Ұлттық ойынға қызығушылық артып келеді
Тоғызқұмалақтан Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары арасындағы желілік спартакиада жеңімпаздары анықталды. Бұл жарыста оралдық зияткерлер жақсы нәтиже көрсетті.
Алғаш рет ойыншылар өз қарсыластарымен онлайн форматта, PlayOk платформасында кездесті. Спартакиада алдында қатысушыларды құттықтаған «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова: – Төрт мың жылдық тарихы бар бірегей ұлттық ойын шығармашылық пен логиканы дамытады, сол себепті оқушылар арасында кеңінен танымал. Ойынға қызығушылық таныту – өз халқының тарихы мен мәдениетіне жақындай түсу, – деді.
«Жарыс нәтижесінде жоғары сынып оқушылары арасында Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Бекарыс Жортабаев чемпион атанса, орта топта 8-сынып оқушысы Абылай Мәметан 2-орынды иемденді, ал 7-сынып оқушысы Санида Нұрсәлім қыздар арасындағы сында үздік үштікке енді. Осылайша, оралдық құрама 7-9 және 10-12-сынып оқушылары арасындағы сайыста жалпыкомандалық есепте 2-орыннан көрінді» деп хабарлады аталмыш білім ордасының баспасөз қызметкері Айдана Хамидуллина.
Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі Қанапия Қаяпбергенов шәкірттерінің түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүргенін жеткізді. – Оралда Назарбаев зияткерлік мектебі ашылғаннан бастап тоғызқұмалақ үйірмесі жұмыс жасап келеді. Жалпы бұл ойынның ережесін меңгеріп алу – әр баланың қабілетіне байланысты. Ал үлкен жарыстарда бақ сынау үшін үлкен тәжірибе қажет. Интеллектуалды ойындардың ішінде тоғызқұмалақтың ерекшелігі – бала үздіксіз інденіс үстінде болуы тиіс. Елімізде тоғызқұмалақ ойындары жылдан жылға күрделеніп келеді, жаңа нұсқалар пайда болуда. Солардың барлығын ойыншылар тез меңгеріп, жарыстарда қолдана білуі шарт, – дейді үйірме жетекшісі.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы