Ұлтының жоғын түгендеген жанашыр
Қалқаман Хасенұлы Жақыпты Тобыл жұртшылығына, әсіресе, қазақтілді газет оқырмандарына таныстырып жатудың өзі артық. Олай дейтініміз, Қалекең ұлтымыздың мүддесіне қызмет ететін баспасөзбен бірге жасасып келеді. Газет – ол кісінің сырласы. Қалқаман ағамыз аймақтық, республикалық басылымдардың авторларының бірі ғана емес, ең салмақты, өзекті, түйткілді ойды қозғап, ұлтымыздың жоғын түгендеген жанашыр десек болады. Саркідір сақа, ойлы оқырманына талай түйіні тарқамаған мәселені көлденең тартты. Әсіресе, сонау кеңестік заманнан бері баз кешіп келе жатқан ана тіліміздің мүшкіл халін жоғарыдағы билікке жеткізіп, оның мәртебесін көтеріп, өңіріміздің қоғамдықсаяси өміріне бір кісідей атсалысқан жан деп атар едік.
Сонау сексенінші жылдардың аяғында Қазақ КСР-інің әлі ыдырамаған кезінің өзінде ана тілімізге араша түсіп, қазақ тілін мекемелерге енгізуді міндеттеу туралы шыр-пыр болған санаулы азаматтың бірі – біздің Қалекең. «Сол заманда мекемелердегі жазулардың алдымен қазақ, сосын орыс тілінде жазылу қажеттігін айту үшін оның басшыларына барып, ұқтыруға тура келетін. Сол уақытта аймағымызда «Қазақ тілі» қоғамы енді құрылып жатқан кез. Қоғамдық ұйымның біреуге бәлен деп міндеттейтін құзыреті жоқ. Тек осылайша түсіндіру жұмыстарын жүргізуден әрі аса алмаймыз» деп жазыпты өзінің бір сұхбатында. Табиғаты соншалық биязы көрінгенмен, ішкі сарайынан ат дүбірі естілген Ақтамберді, Махамбеттердің өр, асқақ мінезін байқап тұрасыз. Сөз саптауында ірілік тұр. Бұлай дейтін де жөніміз бар – осыдан дәл жиырма жыл майталман журналист Сырлыбай Бүркітбаев ағамыз «Ер Хасеннің Қалқаманы» деп аталатын мақала жазған екен. Онда Қалекеңнің арғы тегінің тегін болмағаны дәл сипатталған. Расында патшалық дәуірде өмір сүрген атасы Қосылбай сол заманның әділетсіздігіне қарсы шығып, Сібірге жер аударылғалы тұрғанда, атақты Балғожа би араша түскен деседі. Ал Қалекеңнің әкесі Хасеннің де көзсіз батырлығын ауылдастары ұзақ уақыт айтып келіпті. Соғыс жылдары шекара бойында отырған Кеңарал ауылының еркек кіндіктілерінің жоқтығын пайдаланып, Қорған жағынан ұрылыр келіп, ауылдағы ұжымның малын айдап әкете береді екен. Онда бақташы болып жүрген Хасен атамыз қасына адам ертіп, Үй өзенінің арғы бетінен қарымта ретінде үйір жылқы айдап әкеле жатып, қуғыншылармен бетпе-бет келсе де, малды ауылға бір-ақ әкеледі. Міне, осындай өр кеуде Хасеннің артынан Қалқамандай ары мен намысы жоғары азаматтың ермеуі мүмкін емес еді. Тың игеру науқанының салдарынан талай мектептің жабылғаны анық. Бұл саясат Қалқаманның бала күнін айналып өтпепті – кейіпкеріміз бастауыш сыныптардан кейін оқуын облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттан жалғастырды. Алайда бұл оқу ордасы болашақ ғалымға үлкен даңғыл жол ашты. Биыл бір ғасырлық мерейтойын атап өтіп отырған атақты Мүршида Шайхымованың шәкірті екенін мақтан тұтады. Мүршида апайымыз Ыбырай ата мектебінде ұзақ жылдар ұстаздық етті. Ол кісіні Алланың қалауымен Қалқамандай шәкірттерінің алдында жүз жасап отыр десек, асыра айтқандық емес. Өмірінің 40 жылдан астам уақытында қазіргі Ахаң атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне арнап келе жатқан Қалқаман Хасенұлы кезінде мемлекеттік педагогикалық институт аталған шақта жоғары білім ордасының тарих мамандығының түлегі атанды. Студент күніндеақ қоғамдық-мәдени, бұқаралық шаралардың басы-қасында жүріп, өзінің нағыз белсенді екенін көрсеткен жан. Оқу ордасы мен партия басшылығының алғысына талай бөленді. Тіпті, 1971 жылғы І бүкілодақтық студенттер құрылтайына облысымыздан барған санаулы адамның бірі де – біздің Қалекең болатын. Институт қабырғасында жүріп-ақ қазақ жастары арасында «Жігіттер» би ансамблін құрып, қалалық, облыстық өнер байқауларында жүлделі орындар алып, тіпті, республикалық фестивальге жолдама алады. Міне, Қалқаманның осындай белсенділігі жоғары бағаланып, студент күніндеақ «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Сол кездегі институт құрамы Қалқаманның Қара теңіз жағалауындағы бүкілодақтық «Артек» жасөспірімдер лагеріне жол бастап барғанын мақтан етеді. Ал қолына диплом алған соң, ауылға мұғалім болып кеткен озат түлегін институт басшылығының кейін қарай қызметке шақыруы – оның білімі мен жауапкершілігін, еңбекқорлығын бағалағандық деп білеміз. Институтта ұстаздық ете жүріп, жастар ұйымының хатшысы қызметін қоса атқарып жүрді. Сол жетпісінші жылдардың ортасында педагогикалық институтқа келген жас Қалқаман талаптылығының арқасында айналдырған бірнеше жылда еліміздің Ғылым академиясының аспиранты болып шыға келді. Бастапқыда КОКП тарихын зерттеу ұсынылған екен, бірақ ұлтының болмысын сүйетін азамат фәлсапа бағытын таңдапты. Ұлттық саясат тақырыбында философия ғылымынан кандидаттық диссертацияны абыроймен қорғап шықты. «…мемлекеттік тіл мамандарының тапшылығы, қазақ тілінде оқытылатын мектептер мен жоғары курстарда әртүрлі пәндерден сабақ беретін мұғалімдер мен оқытушылардың жетіспеуі… Сондықтан, қазақ мектептеріне институттарымыздағы қазақ факультеттері мен бөлімдеріне, сондай-ақ орыс мектептеріне мемлекеттік тілде оқытатын мұғалімдер даярайтын Қостанай мен Рудный педколледждерінде және Қостанай мемлекеттік университетінде жедел түрде мамандықтар ашу қажет» немесе «Көптеген қазақ басшылар сол баяғы ескі сарынмен мемлекеттік тілге ешқандай мән бермейді. Кеңселерде, мекемелерде іс қағазларын екі тілде жүргізу өте сылбыр. Бұл орайда аудармашы жоқ, қазақ машинисткасы жоқ, машинкасы жоқ деген сияқты түрлі сылтауларды тоғытады. Мәселеге шындап мән берген жерде, ықылас бар жерде бәрі де табылады». Бұл – Қалқаман Жақыптың 1994-1995 жылдары облыстық тілдер басқармасының бастығы қызметін атқарып отырғанда газеттерге жазған мақаласы, сұхбаттарынан үзінді. Сөз арасында әр мекемелердің, ұжымдардың басшылары тілге қатысты мәселеге келгенде, көңіл бөле қоймайтынын, есіктегі аты-жөнінің қазақ тіліндегі нұсқасына дейін қате, болмаса ұлтаралық тілде ғана жазылғанын қатаң сынапты. Қазіргі басшылардың арасында тілге қатысты осылай жанайқайын жеткізіп жүрген кім бар, айтыңызшы? Міне, бұл да «Қазақ тілі» қоғамы құрылғаннан бері ұйымның басы-қасында жүріп, тілімізге, дінімізге қатысты өліара шақты басынан кешірген ұлтының бір ұлының табандылығы еді. Қалекең ана тіліміздің жағдайына қатысты ойларын қазақ тілінде ғана емес, сонау тоқсаныншы жылы «Ленинский путь» газетінде орыс тілінде де жеткізіп, сол кезде құрылған «Қазақ тілі» қоғамының атқарар жұмыстарын тізіп өткен екен. Қарап отырсақ, ондағы көтерілген мәселе қазіргі мемлекетіміздің де, қоғамымыздың да ұстанымы екенін ағамыз осыдан 26 жыл бұрын дәл атап келтіріпті. Ұлтжанды азамат тәуелсіздік алған жылдардан бері облыстағы бірқатар қызметтерді басқарды. Атап айтсақ, алғаш болып құрылған облыстық тілдер басқармасының бастығы, тілдер және діни бірлестіктер бойынша облыстық басқарма басшысы, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы насихат бөлімінің басшысы, облыстық мұрағат және құжаттар басқармасының басшысы қатарлы бірқатар лауазымды қызметтерді атқарды. Сол тоқсаныншы жылдары облыстық ономастика комиссиясында Қалқаман Жақыптың төраға болғаны да заңды еді. Сол кезде ағамыз ғылыми негізде бірқатар жер-су, елдімекендердің байырғы атауларын қайтару жөнінде зерттеулерге, ел аузынан жеткен көпке белгілі әңгімелерге сүйене отырып жазған пікірлері қай кезде де маңызын жоғалтпақ емес. Және сол жолда бірқатар еңбектер жасалды. Аудандардағы ауылдардың кейбірі өздерінің бұрынғы атауларын қайтарып алды. Қала көшелері де өңірімізге, елімізге қатысы жоқ есімдерден тазартылды. Олардың орындарын халқымыздың біртуар ұлылары иемденді. Жалпы, ағамыздың қай қызметте болмасын, ұлтымызға қатысты небір орамды ойларын үнемі көтеріп отырғанын осыдан-ақ бағамдай бересіз. Және мұндай талап-ойларының барлығын биік мінберлерде де, облыстық, республикалық басылымдарда жеткізіп келеді. Ал аймағымыздағы баба дініміздің де көркеюіне зор үлес қосқан азаматтың бірі деп Қалқаман Хасенұлын атар едік. Және еліміздің көші-қон, жалпы, қазақ диаспорасының қалыптасуы мен шетелдердегі қандастарымызды елге әкелу мәселесі жөнінде біраз еңбектер жазды. Былтыр облыстық әкімдіктің «Қоғамдық келісім» мекемесі «Перспектива» ғылыми білім беру орталығы жанынан осы мақалаларының көбі «Бір мақсат – ортақ тағдыр» атауымен топтама болып жарық көргенін атап өткен абзал. Бүгінгі таңда Қалқаман Жақып Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік университеттің профессоры. Тарих, мәдениет, тілдерді дамыту, қазақ диаспорасы, көші-қон, этникалық қарым-қатынас, ұрпақ тәрбиелеу қатарлы рухани тақырыптарда 150-ден астам мақала жариялап, республикалық, халықаралық ғылыми конференцияларда сөз сөйледі. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Социология негіздері» оқулығының серіктес авторы. Ағамыз ұлтаралық татулықты ұстанған мемлекетіміздің саясатын қолдаушы азамат. Соның ішінде тоқсаныншы жылдардың экономикалық қиын-қыстау заманында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық рухани ұйымымен етене аралас. Биыл жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, ғалым, өңіріміздің рухани тірлігіне зор үлес қосып келе жатқан азамат мерейлі 70 жасқа толып отыр. Айтпақшы, ағамыздың салауатты өмір салтын ұстанатынын ел біледі. Спортқа бейімділігін, талай марафондарға қатысып, ұзақ шақырымдарды еңсеріп, мәре сызықтарын кесіп өткен кездеріне талай куә болғанбыз. Әрине, Алланың қалауымен осындай денсаулық барда Қалекеңнің жүзге жететініне күмәніміз жоқ әрі соны тілейміз.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Қостанай облысы