Ұлттық құндылықтың бесігін теппес болар!
Отпан тауда халықаралық дәрежеде амал мерекесін тойлауға жасалынған үмітке толы жоспарды жоққа шығарып, қаңтардағы қаралы күндерді бет перде қылып, шектеулерге себепші болған,отпанды оқшаулап жарға жыққан «келісім мен кеңестердің» шарғасы шаршыға түсінікті. (Биыл отпан тауда амал мерекесі өз дәрежесінде тойланған жоқ, мәдени шараларға шектеу қойылды. Үй тігілмеді. Өзге өңірлер, мекемелер тойлап жатты.)
…Амал мерекесін республикалық дәрежеге алып шыққан отпан таудағы халықтық шаралар еді. Қолындағыны қор тұтқан елге, соның барлығын зар тұтатын кездер де келеді. Өзіміз кінәліміз. Мереке құтты, мерейлерің асқақ болсын! Тыныштық болсын. Президент амал мерекесімен құттықтап отыр, рахмет! Ал, Отпан тауда: дәстүрлі амал мерекесіне орай өткізілетін мәдени шараларға шектеу қойылып жатыр. Ұлттың ішкі тұтастығы осындайдан бұзылады. Әрине, президент құттықтады, рахмет. Басқа шаруа өзімізге байланысты. Өзіміз кінәліміз. Қаңтардағы қаралы күн мәселесін тек Отпан таудағы мәдени шараларды шектеуге ғана сылтау қылған әрекетке түсінбей тұрмыз ғой. Не бәріміз тойлап, не бәріміз аза тұтуымыз керек еді ғой. Неге Отпан таудағы мәдени шараны, мерекені бөле қырықты?.. Оған жауап іздейміз. Отпан тауда халық алаштың бірлігіне жан аямай қызмет жасады. Маңғыстау халқы амалдың аясында күллі қазақты бауырына басып, көрісіп, ақ дастарханын жайып туыстыққа шақырып келді. Енді неге ештеңе болмағандай оны лақтырып тастауға, шектеуге салып шеңберін тарылтуға тиіс. Халықтың соншалықты қазаққа ортақ ақ тілек, ақ ниетін, ақ дәмін неге сұраусыз қалдыруға, таптауға тиіспіз. Мен осы қорлыққа шыдамай отырмын. Осы «ойынды»кімдер жасады?
Бүкіл түбектің бұқара халқы түн қатып үй тігіп, тік тұрып қонаққа дайындалып, барлық қазақты бауыр қыламын деп жүгірді емес пе?!. Енді амал мерекесі керек те, халықтық қағида, салт-дәстүрді жүрегінің құрсағына сақтап қазаққа жеткізген ордалы жұрт, Отпан тау керек емес пе?
Отпан тау – ұлт бірлігінің темірқазығы, қайта жанданған амал мерекесінің алтын бесігі.
Ұлттық құндылықтың бесігін теппес болар…
Сабыр Адай
15.03.22ж.