ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ
Дарабоз суреткер Әбіш Кекілбайұлының туғанына 85 жыл
Қазақ халқы ешқашан таланттан кенде болмаған. Қазақтың киелі топырағы небір дарындардың шабытына қанат байлап, өр рухын тасқа қайрап, кең өлкесінен қияға ұшырған. Туған жерінен қуат алған арда ұлдары, әлемге қазақтың атын шығарып, ұлы даланың ұранына айналған. Соның бірі, бір емес-ау, бірегейі Әбіш Кекілбаев еді.
Ол көзінің тірісінде-ақ абыз атанып, жазушылық жолында қаламына адал болып, елі мен жерінің өткен тарихын, қазақ халқының болмыс-бітімін ақ қағазға айнытпай түсіріп, мемлекеттік ірі қызметтерде қазақ халқының рухани дамуына да көп үлес қосты. Оның зор еңбегі мен әдеби таланты ұлттың рухани жаңғыруына жол ашты. Әбіш Кекілбайұлының шығармалары қазақ әдебиетінің қазынасын ғана емес, сонымен қатар әлемдік әдебиеттің де қатарын толықтырды. Қазақ әдебиетінің дамуына орасан зор үлес қосқан заңғар жазушының есімі еліміздің мәдениетінде өшпес із қалдырған тұлға ретінде қалары сөзсіз. Дарабоз суреткер үшін рухани кемелділік – ар тазалығы, сезім шынайылығы, мұрат тұрлаулылығы болды. «Арлы адам – ең күшті адам. Өйткені ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсұнбайды. Сондықтан да оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, өкінішті болуы мүмкін емес» деген ойға шүбәсіз берік еді. Әбіш – қазаққа ортақ тұлға. Қазақстанның қай аймағы да Әбішті өз ұлдарындай сүйді, құрметтеді, мақтан тұтты. Суреткердің өзі де қазақ даласын жанындай жақсы көрді, әр өңір оған өзінің туған топырағындай, асыл тұмарындай көрінетін. Сондықтан болса керек, тұтас қазақ тарихын, оның өткен өмірін терең білетін сұңғыла еді. Кезінде еліміздің Парламент Сенатында қызметтес болып сыйласқан, бүгінде кемеңгер Кекілбаевқа арналған мерейтойлық игілікті істердің бастауында тұрған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заңғар жазушының 80 жылдық іс-шарасының шымылдығын ашқан сөзінде қайраткер қаламгердің тұлғасына риясыз баға беріп, «Әбіштану енді басталды» дегені ел есінде. Содан бері де, әрі де ұлы тұлға Әбіш есімі ел жадынан бір шыққан емес. Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев желтоқсан айының 6-сы күні 85 жасқа толмақ. Қазірдің өзінде еліміздің түкпір-түкпірінде Әбіштей марқасқа ұлдарын еске алу іс-шаралары өтіп жатыр. Құран бағыштап аруағын разы етіп жатқан ағайын да көп. Көзін көрген азаматтар, соңынан ерген іні-қарындастары естеліктер айтып, ақындар жырдан шашу шашуда! «Qazaqstan dauiri» газеті де ұлы Әбіштің 85 жылдығына орай арнайы бет арнап отыр. Онда ізгі тілектер мен естеліктерге орын берілмек! Газет ұжымы тарапынан айтар уәж: Ұлы тұлғаның мерейтойы қарсаңында Ел Президенті айтқандай, келер ұрпаққа «Әбіштану» кеңінен насихатталса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі Әбіштер күнде дүниеге келіп жатқан жоқ.
*Әбіштің жолы – мейірімнің, өнегелі тірліктің, ұлттық ұстанымның, өркениеттік сана мен тылсым тарихтың, еңбек пен білімнің патшалығына апаратын жол. Әбіштің әлемі – адамзат аңсап жүрген рухани жұмақтың әдебиеттегі тұнбасы!
САБЫР АДАЙ
Жаһанның жарық жұлдызы
Жер түбінде бір аймақ – Маңғыстау деген Түбек тұр,
Үркерге басын сүйеп тұр, үрлеген самал үдеп тұр.
Көк түбінде көзайым, жеті қат аспан тербеген,
Күн менен талас көргенге, Әбішке біткен жүрек тұр.
Жүрек тұр анау ғарышта, тілегін тілеп елінің,
Ағаларым құлақ түр, тілектес болсаң кел,Інім!
Көшкен бұлтта – өмір бар, сары сағым – сағыныш,
Ботасын іздеп боздаған даланың қара желінін.
Ыңырсыған дала тұр, толғағы тоқсан түйін бе?
*Нұрымнан қалған жырым ба, *Абылдан қалған күйім бе?
Әбішті туған бұл халық, әріден ойлап тон пішер,
Не айтамыз біз байғұс алқалы топ, дүйімге?..
Жаратушы бір Алла! Өлеңім — күміс сандығым.
Жатырсың ба Қаранар, жасырып өткен жан мұңын.
Дүние тегіс, күллі әлем, көмейің қоңырау, тілің бал,
Сіздей — ақ болар әулие — айтып өткен барлығын.
Көмейіңде мың бұлбұл, кеудең бір кербез ,қия шың,
Ақ парақтың кеппеген көзіммен іштім сиясын.
Дананың жолы -даңғыл-ды, Тәңір алды біз көндік,
Сөйтіп жүрген ағаны өлімге қалай қиярсың.
Лүпілдеген ақ жүрек, нұрланған дидар, кемелім,
Бекетке сүйеп арқасын, ен жайлаған ел едім.
Жан ағам Әбіш барында жан түспеген алдыма,
Жүк көтерген нар едім, қайыспайтын бел едім.
Қазаққа біткен зергерім, тылсымға салған тамырын,
Жаныңмен сүйдің жан аға, сәулелі күннің жарығын.
Алладан бұйрық болған күн кім қалар дейсің жалғанда,
Сыйғызар сосын ғаламды қауызына тарының.
Әбіштің аты – мейірім, кеңшілік пенен даналық!
Ұсынып жүрді қолымен: У бергенге, бал алып.
Дүние деген – бір көкпар, тағдырың талау – көксерке,
Иттің тісі балақта, жау жағалар жаланып.
От пенен суды көп кештің, жә, жақсы, бәрі өткен-ді,
Адамзаттың Әбіші — шалқыған көңіл көктем-ді.
Парасат пенен пайымдап, қазиналы көп тарих,
Ұлтқа біткен ұлы жол: Сен сөйлесең өктем -ді.
Ойшылдар басын иетін: «..Айтқан сөзі нақ!..» -десіп,-
Дәуірге біткен білімдар, маңдайға біткен бақ» — десіп.
Таңдайыңнан сорғалап ақ уыз тілі — Қазақтың,
Әуезің сенің бейіштен, әлдилеген ақ бесік.
Жұлдызың көктен әріде,қайырлы болсын қадамың,
Қайырып көрген жан емес,жақсы мен жастың талабын.
Күреңітсең бұлт едің, күндескен жаудан сырт едің,
Көз жанарың боталап, мінезіндей баланың.
Бейбіт күннің бесігін тербеткенің тектілік,
Тыныштықтың тұмарын биязы сөйлеп кетті іліп.
«Сабырдың түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа..»,
Көтеріліп шаппады «көрінгенді» еп біліп.
Боз жусанды Маңғыстау, бетеге бойлы белесім,
Ғалымның хаты өлмейді, тірілер басқа не десін…
Әр кеудеде – бір ғалам, дүние – дүбір, шырғалаң,
Желкендеп жүр, желігіп, *Нухының зайыр кемесін.
Қаратаудың бойында шөккен де нардың құмы бар,
Қара бұлттың ішінде қайғы мен шер, мұңы бар.
Шағылдың бойы ақ парақ,тоңазып жүрсең кел бізге,
Әбіштің аппақ ізі бар, біліп қой, қалқам, мұны да ал!..
Жаһанның жарық жұлдызы – Әбішім, Темірқазығым!
Он екі перне, қос ішек, жаныңның жұмбақ сазымын.
Салауат – сауап, дұғадан, Халық пен Хақтан — мың алғыс,
Алашқа біткен абызым!
САБЫР АДАЙ
Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Президент сыйлығының иегері, Құрмет орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
Ескерту:
*Әбіш -Әбіш Кекілбайұлы
*Нұрым – Нұрым Шыршығұлұлы
*Абыл – Абыл Тарақұлы
*Нухы – Нұх пайғамбар