Ұлттық аспап жасайтын жас шебер Сарысуда…
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, сонау ықылым заманнан бері қасиетті қара домбыра қазақпен бірге жасасып келеді. Тарихымызды қос ішегіне сыйдырған ұлы аспапты киелі санап, қастерлеп, төрге іліп қоятын қазақ халқы тоғыз пернелі домбырамен әуелетіп ән де салған, күмбірлетіп күй де шерткен.
Тұңғыш Президент–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында, шілде айының алғашқы жексенбісін «Домбыра күні» деп белгілеуі де тегін емес.
Оның өзі ұлтымызды ұлықтайтын ұлы аспапқа деген асқан құрметі мен сүйіспеншілігінің белгісі. Ал, сол киелі аспапты жасауды өз кәсібіне айналдырып, ұлттық дәстүрді насихаттап жүрген жас шеберлер де халық арасында кездесіп жатады.
Осы ретте біз асқан ыждаһаттылықпен қазақи музыка аспаптарын жасап жүрген Сарысулық Алмаз Балтабаевтың бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауын сезініп, ұлттығымызды ұлықтап жүр десек те артықтық етпес.
Ол өзінің ата мұрасы саналар кәсібін
«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 млн-ға дейінгі қайтарымсыз грантқа ие болып жалғастыруда. Біз айтып отырған Игілік ауылдық округінің жас кәсіпкері Балтабаев Алмаз ұлтымыздың ұлттық аспабы домбыра жасап, рухани жаңғыру жолында үлесін қосса, өз ісінде дамытып отырған жәйі бар.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы.