Ұлы ашаршылық қырғынына – 90 жыл

НӘУБЕТ

ХХ ғасырда қазақ даласы алып зиратқа айнала
жаздады. Түрлі-түрлі соғыс, төңкерістер, неше рет оралып келген жұт бар, мың түрлі құбылған репрессиялар бар. Осы аласапыран уақыттарда, демографтардың есебінше біз 3-3,5 миллион қазақтан айырылып қалыппыз. Жер шарында басқа бірде бір ұлт мұндай нәубет, алапатты бастан кешпепті…

Қазақтың басына түскен сол азапты жылдардың ең қасіреттісі, ең сұмдығы – ұлттың жартысынан көбін жалмаған 1932-1933 жылдардағы ашаршылық екен. Қандастарымыз, бауырларымыз ауыр азаппен көз жұмған сол нәубетке 90 жыл толып отыр. Бұл еш уақытта, ешқашан ұмытуға болмайтын қасірет.

Міне, сол зұлмат жылдардың зобалаңын көзімен көргендер, көзбен көргендердің әңгімесін құлағымен естіп, көкейіне түйгендерде қалмай барады. Мына әңгімені маған сондай көнекөз, құймақұлақ ақсақал Жезді өңірінің тумасы – Тоғанбай әкей айтып еді. Ол мұны әкесі – Жамболдан естіпті. Әңгіме – Сәтбаев қаласы мен Жезді кентінің ортасындағы «Ақтасты бұлақ» басындағы қалың қорымның тарихы.

…Қызылдардың қанды құрығы бірінші тиген Торғай өңірінің халқы топалаң тигендей болды. Аштықтан бұратылып өлген халықта шек жоқ. Шамасы келгендер ата жұртын тастап Арқаға қарай ауды. Ол жақта өндіріс бар. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген, өндірісті өңірге бір жетсек аш өзекке алдау болар бірдеңе табылар деген үмітпен қалың қыпшақ Қарсақбай, Байқоңыр өңірін бетке алған еді. Сондай шұбырынды көштің бірі Батбаққарадан да шыққан болатын. Жол бойы зорман, тышқан аулап, талғажау ете жүріп жылжыған ашпажалап көштің алды осы «Ақтасты бұлаққа» келіп жетті. Ал, соңы иен далада қалды. Көмусіз қалды. Қасындағы серігінің аларған көзін алақанымен уқалап жауып, жүзін топырақпен жасыруға елдің дәрмені де жоқ еді. Еңкейсе етпетінен түсетіндей. Ал, етпетінен түссе, қайтып тұра алмасын өздері де сезеді.

Бала Жезді өзенінің бойындағы оншақты үйдің бас көтерері Жамбол болғандықтан елді мына қырғыннан аман алып қалудың жолын іздей бастады. Жыланды өзенінің бойын жайлап отырған ағайындармен ақылдасып, Сырға қарай сырғу да ойында бар. Сол оймен Жамбол таң ата жолға шыққан болатын. Сәске түсте «Ақтасты бұлаққа» жетті. Осы жерден сусындап алмаққа бұрылып еді, бұлақ басындағы адам қарасын көріп ол райынан тез қайтты. Артынған жүгі жоқ демесең көшке ұқсас. Және киім порымдары да бұл өңірге ұқсамайды. Аштықтан босыған ел екені белгілі. Қанша шөлдеп тұрса да Жамболдың босқындарға таянуға батылы бармады. Кім біледі, көзі қарауытқан ел өзіне бас салса, қашып құтылар мұның да қауқары шамалы.
Төбе басындағы кісіні көрген босқындар да ұлардай шулап қоя берді. Жел әкелген дауыстардан еміс-еміс ұққаны «Бауырым», «Қарсақбай», «Байқоңыр», «Батбаққара», «Жөн сілте» деген сөздер ғана болды. Жамбол күйініп кетті.

– Уа, қарғыс атқыр зар заман-ай! Адамды-адамға жау етіп қойған қу тірлік! Мына байғұстарға жөн де айта алмадым-ау, – деп басындағы жұлым-жұлымы шыққан бөркін жерге атып ұрды. Сосын бірі құлап, бірі тұрып бері жылжып келе жатқан босқындардан бойын аулақ салып бара жатып:

– Бауырлар, осы жерде аялдай тұрыңдар. Мен мына Жыландыдағы ағайындардан адам ертіп келіп, сендерді Жезді өзенінің бойына жеткіземіз. Сәл шыдаңдар, – деп айқайлап, өзі төбені айнала берді…

Қасында аштыққа әлі бой алдыра қоймаған төрт-бес жігіт бар Жамбол Ақтасты бұлаққа іңір түсе оралғанда сұмдық оқиғаны көрді. Манағы босқын елдің бір жаны тірі қалмапты. Бірі бұлақтың суына бас қойған қалпында қалған. Енді біреулері соқпақ жолға жете жығылыпты. Ал, көпшілігі төбе етегінде бір-біріне сүйенген күйі жан тәсілім еткен.
– Бұлар кімдер болды екен, – деп сұрады жас жігіттердің бірі босқындарды бір жерге жинап, бетін топырақпен, таспен жасырып болғаннан кейін.

– Манағы бір әзірде «Батбаққара» деген сөзді құлағым шалып еді. Бұлар сірә мына Батбаққара жақтан ауған ел болар, – деді Жамбол жүресінен отырып жатып, сосын білетін аятын бастап кетті.

Иә, бұлар шынында да Батбаққарадан бас сауғалап, ашыққан жандарына талшық іздеп босыған ел еді…

 

***   ***   ***

Дәл осындай болмаса да осыған ұқсас мына бір әңгімені марқұм шешем айтып отырушы еді. Ол да азапты жылдардың ақиқаты іспетті…

 

Ел ішін жайлаған аштықтың Дулығалы өзенінің бойында отырған шағын ауылға да жеткеніне айдан асып барады. Әуелде өзеннің балығын аулап, төңіректегі тышқан мен зорманның індеріне қыл тұзақ құрып аш өзекке алдау болар бірдеңелер тауып отыратын еді, күн өткен сайын олар да азая бастағандай. Сірә, босыған жұрт судың балығы мен түздің тағысын да түгессе керек. Алғашқыда қауымдасып күн көріп отырған ел енді әркім өз қамын ойлап, бет-бетімен кетті. Оның бірі азын-аулақ зорман, тышқан ұстап қайтып жатса, енді біреулері таза оралмады.

– Ауыл қаңырап қалды, – деді қараша үйге түнере кірген еңгезердей қарасұр жігіт. Үйдегі екеу үрпиісіп қалды.

– Жаппас пен біз ғана қалыппыз. Басқалардың бәрі босып кетіпті, – деді сосын ол іргеге бос қапшығын тастап жатып.

Бұл бір атадан қалған екі жігіттің үлкені – Жамау. Кешегі тыныш заманда құдыққа құлаған құнан өгізді мүйізінен ұстап тартып шығаратын, белдескеннің белін қайыстыратын балуан еді. Мына аштық оны да титықтатуға айналған сыңайлы. Ал, екінші – Жуан. Денесінің етжеңділігінен бала жастан солай аталып кетсе керек. Үшінші адам – Жуанның әйелі Қамила.

– Құдай-ау, көрсетпеген тағы қандай сұмдығың қалып еді…

Қамила сыңси бастап еді, қайнағасы тыйып тастады.

– Тәйт әрі, Құдайға тіл тигізбе. Бұл көктегі құдайдың емес, жердегі «құдайлардың» зорлық-зобалаңы. Қарғысыңды соларға айт.

– Иә, Кеңес деген кеңкелестің ісі бұл. Әуелі малыңды алды. Енді жаныңды алып жатыр. Бүйте берсе жер бетінде тірі жан қалмас.

Әйелі Қамила шошып кетті. Әуелі әлдебіреулер тыңдап тұрған жоқ па екен дегендей сақтық жасап, жан-жағына қарап алды да:

– Мал құлағы саңырау, абайлап сөйле. Белсенділердің құлағына әлгі сөзің жетер болса, аштықтан бұрын ажалың жетер.

– Келін рас айтады. Бұл күнде адам адамға қасқырдан бетер қас болып алды ғой. Аузыңа абай болмасаң, көмусіз қаласың…

Кенет төменгі үй жақтан қыз баланың шыңғырған дауысы жаһан даланы жаңғыртып жіберді. Үйдегі үшеу де селк ете қалды. Ең бірінші болып есін жинаған Жамау шапанының етегін жедел белбеуіне қыстырды да:

– Дауыс мына Жаппастың үйінен шықты. Сірә, не өзі не әйелі жантәсілім етті-ау. Барайық.

Үш жан үйден іркес-тіркес жүгіре шықты. Беттері төмендегі Жаппастың үйі. Сүріне-қабына үйге жетіп келсе, киіз есік жымдасып жабылған екен. Әрі-бері тартып көріп еді, ашылмады. Ашуға булыққан Жамау күшке салып сілкіп қалғанда шаңыраққа байланған бауы порт етіп үзіліп, туырлық табан астына түсті. Сонда барып үйдегі сұмдықты көрген үшеуінің де төбе құйқалары шымырлап, жон арқаларынан сұп-суық жылан жүріп өткендей болды.

Үй ішіндегі жағдай шынында да жантүршігерліктей еді. Босағадан сәл әрі, керегеден қос қолдап ұстап алған әйелдің үсті қып-қызыл қан. Түрі адам шошырлық. Көзі ұясынан шығып кетердей. Аузы да бір жағына қарай қисайыңқырап тұр. Бетінде қан-сөл жоқ. Бейне, тірі аруақ. Ортада тұрған Жаппастың да үсті-басы қан-жоса. Киіз есік жұлынып түскенде сасып қалғаны соншалық, екі қолын артына тыққыштап, төрге қарай шегіншектей берді.

Үйге кіргендер бір сұмдықтың болғанын сезе қойды. Сұмдық оқиғаның астарын сезе қойған Жамау Жаппастың жанына жетіп барып:

– Әй, әбілет, бала қайда? – деді ақырып.

Тізесі дірілдеген Жаппас көзі алақ-жұлақ етіп үндемеді. Осы кезде манадан үнсіз қалшиып отырған Жаппастың әйелі Бикен аңыраған күйі босағадағы шидің үстіне етпетінен құлады.

Жамау енді Жаппасты тастай салып, әйелді жатқан жерінен жұлып алды. Қос қолымен шиді шеңгелдей ұстаған әйел айырылар емес.
– Өй, әбілет, – деп Жамау әйелді тымақ құрлы көрмей шимен бірге төрге қарай лақтырды.

Шидің астындағы жағдайды көргенде Қамила шыңғырып жіберді. Анау-мынаудан тайсалмайтын Жамаудың өзінің жүрегі бүлк ете қалды. Жуан көзін қолымен көлегейлей қойды.

Ши астында қол-аяғы бөлшектеліп, шек-қарыны шұбатылған, екі көзі бақшиған баланың сойылған денесі жатыр.

– Сұмдық, сұмдық, – деген Жуан әйелі Қамиланы демеген күйі есікке қарай шегіншектей берді. Үшеуінің де одан әрі қарап тұруға дәттері жетпеді. Сол шегіншектеген күйі үйден шығып кетті.

– Бұл сұмдық қой. Өз баласының етін жегенде, аштықтан солай аман қалғанда, бұл жазғандар қалған ғұмырларын қалай өткізбек?..

Жуан әлгіндегі сұмдық көрініске не ақтау айтарын білмеді.

– Аштық олардың ақыл-есін әбден алған ғой, – деді Жамау інісінің сауалына орай. Әлден уақытта барып Жамау інісі мен келініне:

– Мына нәубеттен аман қалудың жолын ойлайық. Оның үстіне, мына оқиғадан кейін бұл жерде қалуымыздың өзі ақымақтық болар. Елдің соңынан ерейік. Мына іргедегі Байқоңыр жаққа барамыз, – деді.

– Ол жақта көмір шахтасы ашылып, жұмыс береді екен дегенді естіп едім. Екі қолға бір күрек сол жақтан табылар. Тек, соған аман-есен жетуімізді ойлайық.

Үшеуі осы тоқтамға келді де, «Байқоңыр қайдасың?» деп жолға түсті…
Ізтай Белгібайұлы.