Ұлттық идеология отбасынан басталады
Ұрпақ тәрбиесінде діни тәрбиенің орны зор.
Өйткені, діни сауатсыздық және дінсіздік адамзатты құрдымға алып барады. Сол мәселелерді болдырмау үшін өскелең ұрпақты дұрыс арнаға бұру керек. Онымен қоса, ата — бабаларымыздың бізге қалдырып кеткен құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру — аға буын өкілдеріне басты міндет. Дін мен дәстүрдің үйлесімді бірлігін берік қалыптастыра білген ұлттың ғұмыры ұзақ болмақ. Өткеннен өнеге алу- ұрпақтар сабақтастығының кепілі.
Ислам тәрбиесі дегенде ұлттық тәрбие екеуі бір дүние десек болады. Өйткені, ата-бабаларымыз дін мен дәстүрді қатар алып жүрген.
Өкінішке орай, кейбір (батыстық және өзге) «құндылықтар» дінімізден, ұлттық тәрбиеден, дәстүрімізден жоғары тұр.
Қазіргі таңда біздің қоғамда әлеуметтік топтар ішінде ең әлсіз буын – жастар. Олар сеңгіш, еліктегіш, сезімге тез берілгіш және көбісі діни сауатсыз. Сондықтан болар, кейбір жастарымыз дін атын жамылған теріс ағымдар тобының соңына ілесіп кетеді.
Н.Назарбаев «Қазақстан — 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біздің халқымыз үшін дәстүрлі еместің және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы өмірге жат көзқарасты болғандай, көзсіз қабылдап, адасып жатады. Өйткені, кейбір жастарымыздың бір бөлігінің шеттен келген діни әсерлерге иммунитеті төмен. Сондай-ақ, олардың діни сауатсыздығы да осының бір себебі», — деп баса айтқан еді.
Иә, теріс пиғылды діни ағымдар қозғалысы қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Олар өздерінің ішкі ниеттерін жасырын насихаттайтын авторитарлық ұйым болып табылады. Олар теріс пиғылды әрекеттерге барып, оның соңы діни экстремизмге апарады.
Діни экстремизм ұғымы – шынайы діннің негізгі қағидаларына, қазіргі қолданыстағы ұлттық заңнамалардың және халықаралық құқықтық қағидаттарынан тыс шектен шығу дегенді білдіреді.
Жалпы, «экстермизм» деген терминге әлем ғалымдары мен сарапшылары түрлі мағыналар берген. Бір анығы, ол қоғамға, мемлекетке және жалпы әлемге қауіп төндіретін құбылыс. Соның ішінде, діни экстремизм дегеніміз- дәстүрлі дінді бұрмалап, жат «идеяны» белсенді насихаттау, зайырлы жүйеге қарсы әрекет ету.
Діни экстремизмнің шығуының басты үш негізі: біріншісі, діни сауатсыздық. Екіншісі, діни сауатсыздықтың кесірінен теріс пиғылды ағым өкілдерінің сөзіне сеніп, надандықтан шыққан соқыр сенім- бұл қазіргі қоғамда болып жатқан құбылыс. Ал, үшіншісі, әлеуметтік мәселелер. Айналысатын ісі жоқ, жұмыссыз жастардың болашаққа сенімсіз жағдайларын пайдаланып, экстремистік идеологияны саналарына сіңіреді.
Ғаламтордағы экстремистік веб-сайттардың ықпалынан басқа, шетелден діни білім алған жалған ғалымдар өздерінің экстремистік уағыздары арқылы қазақтың санасына, салт-дәстүріне, ұлттық танымына, тарихына қарсы мазмұндағы жастардың санасын улайды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:
Бұл күнде тіл сөйлемес, ақша –шешен.
Жүгірем бай жұмсаса, не мен, не сен.
Дүниеге дінін сатқан адамдардан,
Алыс жүр, бой суытып аман-есен, -дейді.
Дәстүрлі дін адамға адам болуды, ұлттарға бірлік пен тұтастықта өмір сүруді үйретеді, жауапкершілік түсінігін, құлшылық білімін және сенімді мінез –құлықты қалыптастырады. Сондықтан да, жастарға шынайы дін маңызын түсіндіріп, жат пиғылды діни ағымдардан аулақ болуға тәрбиелеу- қоғамның болашағына үлкен әсер етпек.
Қамысбай Сауқымов, «Talas tynysy».