы замандарды айтпағанда, осыдан қырық-елу жыл бұрын жақсы еді; кейін олар кішкене тозыңқырап, өз деңгейінде көріне алмай кетті деген тұрғыда пікір айтылады. Мен мүлде керісінше ойлаймын. Әлбетте, біздің жастық кезіміздегі қыздар жаман еді деуге болмайды. Мысалы үшін, мен студент болған 1950-ші жылдардың аяғы мен 1960 жылдардың бас кезінде қазақ қыздары өте әдепті болатын, бірақ заманның ыңғайына қарай тым тұйық еді. Қоғамдық өмірге белсене араласпайтын. Олардың ибасы, әдебі, тәртібі – оның бәрі жақсы; бұл үй ішіндік жағдайдан, от басы-ошақ қасынан көп аса бермейтін. Әрине, о кезде де қазақтың ғалым қыздары болды. Мемлекеттік қайраткер дәрежесіне жеткен қыздар болды. Бірақ о тұста қазақ қыздарының мұндай белсенділігі жаппай сипат алған жоқ. Қазір олардың бағы ашылған ең бір жақсы уақыт деп ойлаймын. Бүгінде, қарап отырсақ, бизнес саласында қаншама қыздар жүр. Министр болып отырған, депутат болып отырған қарындастарымыз бар. Кейінде қазақтың ұлдарынан гөрі қыздары көбірек оқитыны байқалады. Бұлар компьютерді игеруде де айтарлықтай алға озып кетті – кез келген банкке немесе мекемеге барсаңыз, алдыңыздан қазақтың қызы шығады.
Одан соң қазақ қызы бұрынғыдан гөрі айрықша ашыла түскен, еркін, еліміздің сонау әдебін, ибасын, тәрбиесін сақтай отырып, мына бүгінгі еуропалық халықтардың, Батыстағы әйел затының жақсы қасиеттерін керемет игерді. Әрине, олардың нашар әдеттерінен де айналып өте алмадық. Кейінгі кездердегі толып жатқан киноның кері ықпалы бар, өзге де жағымсыз көріністер салқынын тигізбей қоймады, оның бәрін айтып, қазатын болсақ, көңіліміз кірленеді; әйткенмен, соншалықты бір сұмдық дәрежедегі жаманшылыққа қазақ қызы әлі ұрына қойған жоқ деп санаймын. Және олардың алдағы уақыттағы болашағы өте зор болатынына сенемін. Ол үшін қыздарымыз ежелгі ұлттық дәстүрді заманның жақсы үрдістерімен сәтті үйлестіре білуге тиісті.
Ең бастысы – Алла-тағала әйел, еркек қылып жаратқанда әрқайсының жеке-жеке міндет-парызын белгілеп берген. Бүгінде сол функцияның біразы дәуірдің ағымына қарай өзгерді. Бұрын, мысалы үшін, арғы заманда ер адам жорықта жүретін, кейінгі кезде қызмет атқарды, сөйтіп үй ішін, бала-шағаны асырауға міндетті болды. Әйел отбасында отырды. Міне, осы үрдістің кейбірі жаңа заманда біртіндеп ауысып кетті. Айталық, қазір келіндердің кейбірі сыртта жүріп ақша тапса, олардың күйеулері үйде отырып бала бағатын жағдайлар кездесіп тұрады. Осындай ахуалға сәйкес бір шаңырақтың астындағы ерлі-зайыпты жастардың жігіттен гөрі әйелінің табысы молырақ болуы әбден мүмкін. Мұндай нәрсеге ешқандай таң қалып, артық-кем деудің қисыны жоқ. Бір ғана өзгермейтін қағида бар, ол – әйел адамның Ана болу мүмкіндігі. Ешқашан ешбір данышпан еркек бала тауып көрген емес. Ал ең нашар әйел бала таба алады!
Халықтың болашағы, халықтың өсуі, елдің келешегі әйелдің аналық көзқарасына байланысты. Арғы уақытта қазақтың қыздары көп балалы болды. Ана болу деген өте ардақты міндет еді. Алайда тағы да заманның ыңғайымен, келешекте «бір бала, екі баладан артық туудың керегі қанша немесе, тіпті, баланың қажеті не» дейтіндер шығуы мүмкін. Егер қазақ әйелі осындай бағыт ұстанатын болса, онда біздің халқымыз сөзсіз құрдымға кетеді! Қазір бүкіл Еуропа халқы кеміп жатыр. Анау дамыған деген халықтар, мәселен, ағылшыныңыз, немісіңіз, итальяныңыз… қай-қайсы болсын, тұрғындарының саны жағынан жылма-жыл азайып барады. Ресейде де ондағы әйелдер өзінің негізгі міндетін ұмытуы салдарынан жыл сайын орыс халқы 1 миллионға кеми түсетіні айтылып та, жазылып та жүр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан да әрі қарай құлдырай беруі ғажап емес. Ал қазақ халқы, қалай дегенмен, ескі дәстүрін біршама сақтағандықтан, өз дәрежемізде өсіп-өніп жатырмыз. Бірақ қазақтың қызы аналық парызын естен шығарса, өзінің шаңырақ, отбасы ұйытқысы екенін ұмытса немесе жаңағындай бір баламен шектелсе, бұл қауіп біздің халқымыздың тағдырында орны толмайтын апатқа алып келеді. Сондықтан, қыздарымыз, мейлі, қоғамдық қызметін атқарсын, сонымен қатар өзінің аналық міндетін ешқашан ұмытпасын дегім келеді. Еліме тек қана игілік, жақсылық тілейтінім түсінікті; ұлттық дәстүрден қол үзбей, ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-салтты берік сақтауымыз керек. Сонымен қатар, қайталап айтсам, қазақ қызы қаншалықты оқыса да, қандай жоғары лауазымды қызметте жүрсе де, ең алдымен өзінің Ана болатынын, яки Ана екендігін, халықтың болашағы өзіне қарап тұрғандығын, сол өзінің бір негізгі Аналық парызын, халқының алдындағы ең бір қастерлі міндетін естен шығармауға тиісті. Олардың болашақтағы өмірі әрқайсы сәбисіз, баласыз нұрлы болмайтынын ерте түйсінгені жөн. Біздің қыздарымыз қалайда көп балалы болуға тиісті. Қазақтың қызы барлық кезеңдерде де өз халқының ұлылығына ұйытқы болып келді, олар алдағы уақытта да өзінің осынау жоғары биігінен көріне береді деген сенімнен айнымаймын.

Құлтөлеу Мұқаш,

elanasy.kz