Ұлттық өнер-ата дәстүр мұрасы
Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінде орналасқан Оқушылар мен жасөспірімдер үйінде 2020 жылғы 20 қараша күні Дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орай үш жақты өзара қызмет және ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Атап айтқанда, «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, Қызылорда облысының «Дәстүр» қолөнер орталығы қоғамдық қоры және «Оқушылар мен жасөспірімдер үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.
Меморандум аясында бірлескен бірқатар іс-шаралар өткізілуде. 2021 жылдың 26 наурыз күні Тасбөгет кенті С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ұлттық өнер – ата-баба мұрасы» Руханият және дәстүр: қазақ халқының ұлттық қолөнерін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған облыстық көрмеге кент әкімшілігі қолдау көрсетті. Өткізілген шараға Сыр елінің «Дәстүр» қолөнер орталығының отызға жуық қолөнер шеберлерінің мүшелері қатысты.
Наурыз мерекесінің ізімен шашу шашылып, көрме қонақтары: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Дәстүр» өнер институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы Ғ.Б. Байұлы және Тасбөгет кент әкімі С.З.Сыздықов Қызылорда облыстық «Дәстүр» қолөнер орталығының алғашқы ресми көрмесінің ашылу салтанатының лентасын қиды.
Манап Көкеновтың туған бауыры Құттықожа атамыз батасын берді. «Әр істің ұстасы бар. Әр ұстаның ұстазы бар» дегендей-ақ, «Дәстүр» қолөнер орталығының ағаш шебері Садықов Пахраддиннің ұстазы, танымал суретші Әбибұллаев Үмбет ағамыз ізгі ниетін білдірді. Шара барысында Сыр елінің дүлдүл ақыны, жүйрік сөз зергері, Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры Нұрмат Мансұров та сөз сөйледі.
Кәсіпкер Л. Момынова мен Қ.Бекенов қолөнер шеберлеріне арналған ақ тілектерін ақтарып, шын ризашылықтарын білдірді. Көрмеде ағаштан түйін түйген ағаш шеберлері, атап айтсақ, ҚР білім беру және мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Дәстүр» қолөнер орталығының мүшелері Жәнібек Маханбетовтың, Арал ауданынан келген ағаш шебері Мырзабек Қаныбаев, Қанатбай Өтепбергенов пен Құдайберген Күлмамбетовтың, Жаңақорған ауданынан Мұрат Жаримбетов және ағаш шебері Садықов Пахраддин Шәмшіұлының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары: ұлттық аспаптар, домбыра, әшекей бұйымдары мен кәдесыйлары, заманауи интерьерде қолданылатын түрлі бұйымдары таныстырылды.
Көрменің тағы бір керемет көрінісі шеберлік сыныбы өтті-көз алдымызда Отырардан келген құмырашы Жанұзақ Ерімбетовтың саз балшықтан құмыра илеп отыруы көрерменді ежелгі Отырар қақпасына кіргендей ерекше әсерге бөледі. Көрмеге алғаш қатысушы тері, ағаш, темір бұйымдарының жас шебері Мұзарап Жасұлан Сламбекұлының өнерінің тұсауы кесілді. Зергерлік бұйымдарды қолмен ұстап көріп, темірден түйін түйген зер қадірін білген зергерлердің, екінің бірінің қолынан келмейтін өнер иесі екенін мойындадым. Көрменің оң жағы ер азаматтардың бұйымдарына толып тұрса, сол жақ бетінде әйел адамдардың қолынан шыққан бұйымдар қойылды. Атап айтсақ, Тұрғанбаева Шакарбан, Сатыбалдиева Балжан, Әбілдаева Айман, Жәлімбетова Дина, Асқарбекова Айсұлу, Асанова Мархабаттың қыз жасауларына арналған құрақ көрпелер мен тоқыма бұйымдары көрермен назарына ұсынылды.
Халқымыздың колөнерінде жиі пайдаланатын шикізаттың түрі – жүн болғанын білеміз.Ұршықпен жүннің иіріліп жіпке айналуынан бастап, дайын бұйым болғанынша жасалатын барлық кезеңдерін толық көрсеткен Әлайдарова Айдана, Әлжанова Мәрияш, Раймбаева Бақытгүл, Тасбұлатова Зухра, Қасенова Қыздаркүл, Анапияева Гүлнар, Мырзаева Азат сынды шеберлердің қолынан шыққан текемет, басқұрлар, кілемдер мен киіз үй жабдықтары өз бағасын алды. Хан сарайында төселген қалы кілем, құрметті қонаққа жабылатын оюлы шапандар көздің жауын алып, сан ғасыр қойнауына сапар шеккендей әсер берді. Ұлттық киімдерді тігудің хас шебері, сәукеле, қамзол, қыз ұзату киімдерінің заманауи түрінің толық топтамасын жасап көрсеткен Құлмырзаева Жадыраның еңбегі де оң бағаланды.
Шеберлерден алынған интервьюлерді және Оқушылар мен жасөспірімдер үйінің «Вокал» үйірмесінің жетекшісі Тұрсынбекова Күлжамал апайымыздың шәкірттерінің Наурыз мерекесіне тарту әндерін облыстық телеарна тілшілері мен операторлары таспаға түсіріп алды. Шара соңында көрме қатысушыларына кент әкімінің алғыс хаттары тапсырылды. «Дәстүр» қолөнер орталығының ағаш шебері Садықов Пахраддин Шәмшіұлының қонақтарға өз қолынан шыққан қайталанбас өнер туындыларын сыйға тартты. Нұрмат Мансұровқа жүректен шыққан жыр жолдарын арнады.
Мен де ой түкпірімде толғандырып жүрген мәселенің бетін ашып, ағаш шеберлеріне мынадай ұсыныс жасадым. Жаңа туған нәрестені шомылдыратын ағаштан жасалған шағын, жеңіл леген болса, оның қасында су құятын ағаш бақырашы, қырқынан шығарғанда қырық қасық су құятын ағаш қасығы болса дедім. Бұл Сыр елінің ағашынан жасалған Сыр елінің бренді болатындай, халыққа қолжетімді бағада жасалса нұр үстіне нұр болар еді. «Сыр сәбиі» деген атпен бала легені дәстүр болып қалыптасатындай, ата дәстүріміз қайта жаңғырса деген ұсынысымды шеберлер оң қабылдады. Қазіргідей пластмасса легенге шомылдырып шошытпай, темір бақырашпен су құйып сәбидің денесін тітірентпей, жаңа туған періште сәби туған жердің ағашынан жасалған бұйымға шомылса, еліне, жеріне деген мейірімі молырақ болар деген ниетпен айтқан пікірімді қолдағанына қуанып қалдым. Өнері бір, ой-мақсаттары ортақ, халқына берері көп, бес саусақтай біріккен бірлігі бекем Сыр елінің шеберлерінің мәрт мінезі мен ұлт өнеріне деген махаббатына шынайы тәнті болып, ұлттық өнеріміз әлемдік төрден қысылмай, ойып тұрып өз орнын алса екен деген тілекпен тарастық.
Анар Каражанова,
Қызылорда қаласы,
Оқушылар мен жасөспірімдер үйінің «Жас қаламгер» үйірмесінің жетекшісі