ҰЛЫ АБАЙДЫ ҰЛЫҚТАУ АРҚЫЛЫ – РУХЫМЫЗ ЖАҢҒЫРАДЫ

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел ішінде үлкен рухани сілкініс тудырғаны рас. Мақалада айтылғандай – тарлан тарихтың әр беті — жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы, рухани дамуымыздың бағдарламасы. Халықтың рухының бүтіндігі – мәңгілік мәселе. Осы айтқандарды бір сөзбен түйіндесек, «Рухани жаңғыруды» маңызды саяси-идеологиялық құжат деп айтуға әбден болады.

 ҚР Парламентінің депутаттық корпусы да аталған мақаладан туындайтын мәселелерге қатысты кешенді іс-шаралар атқаруда. Ел ішіне жиі шығып, бағдарламаның әрбір тарауы бойынша жүйелі насихат жұмыстарын жүргізуде. Қазан айының басында Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің 15 депутаты Шығыс Қазақстан, Семей өңірінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп қайтты.

 Сол сапар барысында көзбен көріп, көңілге түйген бірқатар мәселелерді, пікір-ұсыныстарды депутаттар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.А. Досаевқа депутаттық сауал етіп ұсынды.  Елдігімізді танытатын, ұлыларымызды ұлықтайтын сәт туғанда «Қазақстан Заман» газеті шет қалып көрген емес. Бұл жолы да депутаттардың жан айқайына, талап – тілектеріне қосылады.

«Семей – ең алдымен ұлы Абайдың елі. Абай Құнанбайұлы – қазақтың бас ақыны, терең ойшылы ғана емес, сонымен бірге өзі көтерген ісімен де, артынан мұраға қалдырған өлмес сөзімен де ұлтты бір арнаға ұйыстырар тұлға. Ұзақ жылдар отарға түскен ұлттың серпілісіне рухани ұйытқы болған тұлға. Сол себепті тәуелсіздіктің 1995 жылы Абай жылы болып жарияланған еді. Бұл қазақ елін әлемге танытатын ұлттың дара тұлғасын ұлықтаумен ұласып, Президент Н. Назарбаев ЮНЕСКО-ға Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге ұсыныс жасады, ол жаһандық беделді ұйымнан қолдау тапты. Сөйтіп, ақынның 150 жылдығы тұңғыш рет кең көлемде атап өтілді. Содан бері де біраз уақыт өтіпті. 2020 жылы данышпан Абайдың туғанына 175 жыл толады. Осы ұлық мерекені өз мәнінде атап өтуге дайындықты бүгінгі күннен бастаған жөн. Ол және еліміз көлемінде өтіп жататын түрлі мәдени-рухани шаралардан тақырыбы, мазмұны, тіпті көлемі жөнінен де мүлде бөлек, тың тұрпатты жағдайда ұйымдастырылса деген тілегіміз бар. Нақтылы ұсыныстарымыз: Бірінші. Семей қаласынан Абай еліне, Қарауылға, Жидебайға баратын жолдың сапасы сын көтермейді. Бұл жол әрі-беріден соң мұқым Құнанбай әулеті, ақынның ұлы аналары, Шәкәрім қажы т.б. мәңгі жай тапқан мекенге бастап апаратын жол ғана емес – Абай жолы. Сондықтан 181 шақырымдық Семей-Қарауыл жолын күрделі жөндеп қана қоймай, оның «Абай жолы» екендігін айғақтайтындай форма, мазмұн берілсе, арнайы ескерткіш белгілер орнатылса. Екінші. Қарауыл, Жидебай сынды, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен әлеуметтік-саяси өміріндегі маңызды орын алатын қасиетті орындар – бүгінде ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретіндегі нысандар. «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті жерлерін» белгілеу мақсатында құрылған ғылыми-сараптамалық кеңес еліміздің сакралды жерлерін анықтау, ғылыми тізімдеу мен жүйелеу барысында Абай елін ерекше ескерсін. Үшінші. Жыл сайын Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында республикалық «Абай оқулары» байқауы өтіп келеді. Байқау мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы ұрпақтың қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатын көздейді. Міне, осы байқаудың аясын кеңейтіп, халықаралық деңгейге көтеру керек. Байқаудың дәрежесін, мәртебесін арттыру мақсатында оның жеңімпаздарына мемлекеттік оқу гранттарын тағайындаса, шетелдерде оқуларына мүмкіндік туғызса деген ұсынысымыз бар. Сонымен қатар, ұлттық рухтың ұлы тұлғалары Қорқыт ата, Жамбыл, Мәшһүр Жүсіп т.б. оқулары облыстарда ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне де осындай жеңілдіктер берілсе құба құп. Төртінші. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобаларының аясында еліміздің тарихи-мәдени мұраларын біріктіретін «Сакралды карта» жасалып жатқаны белгілі. Сакралды карта – бір жағынан өлке тарихын зерттеудің баға жетпес көзі және екінші жағынан – өз жеріңе, еліңе деген патриоттық қарым- қатынасты қалыптастырудың негізі. Үшіншіден, сакралды карта туристік кластердің айнымас бөлшегіне айналады деп күтілуде. Осы орайда соның бастау қайнары – ұлы Абай елінен басталып, Абайдан шыққан соқпақ, Ақмешіттен Алтын Шоқыға, Жанткенттен Жентке, Тараздан Теректіге, 3 Саураннан Сарайшыққа, Қарабурадан Қараханға, Оқшы атадан Ойсылқараға және Ұлағатты Ұлытауға ұласатынына сенімдіміз.

Осы депутаттық сауалға жауапты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 27-ші бабына сәйкес жазбаша беруіңізді сұраймыз».

Құрметпен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері:  Н. Дулатбеков Н. Әбдіров В. Олейник А. Смағұлов С. Бычкова Г. Бижанова А. Жаилғанова С. Имашева Б. Кесебаева Е. Козлов А. Қожахметов Қ. Мусин С.Абдрахманов

«Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Б. Дүйсенбинов,

«Халық коммунистері» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі М. Магеррамов,

Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Н. Микаелян.

 

Нағашыбай Қабылбек