«Ұлы дала» этнофестивалінде даңқты жерлестерге арналған іс-шаралар өтеді
Павлодар облысында алдағы аптаның соңында өтетін «Ұлы дала» этнофестивалінің шеңберінде 3-ші тамыз күні Ертіс өзенінің жағалауында дәстүрлі әнші, композитор Естай Беркімбайұлының 150 жылдығына арналған «Ертістің ерен Естайы» атты республикалық дәстүрлі әндер фестивалі өтеді. Сондай-ақ, 4-ші тамыз күні дәл осы сахнада С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театры павлодарлық көрермендерге «Көмекей әулие – Бұқар жырау» тарихи драмасын ұсынады.
Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясы концерттік-гастрольдік бөлімінің меңгерушісі Гүлсамиға Мұқанованың айтуынша, республикалық байқауға 26 номер дайындалып жатыр.
— Фестивальге еліміздегі ең танымал дәстүрлі әншілер, ҚР Мәдениет қайраткерлері, Еңбек сіңірген әртістері мен ансамбльдері қатысады, — деді Гүлсамиға Мұқанова. – Астана, Алматы, Атырау, Петропавл, Талдықорған, Павлодар қалалары мен Шығыс Қазақстан облысынан дәстүрлі ән шырқайтын шеберлер келеді. Олардың арасында өз аймақтарында танымал Айгүл Елшібаева, Нұржан Жанпейісов, Жанат Айтбаев, Қайрат Кәкімов бар. Олар Естайдың қалың қазаққа танымал «Құсни — Қорлан», «Бір мысқал», «Сандуғаш», «Жай қоңыр», «Юран-ай» және басқа да әндерін орындайды.
Бұқар жырау Қалқаманұлының 350-жылдығы аясындағы мәдени алмасу шеңберінде С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театры «Көмекей әулие Бұхар жырау» тарихи драмасын сахналайды. Театрдың директоры Сансызбай Бекболатовтың Абылай ханның ақылшысы болған жырау жайындағы тарихи драма туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
— Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл толуына орай актер-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты К. Жұмабековтың «Көмекей әулие – Бұқар жырау» тарихи драмасы таңдалып отыр. Бұқар жырау Қалқаманұлы өз заманындағы тарихи оқиғалардың куәсі болған, елдің бірлігі мен ынтымағы, қазақ жерінің тұтастығы үшін бар күш-жігерін жұмсаған қазақ жырауы, мемлекет қайраткері. 1668 жылдар шамасында туған Бұқардың арғы тегі — арғын. Әкесі Қалқаман жаугершілік заманда ерлігімен аты шыққан батыр болған. Жыраудың өмірі мен шығармашылығы Арқа өңірімен тығыз байланысты, — дейді Сансызбай Бекболатов.
Тарихи деректерге сүйенсек, өз заманындағы жандардың арасында Бұқар жырау «Көмекей әулие» деген пікір қалыптасқан. Белгілі ғалым, фольклоршы, жыраудың тұңғыш биографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев ол жөнінде «Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды» деп жазады.
— Тарихи драма 11-12 жасқа дейін сөйлей алмаған бала Бұқардың тілінің шығуына себеп болған әкесі екеуінің арасында болған оқиғадан басталып, оның өмірінің белді-белді кезеңдерін қамтиды. Қойылым «Көмекей әулиенің» қалыптасу кезеңінен тартып, ханның кеңесшісі бола білген көрегендік рөлі тарихи дерек-фактілермен келтіріледі. Абылай ханның тұсында Бұқар жырау мемлекеттік істерге тікелей араласқан. Бұқар жырау шығармаларының басты тақырыбы – халқына, Отанына деген ыстық махаббаты. Театр ұжымының құрамынан 41 адам келеді. Олардың ішінде актерлар мен костюмерлер, жарық түсірушілер бар, — дейді Сансызбай Бекболатов.
Павлодарда 3-5 тамыз күндері «Ұлы дала» этнофестивалі өтеді. Шара «Павлодар – Астана» тас жолындағы Ертістің оң жағалауында өтеді. 100-ден астам киіз үйден тұратын этноауыл орнатылып, түрлі мәдени-сауық шаралары ұйымдастырылады. Фестивальге Қазақстанның танымал жұлдыздары Ернар Айдар, Әлішер Кәрімов пен «Жігіттер» тобы келеді деп күтіліп отыр.
Әлихан Рахметоллаұлы