«Ұлы Дала елі ұлықтайтын күн» (Фото)
Күні кеше ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Ұлы Дала елі ұлықтайтын күн» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси қызметі, тұлғалық қасиеті жайында болды. Сондай-ақ, елдің қалыптасуы мен дамуына Елбасының қосқан үлесі, саяси аренадағы көшбасшылығы мен стратегиялық қадамдары туралы да баяндалды.
Дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаттанушыла, зиялы қауым өкілдері және Елордадағы жоғарғы оқу орындарының студенттері, БАҚ өкілдері қатысты. Шарада сөз алған абайтанушы, ғалым Ғарифолла Есім: «Қазақ талай жыл Ресейдің боданында болды. Қазақ азаттықты аңсады. Сол арман 1991 жылы 1 желтоқсанда орындалды. Барша қазақ елі болып сайлауға қатысып, 98 пайыз дауыспен Нұрсұлтан Әбішұлын сайладық. Сол сайлау біткеннен кейін біз қатты қуандық. Себебі, қазақ өзінің азаттығына қол жеткізді. Өзіміз өз болып бірінші Президентімізді сайладық. Сондықтан да, Қазақақстан үшін 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесінің орны ерекше», – деп, аталған мерекенің маңыздылығына тоқталды.
Ел Президентінің сарабдал саясаты мен шебер басшылығының арқасында Әлемдік қауымдастық Қазақстанды экономикасы тұрақты, ядролық қарудан бас тартқан, дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінге дейінгі жеткен жетістігінің барлығына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қосқан үлесі зор.
Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты Елбасының еңбек жолын үлгі ете отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.