ҰЛТЫҢДЫ САҚТАЙМЫН ДЕСЕҢ ҚЫЗЫҢДЫ ТӘРБИЕЛЕ
Бүгінде қоғамда әйел, ана тақырыбы өте өзекті тақырып. “Алыпта анадан туады”,-деген халқым.
Бүгінде қыздар тақырыбы да ушығып тұрған тақырып.
Қызды болсын, ұлды болсын отбасы, қоғам тәрбиелейді. Егер тәрбиеде кемшіндік кетсе, оған жалғыз қыздың өзі ме емес, бүкіл қоғам кінәлі екенін айтқым келеді.
Бабаларымыз «Қызға — қырық үйден тию, қала берді қара күңнен тию» — дейтін. Түсінгенге қыз баланың тәрбиесі тек сол отбасының ғана емес, бір ауылдың абыройы болған.
Қызға ағайын болып ақыл айтып, өнеге-үлгі көрсеткен.
Бұл мақал бүгінде өз өзектілігін жойған жоқ, Қыз тәрбиесі тек әке-шешенің ғана емес, ағайын – туыстың, бүкіл ауылдық қоғамның, мемлекеттің мәселесі болуы тиіс.
Қазір «қыздар бұзылған», «қыздар тәрбиесіз» дегенді жиі естиміз. Ал оның өзегіне, негізіне назар аудармаймыз. Кез келген кеселдің, дерттің себебі болады.
Оның себебі тек отбасылық тәлім-тәрбиенің кемшіндігі ғана емес, бұл жалпы қоғамның, сол қыздарымыздың айналысындағы үлкендердің ұрпақ алдындағы жауапсыздығы дер едім.
Жалпы біздің мемлекетте кез келген мәселенің себебімен емес, салдарымен күресеміз.
Бар кемшілік осында болып отыр.
Тәрбиемен айналыспаймыз, бірақ “Аналар үйі”, “Дағдарыс үйі”, “Жемқорлыққа қарсы күрес” сияқты толып жатқан “салдармен күресетін” орталықтар саламыз. Оларға миллиардаған қаражат кетеді.
Ал алдын алатын, ұлт болмысына сай ұрпақ тәрбиесімен айналысатын орталықтар жоқтың қасы. Болса да, оның бірегей бағдарламасы жоқ.
Қыз бала өскен сайын көздің құртына айналады. Көз салатындар көбейеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын кенже ұлыма бала күтуші болған бір апайдың айтқаны әлі есімде.
Еліміздің батыс жағынан Астанаға көшіп келген апайдың жоғары сынып оқитын қызын қалалық бір мектепке орналастырады. Провинциядан келген қыз сыныптас құрбыларының «папик» деген сөздерін анасына айтыпты. Ол не деп сұраса,сондай бірер қыздың «папиктері» бар екен.
Олар ұялы телефон, қымбат киіп әкеп береді екен деп. Бұл менің естігенім. Мен сол кезде жағамды ұстаған едім.
Осындай біз білмейтін «папиктері» бар қыздар қаншама! Ондайлар аз емес. Қыздың, қазақ қызының, ұлтының намысын ойлаған ер-азаматтар, әр қызға қарындасым деп қарауы керек!
Сонда ғана біз түзелеміз!
Бір жылдары Ресейдің бір режиссері жеңіл жүрісті шешен қыздары жайлы фильм түсіріпті. Осыдан кейін шешеннің жас жігіті әлгі режиссерді тауып алып, үйіне барып бауыздап, сосын құқық қорғау органдарына өзі хабарлап, «Енді кімде-кім осындай кино түсіретін болса, оны басқа шешен келіп өлтіреді» депті.
Бұдан кейін бірде-бір режиссер мұндай тақырыпқа жоламайтын бопты. Мұны намыс дейді. Сол намыс, рух, ар-ұят деген қазақтан қалған.
Біз қазір Жапонның технологиясы мықты деп таңғаламыз. Ал сол Жапонның экономикасы алдымен отбасы экономикасынан басталатындығына мән бермейміз. Баланы сәби кезінен еңбекке баулиды, ал еңбектене білу, зор өркениетке жеткізеді.
Ал біздің ата-бабаларымыз ұрпағын еңбекке тәрбиелемеді ме? Үлгі тұтып, біреуге тамсанғанша, өзіміздің түп-тамырымызға үңілейік.
Ешқандай жоғары білімі жоқ аналарымыз қандай ұрпақ тәрбиелеген, осыны бір сәт ойланып қарайықшы! Біз қазір білімдіміз, екінің бірінде жоғары білім, тіпті доктор, профессорлық бар.
Ал ұрпағымызды қалай тәрбиелеп жүрміз? Өмірден кеткен ата-бабаларымыздың алдындағы парызымыз, ұрпақаралық сабақтастық қайда?
Егер біз анамыздың сүтімен, әкеміздің күшімен берілген асыл қазынамызды ұрпағымызға бере білмесек, біздің білімділігіміз бен доктор, профессорлығымыздың құны бес тиын.
Қазақ «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» дейді.
Біз отыз жылдан бері саясат, экономика деп жүріп, басты нәрсені, адамзат үшін ең негізгі ұрпақ тәрбиесін уыстан шығарып алып отырмыз.
Біле білсек, бұл жастардың емес, мына біздердің, яғни ата-аналардың, қоғамның, мемлекеттің қасіреті. Өйткені, нарық қыспағына тап болған, дәулеті шағын отбасынан шыққан жастар тұрмыс тауқыметке көп шалдығады.
Сондықтан бұл мәселеде мемлекет, қоғам болып ойлану керек.
Ана тәрбиесі, бала тәрбиесі басты назарда болу керек!
Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді.
Ал бүгінгі қыз – ертеңгі ана!
Қазағым «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» дейді. Жақсы мен жаманды қазір жастарымыз қайдан үйреніп жүр?
Әншілер үлгі-өнеге болған заман болды. Біз де әнді, күйді, өнерді теледидардан көріп өстік. Бірақ біз оларға еліктемейтінміз.
Біздер батыр, ғарышкер, еңбек адамы, жазушы, журналист, ғалым, мұғалім, дәрігер боламын деп өстік. Шетелдің қаңсығының бірі — «жұлдыздық», хайп деген ауру.
Қазіргі жастарымыз сол жұлдыздардың жалт-жұлт еткен әлеуметтік желідегі, ТВ өмірін үлгі тұтып, солардай болсақ деп жүр. Шын өнер, шын талант емес, бір-екі, ауыз адам түсінбейтін, не мән-мағынасы жоқ, ән айтқандар «жұлдыз», олар танымал!
Ондай жолға бару, қиын да емес! Біреуі қара пиар жасап, дау-дамай шығарады, енді бірі тыржалаңаш суретке түседі, болмаса мұздай суға шомылады. Тағы біреуі байлығын көрсетіп мақтанады!
Бір сөзбен айтқанда; «Атың шықпаса, жер өрте»! Осыны көрген ұл-қыздарымыз басты ауыртып еңбек жасап қайтемін, танымал, бай болу оңай екен дейді.
Билік боп, қоғам болып, ұрпақ тәрбиесін қолға алайық, қыздарымыз кешегідей жағдайды қайталап, көлденең көк аттыға еріп жүрмесін десек, қоғамды тәрбиелеу керек!
Жаңағы оңай жолмен болатын жұлдыздарға тосқауыл болу керек. Кеңес кезінде әншіміз аз болса да, олар сапалы болатын. Олардың әр әнін қазақ жатқа білетін.
Телевидение, әлеуметтік желі әншілерді, коучтерді насихаттап, жастардың миын уламай, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, тағылымды дүниелер көрсету керек.
Ұятсыз, арсыз, жастардың нашар жолға түсуіне себеп болып жатқан хабарларға, шоуларға, арзан, жалаң күлкіге тыйым салу керек!
«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын», -дейді қазақ. Сол әншілер, «жұлдызсымақтардың» ТВ көлбеңдеп, өздерін жарнамалап, жүргізуші болуына тоқтау салу керек!
Ұрпаққа ұлттық тәрбие беретін орталықтар, институттар, мекемелер құрылсын!
Ұрпақты өтірікке, жалғандыққа, оңай жолмен жетістікке жету дегенде итермелеп отырған, ойлау, білу қабілетін дамытпайтын, білім саласындағы тестерді құрту керек!
Білім министрлігі тек білім ғана емес, ұрпақтың тәрбиесіне де назар аудару керек!
Әл Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауына» айналмай тұрғанда, ұрпақ тәрбиесін қолға алатын кез жетті!
Әр ұлттық өз ерекшелігі, өз болмысы болады. Ол болмыстан ажырамаудың бірден-бір жолы- өзіңнің бабаңнан келе жатқан, өзіңнің ұлттық құндылықтарың, тәлімің-тәрбиең!
Мұстафа Шоқай: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»,- деген екен.
Біз ұрпақ тәрбиесінде ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика негіздерінен алшақтап кетіп отырмыз.
Соның жемісі – діні мен ділінен адасқан ұрпақ, тыржалаңаш денесін көрсетіп хайп жасап жүргендер, ұлттық киімді қорлап жүрген қыздарымыз бен ұлдарымыз!
«Қыз тәрбиелей отырып- ұлтты тәрбиелейміз»,- деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді.
Ұлттық тәлім-тәрбие алған қыз өскенде жақсы келін, аяулы ана болатыны сөзсіз. Константин Дмитриевич Ушинский айтқандай «Тәрбие дәрменсіз болмауы үшін ол халықтық болуы тиіс» — дейді, яғни әрбір ұлттың өзіндік дәстүрін, салтын сақтап, сол рухани рухта тәрбиелеуге баса назар аудару қажеттігін ескерткен.
Ұрпағының тәрбиесін дұрыс жолға қойған халықтың болашағы жарқын. Көне ойшыл, білімпаз Ризауддин Ибн Фаруддиннің «Әйелдері тәрбиелі болған халық – тәрбиелі, әйелдері тәрбиесіз болған халық – тәрбиесіз»,-деген екен.
«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» – деп, кезінде ғалым М. Жұмабаев айтып өткеніндей, ұлт тәрбиесін білім алушыға дұрыс деңгейде бере білсек, бүгінде белең алып жатқан ұл-қыздарымыздың арасындағы келеңсіз оқиғалар болмас еді.
Сонда ғана хәкім Абай атамыз айтқандай, «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар» қыздарымыз, қазақтың рухы биік, білімге, мәдениетке ұмтылған, бәсекеге қабілетті ұрпағын дүниеге әкелмек!
Оның бір-ақ жолы бар, ол – ұлттық құндылыққа, қазақтың даналығына, асыл мұрасына негізделген, ұлттық тәлім-тәрбие!
Біздің “Қара шаңырақ” авторлық жобасының да мақсат-мүддесі осы!
Тұрар Сәттарқызының фейсбук парақшасынан