«Ұлттық құрылтай, алаштың жоғын түгенде!»
деген халықтың үніне құлақ түр!
Бұл маңызды жиынға Ұлытау неге таңдалды?
Ұлан-ғайыр даланың асты мен үстінің байлығы ұлтқа емес, жат жұртқа бұйырып жатқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Ғаламдық саясат күн сайын құбылғаны аздай, экономикалық қысым да күшейіп барады. Қымбатшылық халықтың қабырғасына батқаны сондай – айлықтары шайлықтарына жетпей пұшайман. «Шыдамның да шегі бар». Сондықтан бұқараның айтар шері бар…
Сыбайлас жемқорлықтың батпағына әбден батқан, елдің қазынасын оңды-солды сатқан, бұрынғы президенттің жақтастары мен ағайын-туыстары істі болып жатқаны көңілге демеу. Судың да сұрауы бар емес пе? Оның қасында дүйім елдің сенімін арқалап, «Елбасын» қалқалап тіршілік кешкендер әлі де жаңа биліктің құрамында жүруі ақылға сыйымсыз. «Жаңа Қазақстанды жаңа буын ғана ұшпаққа шығарары сөзсіз. Бүгінгідей қиын кезеңде тығырықтан халықты кім шығара алады? Халық кімге сенім артпақ? Әрине, Президент Тоқаевқа. Құдайшылығын айту керек, екінші Президент Тоқаев мырза өткеннен сабақ алған жанға ұқсайды. Тың бастамаларымен, жаңашылдығымен, соны идеяларымен дара жол салмаққа ниеті құптарлық. Соның ең маңыздысы – ұлт ұясы – Ұлытауда қазақ құрылтайын өткізуге талпынысы. Бұл, әрине, қазақ қоғамына жағымды жаңалық.
Дүниені дүр сілкіндірген, тұлпарының тұяғы бүкіл әлемді басып өткен Шыңғыс ханның сұрапыл жорықтарына да осы тау куә. Асан қайғының тамсанып, таңданып қимай кеткен жер ұйығы Ұлытау болғанын бүгінгі ұрпақ мақтанышпен еске алады. Ұлытау – қазақ үшін Отан ұғымының шығар шыңы. Қазақ жерінің кіндігі болғандықтан, бүгінде аңызға айналған талай оқиғаның дені осы жерде өткен. Соның дәлеліндей Ұлытауда Алаша, Жошы мен Тоқтамыс хандар, Едіге ер, өзге де тарихи тұлғалар жерленген. Ұлытау қазақ тарихында өте үлкен және маңызды өлке болған. Енді осы өңірде Қазақ халқының маңызды мәселелері талқыланып, ұлттық руханияттың қанжары қайралып, тіл мен ділдің, дін мен салт-дәстүрдің келбеті айшықталса, нұр үстіне нұр.
Айтпақшы, 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы халқымыздың тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде үлкен табыспен өткені белгілі. Кейін мұндай құрылтай Түркістан мен Нұр-Сұлтан қалаларында төрт рет ұйымдастырылды. Осы құрылтайлардың бәрінде де «Елбасы» әлемнің әр түкпірінен келген ағайындардың ортасында болып, қазақ халқының бүгіні мен болашағы жөнінде толғанысқа толы керемет баяндамалар жасады. Бірақ қазақтың жағдайы жақсарып кетпеді. Тілі тұғырға мінбеді. Бәрі сөз жүзінде қалды. Тек пайдасы – сырттағы ағайын елге тасқындай құйылды. Бұл да болса үлкен жеңіс еді… Сол шақтағы ұлттық құрылтайдың басы-қасында жүрген 1992-2017 жылдардағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, профессор Сұлтанәлі Балғабаев (30 қараша 2021 ж.) «Астана ақшамы» газетінде жарияланған мақаласында:
«Қауымдастық «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» мен «Көші-қон туралы» Заңның қабылдануына да атсалысты. Нәтижесінде шетел қазақтары Қазақстанға ағылып келе бастады. Бұл көш әсіресе 90-жылдары айрықша мол болып, оралмандардың саны жылына 170 мың адамға дейін жетті. 2000 жылдардың ортасында да бұл көш 60-70 мыңның төңірегінде болды. Сөйтіп, Қазақстанға бір жарым миллионға жуық қандастар оралды. Бүгінгі таңда республика халқының жалпы саны 19 миллиондай болды, егер 1,5 млн оралман келмегенде Қазақстан халқы саны қазіргі деңгейге ешқашан жете алмас еді; әлеуметтік-экономикалық дәрежеміз, мәдени-рухани жағдайымыз дәл қазіргідей биікке көтерілмес еді. V құрылтайдан кейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударды. Ал Қауымдастықтың Алматыдағы төрт қабатты керемет ғимараты қазір ешкімге керек болмай, бос тұр. Кезінде Қауымдастық тікелей белсене араласқан қандастар көші де барынша азайған. Дегенмен мұның бәрі уақытша жағдай деп үміттенеміз. Өйткені Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдегі қандастармен тығыз байланыс орнатып, олардың атажұртқа қоныс аударуына кең жол ашқан тарихи еңбегінің орта жолдан тоқтап қалмай, алдағы уақытта жаңа қарқынмен жалғаса беруі біздің бәріміз, бүкіл халқымыз бен мемлекетіміз үшін өте маңызды», – депті.
Ұлттық құрылтайға газетіміз қойған 8 өзекті мәселе:
«Біткен іске сыншы көп» дейді қазақ. Соны болдырмау үшін біз тараптан айтар наз:
1. Ұлттық құрылтайға қатысатын азаматтарды халық сайлауы керек. Себебі халық сайлаған азамат Ұлттық құрылтайда ұлттың сөзін айтады. Ел ішіндегі даулы мәселелерге биліктің назарын бұрады. «Ас ішіп, аяқ босатпайды».
2. Қазақта «қорыққан бірінші жұдырықтайды» деген тәмсіл бар. Сол кепке түссек, айтар уәж мынау: Ұлт ұясы – Ұлытаудағы құрылтайда «құрқылтайлар» орысша сайрап тұрмасын. Құрылтай мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындап, жиын бастан-аяқ қазақша өтуі тиіс. Бұл – өзге жұртқа ұлттық болмысымызды, ұлттық рухымызды көрсететін мүмкіндік. Президент Тоқаевтың жаңашылдығын, жаңа Қазақстанның бет-бейнесін де айқындайтын шақ бұл!
3. Халықтың тұрмысын түзеудің нақты жолы – банктерді ауыздықтау. Ел еңсесін тез көтеру керек болса, өзгерісті банктен бастау – уақыт талабы. Онсыз да титықтаған халықты 18-24 пайызбен қысу деген не масқара?! Халық кредиттен басқаны ойлауға мұршасыз қазір.
4. Билік басына ана тіліне жетік жастарды тарту мәселесі Ұлттық құрылтайда күн тәртібіне шығуы тиіс! Бұдан былай қазақтың наны тәтті болғанымен, жаны – тілі ащы болып келген ағайынға бұл ескерту болмақ.
5. Ескі кадрлармен Жаңа Қазақстан құрылмайтыны Құрылтайда көтерілсе, құрылтайдың миссиясы да өтелген болар еді…
6. Референдумда қабылданған заңдардың орындалуын тездету тетіктері іске қосылса, Парламентке депутаттарды, облыс пен аудандарға, ауылдарға әкімдерді халық сайласа;
7. Саяси партиялар туралы заң тезірек қабыданса;
8. Парламент таратылып, халық сайлаған жаңа депутаттар атқа мінсе;
Бұл айтылғандар ғана емес, ел көкейінде жүрген әр мәселе Ұлттық құрылтайда көрініс берсе, сонда ғана құрылтай елдік мұраттарды ескерген, халықтың жоғын жоқтаған болып шығар еді. Тоқаев билігі де халықпен етене араласып, сеніміне кіріп, ұлы істерді атқаруға кірісер еді…
Ұлттық құндылықтар дәріптелуі тиіс!
Міне енді, әр аймақтағы қалың қазақтың басын қосатын, уәжін тыңдап, ұлттық рухқа қамшы басатын, өткен-кеткенді саралап, жақсы істерді бағалап, жамандықтан жиренетін ұлттық құрылтай Ұлытауда өтіп жатыр. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылған. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде ашық айтты: «Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады», – деген еді мемлекет басшысы. Құрылтайдың алғашқы отырысы, міне, Ұлытауда өткізілуде. Осылайша, қарапайым азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі.
«Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсысымыздың қолымызда. Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек. Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын», – деді Қ. Тоқаев.
Белсенділер не дейді?
Дина Елгезек, қоғам белсендісі:
«Референдумның асығыс өткізіле салуын Назарбаев режимінен арылудың амалы ретінде түсініп, тырс үндемедік. Жаңа Конституцияда, әрине, «революциялық өзгерістер» жоқ, десе де «суперпрезиденттік жүйе еш өзгеріссіз сақталады екен» деп уәж айтқан тараптың талабымен де келісе қоймадық. «Ресми орыс тілінен бас тартуға қазір геосаяси жағдайдың реті келмей тұр» деп, өз-өзімізді жұбаттық. Қойшы әйтеуір, жалпыхалықтық шараны шала-пұла өткізген биліктің дегеніне көніп, сайлау учаскесіне барып, кеудемізде сығырайған үміт үшін «иә» деп дауыс беріп қайтқан қазақтың бірі болдық. Басқадай амал болды ма бізде? Әйтпесе Ата Заңның «бір қайнауы ішінде қалған» құжат екені лупасыз-ақ көрініп тұр. Е-е-х! «Біз, Қазақстан халқы» деп басталатын Конституцияны «Біз, қазақ халқы» деп бастауға не кедергі? Ал Ата Заңның кіріспесін осы елдің иесі ретінде «біз, қазақ халқы» деп бастауға не кедергі? Конституция дегеніміз қазақтың дербестігін, тәуелсіздігін әлемге паш ететін ұлттың Төлқұжаты емес пе? Конституция ғасырлар бойы азаттыққа ұмтылған ұлтымыздың мәңгілік манифесті емес пе? Осы елдің заңды мұрагері екеніміз анық, онда кімнен және неден жасқанамыз деген ойдың жанымызды мүжіп кеткені рас…
Сонымен, хош… Енді Ұлттық құрылтай өткізіп жатырмыз. Қоғам бір серпіліп қалды. Бірақ деймін, бұл не деген бітпейтін асығыс. Біреу қуып келе ме? Не бұл? Қазақ құрылтайын жыл бойы пысықтаған. Елдің ең игі жақсыларын жинаған. Ұлттың жанын жеген мәселелерді ашық айтып, шешуге тырысқан. Алауыздық туындаған жағдайды реттеген. Өзара дұшпандар болса, елдік мұрат үшін мәмілеге келіп, достасқан. Құрылтайға кімдер шақырылды? Құрамында кім бар? Мықты ақсақалдарымыз бар ма? Ұлттың сөзін сөйлеп жүрген қыз-жігіттер ше? Оппозиция өкілдері ше? Әлде әдеттегідей «доступ» жоқ па? Әлде сол баяғы маскасын ауыстырған билік элитасы мен идеологтардың «сазсырнай тартушылары» ма? Әлде сол баяғы «ләппай, тақсыр!» деушілер ме?
Онда мұның несі Ұлттық құрылтай?
Сүйептегі Мұхамбет, қоғам белсендісі:
«Әлеуметтік желіде бірқатар азаматтар мені Ұлытаудағы ұлттық құрылтайға жіберу жөнінде жазып жатыр. Ықылас-пейілдеріне көп рақмет! Алла сыйласын! Қазіргі Маңғыстаудың, әсіресе өзім тұратын Жаңаөзеннің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін айтып, жазып жүрмін. Құрылтайға барған жағдайда да елдегі жұмыссыздық, ауызсу, ескіріп бара жатқан кен орындар мен оны игерушілердің ел алдындағы жауапкершілігін айтатын болармын. 60 жылдан бері мұнай өндіріп, 4 донордың бірі болып отырған Маңғыстау халқы кедейшілік жөнінен Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облысынан кейінгі үштікті түйіндейді. Мұны әділетті Қазақстанның қазіргі саясатына қайшы нәрсе деп ойлаймын. Тағы бір айтатыным – төртінші мұнай газ өңдеу зауыты Маңғыстаудан салынуы керек. Ішкі нарықтан бөлек Каспий теңізі арқылы Грузия, Түркия секілді мемлекеттерге жанармай сату жолға қойылған болар еді. Көкейдегі сөзді айту үшін төрдің қажеті шамалы. Орайы туып жатса, Маңғыстауымның үнін Ұлытауда айта жатармыз. Реті келмесе, оқасы жоқ. Тек осы жиын жер-жерден жиылған мадақшылардың Президентті мақтау жәрмеңкесіне айналып кетпесе екен дейміз. Қалай болғанда да, Жаңа Қазақстанның ендігі жолы жаңаша болуы керек шығар».
Түйін:
Өзгерісті әр қазақ өзі бастауы керек
Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өтуінде де үлкен мән бар. Ұлттық рух пен елдің еңсесі көтеріледі. Жат түңіліп, дос қуанады. Ел екеніміз, ұлы даланың Иесі екеніміз әйгіленеді. Президент Тоқаевтың соңғы үндеуінен кейін өзгеріс күткен қазақ қоғамы әрі-сәрі күйде. Бұқараны да түсінуге болады. Ел байлығын ту-талақай еткендерге өкпелері қара қазандай. Ұлттық құндылықтар мен идеологияның әлсіздігі да қазақты мазақ еткендей айтылып жатыр. Айтқым келгені, өткенді қазбалай бергеннен енді ештеңе өнбейді. Жазықтылар жазасын алар. Жауапқа тартылар. Бізге ұлт болып ұйысып, ел болып қалу маңызды. Әділ сын айтамын деп, елді әбігерге түсіргеннен ештеңе өнбейді. Өткеннен сабақ алу да үлкен мәртебе. Ол үшін әр қазақ өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Бірінші өз ісімізге адал болу. Екінші пара беруден, пара алудан алшақ жүру. (Жолда тәртіп бұзып, полицияға ақша беру арқылы мәселені шешу де осыған жатады). Үшінші – білімді азаматтарды қолдауға, оларға сенім артуға әуестік таныту. (Мектеп директорлары мектепке де қызметке тамыр-танысын емес, білімді маманды тартуға күш салса). Төртінші – әр қазақ ана тілінде сөйлеуге, балаларын қазақ мектебіне беруге талпынса; Сабыр Адай ақын ағам айтпақшы, «әр қазақ – менің жалғызым» деп тіршілік кешіп, «Қазақстан – жалғыз Отаным» деп таң атырса, жетістікке тезірек жетеріміз анық. Айта берсек әңгіме көп қой. Бәрі өзімізге байланысты. Өзгерісті әр қазақ өзінен бастауы тиіс. Өсек-ғайбат дамуды кешеуілдетеді. Дау-дамайға апарады. Ынтымақ-бірлікке сына қағады. Ғұлама Мәулананың: «Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл-есіңді жина да, үндемей жүруді әдетке айналдыр» дегенін жадымызға мықтап түйсек игі.
Президент Тоқаев өзгерісті қалайтынын, ол үшін үлкен реформа жасауға дайын екенін айтып қалды. Соның алғышарттарын жасауға кіріскені байқалады. Мысалы, Ұлытау облысына әкім болып сайланған Берік Әбдіғали – өте ұлтжанды азамат. Алаш рухымен кемелденген қайраткер.
Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалған Саясат Нұрбек те өте ізетті, иманды жігіт. Өз айтары бар, көл-көсір білім иесі. Президент Тоқаев дұрыс шешім жасады деген ойдамын. Өзгеріс осылай жасалады. Бұл да саясат. Ескіні жаңа алмастыратын заман туып келеді. Қазақта білікті, ел мен жерінің қамын жейтін тұлғалар жетеді. Тек соларды қолдап отырсақ, нұр үстіне нұр.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шығады?» дегені осы орайда айтылса керек. Пайғамбар Мұхаммедке біреу: «Пәленшенің бойы қысқа» дегенде Алланың елшісі: «Бұл сөзің теңізге тасталса, теңіз де сасиды» деген екен. (Тирмизи). Демек қазақтың «жақсы сөз – жарым ырыс» деуінде үлкен мән бар. Өз жақсымызды өзіміз дәріптемесек, біреу бізге ешқашан жақсысын әкеліп бермейді, ағайын.
Төле би бала кезінде Әнет бабаға барыпты деседі. Жасы жүзге келіп қалған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырса керек. Бір орайы келгенде бала Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» – деп сұрайды қарт бабадан.
Сонда абыз жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
– Балам, мынаны сындырып көрші.
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп, сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы.
Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді.
Әнет баба:
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
Сонда Төле бала:
– Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті.
Сөз соңында айтарым, билік халықпен санасуы тиіс! Халық – Алланың бір аты! Заң жұмыс істеуі керек ол үшін. Ата Заңнан ешкім аттап кетпеуі – әділдіктің салтанат құрғаны! Жердің асты мен үстінің байлығы да халыққа тиесілі. Ол да халықтың несібесі! Халықты несібесінен қағу – билікке сын!
Ұлттық құрылтайда, тағы да айтамыз, өрелі ойлар, халықтың жай-күйі, көші-қон, тіл мен діл мәселесі, жаңа буынды билікке тарту, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу, өткеннен сабақ алу талқыға түспесе, ішіп-жеп, бірін-бірі мақтап, күпініп, кеуде көріктей болып оралғаннан не пайда?!
Академик Әлкей Марғұлан: «Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, иісі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекен. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғандығына бір дәлел қазақ ұлысының негізін құрған басты-басты тайпалардың барлығының жері осы Ұлытаудан тараған», – деп жазған екен. Иә, қазақ елінің халық болып қалыптасуының түп-төркіні осы Ұлытаудан бастау алады. Олай болса, Ұлттық құрылтайдан елдің күтері көп…
Нағашыбай Қабылбек,
ҚР ақпарат саласының үздігі