«Ұлы дала жорығының» шабандоздары Ұлытау облысының аумағына кірді
Өткен сенбінің кешінде «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің шабандоздары Ұлытау облысының аумағына келіп кірді. Даланы дүбірге бөлеген марафоншыларды аудандық спорт бөлімінің мамандар Ұлытау ауданы, Алғабас ауылына қарасты «Айдар» қыстағында қарсы алды.
Ұлттық спортты, оның ішінде ат спортын дәріптеуді мақсат еткен марафон-бәйге биыл екінші рет ұйымдастырылып отырыр. Оған «еліміздің әр өңірінен 19 команда қатысуда. Шабандоздар 6 кыркүйек күні елорданың іргесіндегі Қаражар ауылынан үзеңгі қаққан еді. Олар 1 300 шақырым жол жүріп, 19 қыркүйек күні Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында тізгін тартпақ.
Сонымен, марафон-бәйгеге қатысушы тұлпарлар төртінші күні Ұлытау облысының топырағына табан тіреді. Ұлт ұясы атанған қасиетті Ұлытау жеріне алғашқы болып Астана қаласының шабандоздары кірді. Ұлттық спорттың жанкүйерлері бұдан соң Маңғыстау обылысының марафоншыларын қарсы алды. Ал, ақтөбеліктер мәре сызығын үшінші болып кесті.
– Бұл жоба жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақ халқы екенін дәлелдеп қана қоймай, қазақ жылқысының әлемдік аренада брендке айналуына септігін тигізеді деп білемін. Бүгін қатысушылар Ұлытау өңіріне де келіп жетті. Көпшілік мені өз өңірінің командасына ғана жанкүйер деп ойлайтын шығар. Мен қазақ жылқысының брендке айналып, шетелдерде мойындалғанын қалаймын. Сондықтан аттардың Түркістанға түгел жеткенін тілеймін. Осыған дейін біздің команда өзге қатысушыларға жол беріп, ортақ есеп бойынша үздік үштікке ілінбеді. Десе де, тұлпарларымыздың тұяғы туған жерге тиген соң, жоғары нәтижеге қол жеткізеді деп сенемін. Ұйымдастырушылар мен жорық қатысушыларына алғысым шексіз. Ұлт ықыласына бөленген жобаға әркез қолымыздан келгенше көмектесуге әзірміз, – деді Ұлытау облысы, Алғабас ауылының әкімі Әшімбек Мұқышев жобаның маңыздылығын айта келе.
Жалпы, бәйгенің төртінші күнінде Астана командасы топ жарып тұр, деп мәлімдеді жарыстың ақпаратын таратып жүрген баспасөз қызметіндегі әріптестеріміз. «17 команда Қарағанды облысы Талдысай өңірінен Ұлытау облысына таңғы сағат жетіде тізгін жіберген еді. Жорық бағдарламасына сәйкес 100 шақырымды бағындырып, төртінші кезеңнің мәресі Айдар қыстағында қорытындыланды. Осылайша, шабандоздар 4 күн ішінде жалпы 350 шақырым жолды жүріп өтті.
Төртінші кезең қорытындысы бойынша, Астана қаласы командасы жеңімпаз атанды. Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы мәре сызығына екінші болып келсе, ақтөбелік шабандоздар үздік үштікке енді.
Өкінішке қарай, төртінші кезеңді 3 атпен бастаған Шымкент командасы алғашқы 50 шақырымнан соң бір атының жарақат алуына байланысты төрешілер шешімімен жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі ереже бойынша команда құрамында кем дегенде 3 қатысушы болу керек. Сонымен қатар арғымақтарының ұзақ қашықтыққа дайын болмауының себебінен ШҚО командасы да додадан шығып қалды» дейді әріптестеріміз.
«Айдар» қыстағында аялдаған шабандоздармен сұхбаттасудың да сәті түсті. Астана командасының жетекшісі Кәдірбек Ілиясов биылғы марафон-бәйгенің жақсы дайындықпен басталғанын ағына жарыла айтты.
– Былтырғыдай емес, биыл жан-жақты дайындық жасалынғана көрініп тұр. Аттарға жем-шөп, дәрі-дәрмек, шабандоздарға ас-ауқат пен жатар орын оңтайлы шешілген. Қатысушылардың көңіл-күйі де көтеріңкі. Былтырғы жіберген еселерін биыл қайтаруға тас-түйін бекінген. Солардың бірі біз. Астана командасының намысын абыроймен қорғау біздің еншімізге тиіп отыр. Енді сол үрдістен көрінуге күш салудамыз. Бар шаба ма, бақ шаба ма демекші, бүгін біздің бағымыз жаным, бәйгенің төртінші күнінде бәсіміз жоғары болды. Енді соны уысымыздан шығармауға тырысамыз, – дейді ол.
Айтпақшы, Астанадан тағы бір команда осы доданы дүбірлетіп келеді. Ол «Ақмола облысының командасы» деген атпен шыққан кілеің бұрымды бойжеткендер. Қазір олар жарыстың бел ортасында, белсенділік танытып келеді.
– Қыздарымның бәрі жастайынан ат құлағында ойнап өскен. Екі қыз өзімнің балаларым. Екеуі солардың құрбылары. Бәрі бір ауылдан. Қыздарымның қазіргі беталысы жаман емес. Аттарын шаршатпай «алтын ортада» ат ойнатып келеді. Алла қаласа мәреге жақындағын кезде ат тізгінін жіберу ойда бар, – дейді команданың жетекшісі, әрі бапкері Сержан деген азамат
Орайы келгенде айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» әлемде жоқ республикалық марафон-бәйге. Бүгін осы бәйгеге еліміздің барлық аймағынан 100-ден астам шабандоз қатысуда. Марафон-бәйгенің ұйымдастырушысы Ғани Дүйшеновтың айтуынша, жорық барысын 2 халықаралық және 2 қазақстандық судья бағаласа, ал жол бойы аттардың жағдайын 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қадағалайды.
– Жорық 14 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 50 шақырым. Одан кейін 12 кезеңде 100 шақырымды жүріп өтеді. Шабандоздар соңғы 14-кезеңде тағы 50 шақырым жолды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Жорыққа Атырау облысынан басқа барлық өңірлердің командалары қатысып жатыр. Барлығы марафон-бәйгеге сақадай сай. Кеше аттар ветеринариялық тексеруден өтті, – деді Ғани Дүйшенов.
«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры. Жалпы, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясының, Туризм және спорт министрлігінің, «Аманат» партиясының және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтіп жатыр.
Хоош. Сонымен марафонның төртінші кезеңі Ұлытау жерінде түйінделді. Шабандоздар әлі екі күн Ұлытау облысының аумағын дүбірге бөлейтін болады. Олар жексенбі күні таңғы жетіде Алаша хан мен Жошы хан жатқан аймаққа аттың басын жібереді. Бұл бесінші кезеңге Абай, Қызылорда, Түркістан командалары 4 атпен, Ұлытау мен Павлодар командалары 3 атпен шықы. Қалған командалар құрамы толық. «Айдар» қыстағынан шыққан 15 алғашқы 50 шақырымды еңсеріп Алғабас ауылында тізгін тартса, түскі астан соң Алғабастан Алаша Хан кесенесіне дейінгі 5-кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындырады. Марафтншылар одан әрі «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінде аялдайды.
Ізтай Белгібайұлы.