«Ұлы дала» этнофестивалінде Біржан сал Қожағұлұлы мен Майра Шамсутдинова ән шырқады

Павлодарда өтіп жатқан «Ұлы дала» этнофестивалінде «Қоянды жәрмеңкесі» театрландырылған көрінісі өтіп, оған үш жүзден астам адам қатысты. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков қойылымның «Қоянды жәрмеңкесінің» 170 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғанын айтты.

—    Қоянды жәрмеңкесі — тарихи жәрмеңке, — деді Ардақ Райымбеков. – Осы жәрмеңке арқылы Павлодардың белгілі тұлғалары өз өнерлерімен халыққа танылған болатын.  Әрі биыл жәрмеңкенің мерейтойы. Сондықтан фестивальде жәрмеңке туралы көрініс жасауды жөн көрдік. Жәрмеңкеде Біржан сал мен Майра Шамсутдинованың рөлі сомдалды. Оған жергілікті өнерпаздар және өзге өңірден шақырылған әртістер қатысты.

Біржан салдың рөлін Алматы қаласындағы консерваторияда білім алып жатқан павлодарлық дәстүрлі әнші – Дәуренбек Слямғали сомдады. Ал, Майраның рөлінде ән шырқаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова. Ұлжан Айнақұлова Майраның образын сомдау бақыт екенін айтты.

—    Бүгінгі шараға Алматыдан келіп тұрмын, — деді Ұлжан Айнақұлова. – Керекудің Майрасын бәрі біледі. Әркім Майрадай болғысы келеді. Павлодар елінде осындай мерекелер көбейе берсін. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жасыбай жағасында Майраның әнін шырқаған болатынмын. Халық содан ұнатып шақырып отыр деп ойлаймын.

Сонымен қатар, Павлодар облысының әр ауданынан бір-бір арба шеруге шықты.Айта кетейік, «Қоянды жәрмеңкесі» қойылымы 20 минутқа созылды.

Әлихан Рахметоллаұлы