Ұлы дала қазақтары ауылдан неге көшті?
Жастар ауылдан қашып жатыр…
Біз жыл сайын ауылдарды аралаймыз. Биылғы экспедициямызды «Ауыл рухани жаңғырудың қайнар көзі» деп атадық. Өңірлердің барлығында да болдық. Алғаш рет аралағанымызда жүздеген проблемалар алдымыздан атойлап шыққан. Солардың ең бастылары: жол, ауызсу, өз өнімдерін діттеген жерлеріне өткізе алмау, несие алу (мәселен тері, жүн, астық, т.б.). Қазір бұл көкейтесті мәселелердің дені шешілген, кейбіреулері ішінара шешілу үстінде. Осыдан оншақты жыл Батыс өңірлерінде, тіптен Қостанайда және басқа да жерлерде жолдың азабын көрдік. Қазір мүлдем басқаша. Несие алудың пайызы өте жоғары болатын. Қазір субсидия дейсіз бе, басқа да көп жылға берілетін несиелер дейсіз бе, бәрі бар. Ауызсу да жаман емес. Астық өнімдерін өткізудің проблемасы жоқ десе де болады. Әрине, тері, жүн мәселелері әлі толық шешілмей тұр.
Жалпы қазір ауылда тұрып, тіршілік қарекет жасаймын деген адамға жағдай бар. Байып, шалқып өмір сүріп жатқандар жетерлік. Бірақ қарап отырсаң олардың көбісі орта жастағы не одан жоғарыдағы жастағылар. Жастар бірен-саран болмаса аз. Неге бұлай? Олар өз ауылдарынан неге жеріп жатыр? Себебі неде? деген сауалдар топтамасы алдыңнан көлденеңдей береді. Төменде осы сауалдарға жауап ретінде ой-толғамдарымызды ұсынып отырмыз.
Тұрғындардың кету себептері:
1. Жұмыссыздық
2. Инфрақұрылымның болмауы
3. Бес түлік малдың азаюы
4. Техниканың жоқтығы
5. Мемлекеттік тараптан қамқорлықтың болмауы
Жағдай жасалғанда жастар неге ауылға оралғысы келмейді?
1. Тағы да жұмыссыздық
2. Айлықтың аздығы
3. Жемқорлықтың күшеюі
4. Инфрақұрылымның аздығы
5. Қалаға бауыр басуы
Экспедицияның ауылды гүлдендіру үшін жасаған тұжырымдамалары
1. Ауылға енді жастар оралмауға тырысады. Қазір онда негізінен орта жастағылар, қарттар қалды. Жап-жаңа техникаларға ие болатын жастар, мамандар жоқтың қасы. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өзінің қауқарсыздығын танытты. Осы бағдарламаны қаржылық жағынан, басқа да мәселелері жөнінен жастарға тиімділігін арттырып қайта қарау керек.
2. Ауылға мемлекеттің қамқорлығы, қаржының молынан бөлінуі жағынан кемшіндік жоқ. Бірақ олардың дені жемқорлықтың құрдымына кетіп жатыр. Сондықтан Елбасымыздың «100 нақты қадам» атты бағдарламасындағы 98 қадамындағы жергілікті өзін-өзі басқару мәселесін жүзеге асыру керек. Халықтың, мемлекеттің тарапынан қатаң бақылау қажет. Қазір жұмыс істеп жатқан бағдарламалардың да жемқорлардың жемтігіне айналмауының тетіктері жасалуы тиіс.
3. Ауылдың инфрақұрылымын күшейткен жөн. Бәлкім ауылдың қазіргі структурасын өзгерту қажет болар. Ауыл шаруашылығын дамытып, тиімділігін арттырған мемлекеттердегі жүзеге асып жатқан жүйелерін зерттеп, өмірімізге енгізу де өз пайдасын тигізетіні сөзсіз.
4. Ең бастысы ауылдың саны емес сапасын арттыру қажет. Қаладан жақын, орташа, алыс қашықтықта орналасқан ауылдардың мүмкіндіктерін саралап, оларға соған сәйкес жағдай жасау бұл да өмір талабы. Әр ауылдың табиғи, өңірлік жағдайларына да байланысты мамандандыруды ойластырылса.
5. Біздің газетімізде жем-шөп дайындауда толғақты, тиімді мәселелер көтеріліп, (авторы Қайыр Рахматуллин) олар министрлікке, халық қалаулыларының назаррларына ұсынылған. Бұл малды ауылдың ең маңызды мәселелерінің бірі.
6. Кооператив мәселесі соңғы кезде орынды көтеріліп, оның нәтижесін көріп отырғандар бар. Қазақ қоғамы үшін бұл жат емес.
Ертай Айғалиұлы