Ұлтымыздың үш ұлы тұлғасына жар болған Фатима Ғабитованың тағдыры қандай?

Қазақтың біртуар ұлдары Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовке жар болған Фатима Ғабитованың келер жылы 120 жылдық мерейтойы. 1903 жылы 14 қазанда дүниеге келген татар қызы үш арысқа муза болған жан, деп хабарлайды Экспресс К.

Фатима ҒабитоваФатима Ғабитова
Фатима Ғабитова
Фатима Ғабитова үш күйеуінен төрт ұл, үш қызды дүниеге әкелген. Біләл Сүлеевтен Жәнібек, Фарида, Азат, Ілияс Жансүгіровтен Үміт, Ілфа, Болат деген үш перзенті болса, Мұхтар Әуезовке Мұрат есімді ұл сыйлаған. Осылардың ішінен қазір көзі тірісі Ілфа Ілиясқызы мен Мұрат Әуезов. Экспресс К тілшісі Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтен анасы және аға-әпкелері туралы сұрап көрді.

Мұрат ӘуезовМұрат Әуезов
Мұрат Әуезов
Экспресс К: Анаңыз Фатимадан тараған ұрпақтан бүгінгі таңда Ілияс Жансүгіровтің қызы Ілфа апамыз және өзіңіз қалыпсыз. Ол кісінің жағдайы қалай, араласып тұрасыздар ма?

Мұрат Әуезов: Екінің бірі біздің анамыз Фатиманың 14-ші қазан туған күні екенін біле бермейді. Өзіңнің білетініңе шынымды айтсам қуанып қалдым. Сенімен кездесердің алдында мен Ілфа тәтемнің үйіне барамын деп отырғанмын. Ілфа тәте — ол менің сүйікті апайым. Ол кісі Ілияс Жансүгіровтың қызы. Ілфа деген есімнің өзі Ілияс және Фатима деген есімдердің қосындысынан шыққан. Бір анадан туғандардың ішінен екеуіміз ғана қалдық. Құдайға шүкір, жағдайы жақсы, осы Алматыда тұрады. «Анамыздың туған күнінде шешеміз туралы естеліктер айттым» деп бір қуантып қоятын болдым.

Экспресс К: Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтің балаларымен араластығыңыз қалай болды?

Мұрат Әуезов: Жалпы кезінде репресссияға ұшыраған қазақ интелегенттерінің жағдайы өте қиын болды. Ерлері атылды, ал әйелдері кішкентай балаларымен «Алжир» немесе басқа да лагерьлерге қамалды. Бұдан бөлек «Халық жауының жанұясы» деген атаудың өзі ол уақытта сұмдық болатын. Тоталитарлық жүйенің иттік саясаты қазақтың қаймақтарын қырып жіберді ғой. Бірақ қазақ халқының ұлылығы сонда — олар осындай қиын-қыстау кезде бір-біріне көмектесіп, «әр қазақ менің — жалғызым» деген ұғымды жете ұстанды.

Алаштың азаматы Біләл Сүлеев ағартушы, жазушы, фельетон жазған, бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы бір сырлы азаматтардың бірі. Ол өте білімді, сауатты адам болған. Біләлді ұстап алып кеткенде оның артында үш бала қалды. Олар: Фарида, Жәнібек және Азат.

Біләлдің ұлы Жәнібек туралы айта алмаймын. Ол соғыста қаза тапқан. Ал 1932 жылдары анамыз Фатима мен Біләл Сүлеевтің тұңғышы Фарида 10 жасында қайтыс болып кеткен екен. Бұл қайғылы жағдай Фарида мен Біләлға өте ауыр тиген. Ал енді өзім көрген, өмірімде ерекше орын алған, сана-сезімімде сақталған ол — Біләлдың ұлы Азат ағам, Ілиястың қыздары — Үміт және Ілфа апайларым және кенжесі — Болат ағам. Ол енді әкесін көре алмай қалды. Ол туралы шешемнің күнделіктерінде жазылған. Содан кейін Ілияс Жансүгіровтың тұңғышы Саятты өмір бойы құрметтеп өттім.

Экспресс К: Сонда Фатима Ғабитова күйеуі Біләл сотталғаннан кейін Ілияспен, ал ол атылып кеткен соң Мұхтар Әуезовпен қосылған ғой?

Мұрат Әуезов: Ілияс пен шешеміз Фатиманың арасында сезім болған. Оны Ілиястың лирикасынан-ақ анық байқауға болады. Әсіресе анамызға жазған хаттарын оқысаңыз, «Мағжаннан кем емес» деген ойға келесіз. Сезім болғанымен, азаматтық, ынтымақтық деген ұғым оларда бәрінен биік тұрды.

«Біләлдың балалары жетім болып қалмасын, оларға қандай көмек, демеу жасай аламын» деген сезіммен шешемізге қосылған. Ілиястың, Біләлдің балаларын алдына отырғызып түскен суреттері де бар. Ілияс Жансүгіровті 1937 жылы ұстап, оны 1938 жылы атып тастады. Ал енді оның балаларына қамқоршы бола білген ол — біздің әкеміз Мұхтар Әуезов. Өйткені Ілияс ұсталғаннан кейін «бұл отбасы халық жауының жанұясы» деп қудалауға түсті. Сол кезде әкеміз Фатиманы балаларымен алып, Меркіге апарды.

1943 жылы қаңтардың бірі күні мен дүниеге келдім. Сол кезде соғыстан суық хабар келеді. Жәнібек майданда қаза тапты деген. Бұл шешемізге ауыр соққы болды. Сол сәтте Мұхтар әкеміз анамызға демеу болды. 1948 жылы әкеміз үлкен ерлік жасап, «халық жауының жанұясын» бауырына басып, осы Алматыдан, Ыстықкөл көшесінен үй сатып алып беріп, біз сонда көштік. Арбамен көшкенде ақтабан иттің артымыздан жүгіргені, кішкентай болсақ та көзімізге жас алып қимастықпен кеткеніміз әлі күнде дейін жадымда сақталып қалды.

Экспресс К: Сол қалаға келгендегі сәттер есіңізде шығар? Үш тұлғаның ұл-қыздары туралы толық айтып берсеңіз…

Мұрат Әуезов: 1949 жылы менің 6-7 жасымда әкем қолымнан ұстап, осы Алматыдағы, ұлдарға арналған жалғыз қазақ тілді мектепке берді. Ол кезде атағы, абыройы бар кісілердің бірде-біреуі балаларын қазақ мектебіне бермеуші еді. Сол уақытта Үміт тәтем медицина институтына түсті, ал Азат ағам алтын медальмен Меркінің мектебін бітіріп, Мәскеу университетіне жолдама алды. Ол уақытта алтын медаль иегерлері ешқандай емтихансыз ЖОО-на түсе алатын. Азаттың жазған еңбектері өте көп.

Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабының шығуына сол Азаттың үлкен көмегі тиді. Олжас ол туралы да қалжыңдап «Азат и Я» деп келтіретін. Ол өте сауатты, өте білімді адам. Ол жағынан Азат әкесіне тартты. Үміт дәрігер болды, Ал Ілфаның жаны қатты қиналды. Ол бала кезінен мықты суретші болатын. Меркіде салған суреттері сондай керемет еді. Өкінішке қарай сол суреттерінің көбі жоқ болып кетті. Ол осындағы суретшілерді дайындайтын училищеге барғанда «Сен халық жауының баласысың, саған бұл жерде оқуға болмайды» деп ашық айтқан.

Содан ол жылап, біраз суреттерін өз қолымен құртып жіберді. Бірақ Құдайға шүкір, кейбіреуі сақталып қалды. Содан кейін ол шет тілдер институтына түсіп, неміс тілінен мықты маман болып шықты. Ал Болат ағамызға анамыз әкесінің сөзін үнемі айтып отыратын. Тергеушінің «Балаңыз сіз секілді жазушы, ұлы тұлға болсын» дегенде Ілияс «біз секілді жазықсыз жапа шеккенше, етікші болсын» деп ауыр сөздерін айтқан. Ол шешеміздің естелігінде бар.

Экспресс К: Әкелеріңіз бөлек болса да, бір шаңырақтың астында өте тату-тәтті тұрыпсыздар. Мұның сыры неде?

Мұрат Әуезов: Анамыздың ұлылығы сонда — біз әкелеріміз бөлек болса да, бір-бірімізге жат болмай, жақын болып өстік. Бір мысал келтірейін: Меркіде Қарасу дейтін көл бар. Мен бала кезімде сол Болат ағам, екі тәтем Үміт пен Ілфа сол көлдің жағасына барып ойнайтынбыз. Ол кезде доп жоқ, сиырдың жүнінен доп жасап, әрекет ететін едік.

Ұмытпасам, қазан айы болуы керек, Қарасуда қайығы бар, бір бүкір кісі «қайықпен ары-бері айналып келейік, ана ініңді алып ал» деп шақырды. Содан Болат мені алып, екеуміз сол қайыққа отырдық. Көлдің ортасына таман барғанда, ана қайықтың түбі тесіліп, судың астына кетті. Ана шақырған кісі бізге қарамай жағаға жүзіп кетті. Ал төрт жастағы менің қолымнан не келеді?!Мен баттым да кеттім. Ал Болат кішкентайынан сол Қарасудың жағасында өскен, жақсы жүзетін. Әрине, егер ол өзінің жанын сақтаймын десе, мені тастап ана бүкірдің артынан кетер еді. Бірақ ол су түбіне кеткен мені құтқарып, аман алып қалды.

Ол кезде Болат ағам он жаста болатын. Егер де шешеміз «сен Ілиястың баласысың, Сен Мұхтардың баласысың» деп бөле тәрбие бергенде Болат анандай қадамға барар ма еді?! Шешеміздің даналығы сол — бізді бөліп-жармай тәрбие берді. Біз бір-бірімізге өте жақын болып өстік. Ал Мәскеуде оқыған Азат ағамыз сауатымызды ашты. Барлығымыздың бойымызда әкемізден, анамыздан дарыған ағартушылық қасиет бар

Экспресс К: Анаңыздың «Қайтыс болған күнімде жиналмаңдар, тек менің туған күнімде бастарың қосылсын» деген өсиеті бар екен. Қаншалықты орындап жүрсіздер?

Фатима ҒабитоваФатима Ғабитова
Фатима Ғабитова
Мұрат Әуезов: Шешеміздің мінезі өте күшті, шыншыл адам еді. Күнделіктерін, «Фатима» деген кітабын оқысаң оған көзің жетеді. 1957 жылы болуы керек, Жазушылар одағында үлкен жиналыс болды. Сол партияның жиналысында біздің шешеміз қатал, шындыққа толы ащы сөздерін айтқан. «Ілияс сені көтерді, сен оны саттың» деп барлығының атын атап, түсін түстеген болатын.

Анамыз сондай мінезді, өте білімді әрі сауатты адам болған. Сол қасиетін Біләл да, Ілияс та, Мұхтар да құрметтеген. Анамыздың көзі тірісінде бізге «Менің қайтыс болған күнімде жиналмаңдар, тек менің туған күнімде бастарың қосылсын» деген өсиеті бар. Анамыз сирень ағашын, соның гүлінің исін жақсы көруші еді. Кеңсайдағы зиратына сол сирень ағашын отырғыздық. Күтіп-баптап тұрамыз. Барлығымыз туған күнінде міндетті түрде жиналып отырушы едік. Қазір үш әкеден тараған ұрпақтан екеуіміз ғана қалдық.

Ал Фатиманың немерелері, шөберелері өте тату-тәтті тұрады. Олар өздерін «Тамшы бұлақ» деп атайды. Олар әжелерінің, аталарының өмірінен хабардар, бір-бірімен ынтымақта өмір сүріп жатыр. Бір қуанышты жаңалық айта кетейін, осыдан бір ай бұрын Қазан қаласында кинолардың сценарилері сынға түсетін кинофестиваль өтті. Сол жарыста үш сценарий озық шықты. Соның біреуі шешеміз Фатима туралы. Құдай қаласа, анамыздың өмірі мен тағдыры жайлы фильм түсіріліп қалуы мүмкін. Ал, мен рұқсат болса, Ілфа апайыма барайын. Бүгін шешемнің туған күні ғой…

Экспресс К: Уақыт бөліп, арнайы сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз! Арыстардың, анаңыздың әруағы ұрпақтарын қолдап жүргей!

Ержан ШАЙЖАН
exk.kz